«Қыз баланың тәрбиесін қолға алумен бесігімізді түзейміз»
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында адамзаттың жаратылыс сыйлаған биігінен түспеудің, пендешілік төмен пейілден алыстаудың жолдарын көрсетті. Ұлттық сана, прагматизм, білімнің салтанат құруын талдай келе, туған елдің кешегісін ескеріп, ертеңіне оң бағыт алатынын айтты. Бабалардан қалған асыл мұрамызды қастерлеп сақтаумен, кең қолданумен ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, ұлттық болмысымызбен келешекке қадам басарымыз анық. Қалың халық ішінде Ұлт Көшбасшысының бағдарламалық мақаласын насихаттау іс-әрекетімізбен жүзеге аспақ. Осы тұрғыда Жамбыл өңірінде үлгілі іс атқарып жүрген жас психолог Ләззәт Мырзашпен сұхбаттасып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Ол өз бетінше еңбектенген ғылыми жобасымен жуырда Түркияның Стамбұл қаласында Ұлт азаттық көтерілістің 100 жылыдығына орай 16-17 қазан күндері өткен Халықаралық симпозиумына қатысып келді.
–Ләззәт, психолог ғана емес, бала тәрбиесіне алаңдаған қоғам белсендісі ретінде көпшілікке таныссыз. Қоғамдық шараларға қатысуға сізді біреу міндеттей ме немесе шақыра ма?
–Жоқ, ешкім де шақырмайды, тапсырма беріп міндеттемейді. Мен де елімнің ертеңіне алаңдаған жас азаматшалардың бірімін. Өткен жылы облысымызда дүние есігін енді ашқан сәбиді жолға лақтырған, әжетханаға тастап кеткен ауыр жағдайлар орын алғанын әлі ешкім ұмыта қоймаған шығар. Бәріміздің жүрегімізді ауыртып, жағамызды ұстатқан болатын. Сол қасіретті жағдай менің де жаныма аяздай батып, тыныш отырғызбады. Облыс әкімдігінің жастар саясаты және мәселелері басқармасына барып, сол кездегі басшысына өңіріміздегі барлық білім беру ұйымдарындағы жас қыздармен психологиялық кеңесөткізуге ықпал етуін өтіндім. Ол кісі ұсынысымды қабыл алып, қасыма облыс әкімдігінің кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысын, облыстық орталық мешіттің жанындағы медресенің ұстазын, Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысын және облыс әкімдігінің білім басқармасының бір өкілін қосып, 21 колледжге кездесу ұйымдастырып берді. Колледждерде болған кездесуге бойжеткендер өте белсенді қатысты. Көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өте жақсы деңгейде, қызу пікірталаспен өтті. Сондағы қойылған сауалдарға қарағанда, біздің қазіргі жастардың рухани аш екені анық байқалды. Көп сұрақтар медресе ұстазы мен психолог ретінде барған маған қойылды. Кеңесуге бағытталған кездесуіміздің ашық та қызықты өткені соншалық, студенттер «тағы дакелсеңіздер екен…» деген ұсыныстарын айтты.
Сол кездесуден кейін облыс әкімдігінің жастар саясаты және мәселелері басқармасының мамандары мені мобильдік топқа қосып, күйзеліске түскен оқушы қызбен жұмыс істеуге шақырды. Бірнеше рет суйцидке барған оқушы қыз ешқандай мамандармен, психологтармен байланысқа түспей, өзін-өзі жұлып, жалғыз өзі тұйықталып қалыпты. Қуанышқа орай, менімен жақсы сөйлесті. Түрлі психологиялық жұмыстар жүргізіп, күйзелісті күйінен арылуға септігім тиді. Кейін анасынан мектебіне барып, сабақтарына қатысып, ойын өзгерткенін естіп, қуандым.
–Сөзіңізге қарағанда көбіне қызбалалармен жұмыс істейтін сияқтысыз, неліктен?
–Алдымен өзім де қыз баласы болғандықтан дер едім. Сосын, бізге қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән беру керек. Себебі, бүгінгі балауса қыз – ертеңгі ана, ұрпақ жалғастырушы және шаңырақтың шырайын ұйытар келін. Байсалды, салиқалы, парасатты әйел адам еріне мойынсұнып, оны құрметтей отырып, шалыс қадамға бармауына ықпал ете алады. Және үйдегі балалардың тәрбиесімен де тікелей ана айналысады емес пе?! Домалақ ана, Айша бибінің бүгінгі ізбасарлары сол апаларымыз бастаған ізгі жолдан адаспаса, ұлтымздың болашағы баянды боларына бек сенімдімін.
