Қытайлықтар Ақмолада өндіріс ошағын салғысы келеді
Облыс әкімі С.Кулагин Қытайдың Шэньси азық –түлік және агроөнеркәсіптік тобының бас директоры Хан Вэй бастаған делегацияны қабылдады деп,- хабарлайды Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шэньсиліктерді жылы қабылдаған облыс әкімі С.Кулагин, бұл кездесу барлық бағыт бойынша, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында екі жақты әріптестікті жандандыруға мүмкіндік туғызады деп бағалай келе, өңірдің әлеуетін таныстырды.
-Ақмола өңірі жоғары сапалы бидай өсіреді, өнімді өңдеу де жолға қойылған. Былтыр 4,6 млн тн астық жинадық. Оның 2 млн. тоннасы экспортқа шығарылды. Бізде әр жылы еркін сатылатын 3,5 млн. тонна астық айналымда болады. Үстіміздегі жылы Қытайға 600 тн астық сатылды. Келесі жылы өсетін болады. Биыл 4,7 млн га алаңға дән себіледі.Біз сіздерден химяилық өнімдер, гербицид, пестицид алып отырмыз. Біздің мақсатымыз –сіздерден қолдау болса мал шаруашылығын өркендетуді қолға алғымыз келеді. Жуырда бізге жылу электр станциясын салу ұсынысымен қытайлық компания келді. Ұсыныс қаралып жатыр,-деген әкім қытайлықтарды тыңдауға көшті.
Шэнсьси агроөнеркәсіп орнының өкілі Хань Вэй өз мекемесінің өсу жолдарын бейне көрініспен таныстырып, өз тәжірбиелеріне сүйеніп Ақмола өңірінде дәнді және майлы дақылдар өңдейтін кәсіпорын салғылары келетінін жеткізді. Бұл компания жылына 1 млн. тонна дәнді дақыл өңдеп, 900 млн. доллар табыс табатын қытайдағы іргелі 50 кәсіпорынның ондығына кіретін өндіріс ошағы екен.С.Кулагин қытайлықтар ұсынысына төмендегіні келтірді:
— Жерді жеке меншік иелері 9 – 40 жылға дейін жалға алып, игеріп жатыр. Шетелдіктерге 25 жылға жалға беру мүмкіндігі бар. Жалға алушы жеке және біріккен кәсіпорын болып жұмыс жасауына болады. Өңірдің жері әр түрлі. Инвестордың өз қаржысымен келгені дұрыс. Біздің мақсат бос жатқан жерді игеру. Қандай жер алуды өздеріңіз аралап көресіздер. Жер алу тәртібін тиісті басқармалар таныстырады.
Әкім сөзінен соң облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина жерді жалға беру тәртібін қытайлықтарға түсіндірді. Қытайлықтар Сандықтау, Жақсы аудандарының жер жағдайымен танысып, өңірдегі тауар өндірушілермен кездесті. Олардың сапары өңірде әлі де емін-еркін жалғасуда.
Дахан Шөкширұлы Жәмші
Суретте: Қытай делегациясы Ақмола облысының әкімі С.Кулагиннің қабылдауында.