–Қазір облыс әкімдігінің оңалту орталығында инспектор психологы қызметінатқарып жүр екенсіз. Бұл орталыққа жат ағымға ілескендер өздері келе ме?
–Жергілікті учаскелік инспекторлар жат ағымға ерген азаматтарды байқаса, бізге тұрғылықты жерін анықтап, хабарлайды. Сол бойынша орталықтың мамандары бірігіп үйіне іздеп барып, сөйлесеміз. Көп кісілер сөйлесуден бас тартады. Әрине, жеке азаматтың құқына қол сұға алмаймыз, сөйлесуге мәжбүрлемейміз. Бірақ, біз онымен тоқтап қалмай, қайтадан барамыз. Қайткен күнде де ол кісімен жақын сырласуға жол табамыз. Осындайда психологерекше рөл атқарады. Сөзге сараң, «тек өзімдікі жөн» деп білетін тоңмойын мінезді жібітіп, тілтабысуға күш салу керек.Және аудандарға, ауыл аймақтарға шығып, ондағы ел-жұртпен кездесіп, кеңесеміз. Жеке мәселесімен психологтың көмегіне жүгінгісі келгендермен де жеке жұмыс істеймін. Ауылдарда діни білімнің жоқтығынан түрлі ағымдардың үгітіне сеніп, алданып жүргендер жетерлік. Соның салдарынан оқуын тастап кеткендер де бар. Нәтижесінде бірқатар жастарымыз білімнен де, діни сауаттан да құр қалған. Міне осындай қыз балаларды кездестірдім. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді Мұхтар Әуезов. Ал, бесік пен әлемді тербететін ана екені бәріне белгілі.
Бұдан бөлек Тараз қаласындағы облыстық орталық мешітте, Кеңесхан мешітінде және Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада әйел азаматшалармен кездесулер өткізіп, психологиялық тұрғыда жұмыс жүргіземін. Отбасы, бала тәрбиесі жайында тренингтер өткіземін.
–Өзіңіз жеке психолог ретіндеде көмегіңізге жүгінгендерді қабылдайсыз ба?
–Иә. Өзімнің мамандығымды терең меңгеріп, кәсіби біліктілігімді арттыру үшін психологиялық кабинетімді тәжірибетүрінде ашқанмын. Ол бөлмені жалға алып отырғандықтан, әр келушіден 3000 теңге ақы аламын. Ал, ақы төлеуге жағдайы келмейтіндерге тегін көмек көрсетуге де дайынмын. Шүкір, көмегіме жүгініп келгендердің жанын қинаған үрейден, күйзелістен, ішімдікке, нашаға тәуелділіктен арылғандарын естіп, қуанамын. Тек бір қиыны – есірткіге, ішімдікке тәуелді болып кеткендердің өздері емес, көбіне анасы немесе келіншегі келеді. Сондықтан жұмыс барысы ұзаққа созылып жатады. Есірткіқұмарлыққа салынған жиырмадағы жігіттің жағдайын айтып, алдында анасы келіп жүрді.Кейін сол жігіттің өзі келіп, менімен ашық пікірлесіп, ішкі жанқиналысымен бөлісіп, шүкір азабынан айықты. Мұндайда өзім үлкен күресте жеңіске жеткендей қуанамын.
–Байқауымызша, сіз ылғи да ұлттық нақышта өрнектелген қамзол киіп жүресіз. Оны арнайы тіктіресіз бе?
–Иә, ұлттық үлгіде киінуді жаным сүйеді. Себебі, біздің ұлттық киімдеріміз түрлі ою-өрнектерімен, безендірілуімен, әуретті жауып, жүріп-тұруға ыңғайлы тігілуімен өте сәнді. Және бүгін жарқ етіп шығып, ертең сәннен түсіп қалатын батыстан жеткен киім-көншектерден әлдеқайда сапалы. Біз шетелден жеткен сән деп иығы жоқ көйлек, жыртық шалбар, денені қысқан тар киім киюге ұялмаймыз да ұлттық киіммен көшеде жүруге тартынамыз, неге? Мені осы сұрақ мазалайды. Мүмкін, ұлттық киімімізді бәріміз кеңқолданысқа енгізсек, оның насихаты да артар еді. Киім де ұлттық мәдениетіміздің, құндылығымыздың бірі. Үнемі өз ұлтымыздың нақышында киінумен әлем жұртына қазақ халқының талғамы жоғары, сұлу екенін таныта аламыз. Егер тарихқа үңілер болсақ, небір шетелдік этнолог ғалымдар біздің киім-кешегімізге тәнті болғандарын жазды да емес пе?! Өз мамандығымды сүйетіндіктен адам жанын зерттеумен қатар, өз ұлтымның құндылықтарын терең біліп, одан ары дамыту ісі де қатты қызықтырады.
–Жақында Түркияда өткен Ұлт азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған Халықаралық симпозиумға қатысып келіпсіз. Ол конференцияға қатысуыңызға не себеп болды?
–Иә, «1917 жылғы Қазан төңкерісінің Жүзінші жылында Түрк әлемінде Тәуелсіздік пікірі мен саяси қозғалыстар» халықаралық симпозиумына ғылыми мақала қабылданатынын естіп, өзім зерттеп жүрген «Кеңес төңкерісінің Қазақ Ұлттық бірегейлігінің қалыптасу үдерісіндегі орны» тақырыбндағы мақаламды жіберген болатынмын. Ондағы ұйымдастырушыларға жобам ұнап, мені де шақырды. Барып-келу жолақысы, қонақ үйі секілді барлық шығындарды өздері көтеріп, Стамбұл қаласында 16-17 қазанда өткен Халықаралық симпозиумға қатысып келдім. Мені ұлттық рух, ұлттық психология қатты қызықтырады. Осы тақырыпта көп ізденемін. Мысалы, сол қазан төңкерісі біздің ұлтта бірегейлікті танытты, қалыптастырды. Біздің халықта қасиет пен қасірет деген бір-біріне қарама қарсы ұғым бар. Қарап отырсаңыз, қасіретті оқиғалар халыққа қасиетті дүниелерді сыйлаған. Мысалы айталық, Тәуелсіздігімізді алуға себеп болған Желтоқсан оқиғасы біраз қасірет шектірді. Есесіне «Ел егемендігі» деген қасиетті бақытқа ие етті. Сол секілді, Қазан төңкерісі де қасіретті болоғанымен біздің зиялыларымыз Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин секілді тұлғалардың қазақ қоғамында пайда болуына әсер етті. Менің бакалаврлық дипломымның тақырыбы – «Аффекті жағдайындағы қылмыстық жағдай». Сол аффекті жағдайын ұлттық рухты зерттеудегі жұмысыма да қолдандым. Аффекті деген эмоциялық күй, яғни адам көңіл-күйінің кенеттен өзгеріп, әсерленуі. Яғни, қоғамдағы көптеген келеңсіздіктерден, әділетсіздіктерден халықта толқу пайда болған. Сол толқу эмоциялық жарылысқа әкеп соқтырады да халық ішінен елінің мұңын жырлап, билікке жеткізетін тұлғалардың пайда болуына әсер еткен. Мысалы, Кикі батыр, Амангелді Иманов, Тоқаш Бокиндер жүйелі түрде халық арасында көтеріліс ұйымдастырған жоқ. Әр қайсысы өз жерінде халқының сөзін сөйлеп, топ жарып, бас көтеріп шыққандар. Демек, патша үкіметінің әділетсіздіктері халық ішінде жарысылыс туғызып, біздің қоғамда белгілі бір зиялы қауымды дүниеге әкелді.
Мысалы, «Айқап» журналы сол Қазан төңкерісіне дейін жарыққа шықты. Ол да біздің тілдегі «Ай, қап…» деген өкінішті білдіретін одағай сөзден туған. Яғни, мұнда да халықтың билік тарапынан орын алған озбырлыққа төзбей, ішкі қарсылығын білдіргенін байқатады. Осындай биліктің әділетсіз қыспағы халық ішінен талабы бийік, ой-өресі зерек зиялы азаматтарды қалыптастырды. Мен Ұлт азаттық көтерілістің осындай жақтарын зерттеп, дайындаған мақаламмен Халықаралық симпозиумда өз баяндамамды жасадым.Біздің елден белгілі тарихшылар Светлана Смағұлова, Тұрсын Жұртбай арнайы шақыртумен барды. Өзге де түркі тілдес елдерден осындай ең белгілі ғалымдар келді. Солардың ішіндегі ең жасы мен екенмін. Дегенмен, дәлелді түрде баяндаған жобамды үлкен ғалымдар тыңдап, өз пікірлерін қосты. Ол жиынға әдебиетші, тарихшы ретінде қатысқан жоқпын. Мендегі мақсат – ұлтымның ертеңін танып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, болашаққа баянды бағыт алуына титтей де болса, үлес қосу. Осындай ойлар жаныма маза бермеген сәттерде ішкі дауысымды сыртқа шығаруда қағаз-қаламның көмегіне жүгінемін. Өлең жазумен ішкі арпалыстарымды жеңуге тырысамын.
Қамар Қарасаева.