ҚЫЗ БАЛАСЫН ТЕППЕ

VIII ғасырда өмір сүрген түркі халықтарының ұлы ойшылы – Қорқыт бабамыз қырық жыл өлімнен қашыпты. Ажалға айла таптырмай, ұзақ жасапты. Өлімге себеп болар барлық апаттың алдын алып, аралда қобызын зарлатып отырады екен. Оған шәкірттері тостақпен ас әкеліп тұрыпты. Бір күні қарақұрт тостаққа жабысып аралға өтіп кетеді. Қорқыт ауқаттанып отырғанда қарақұрт башпайын шағып алады.
Қорқыт қарақұрттың уынан ісініп, дірілдеп, жаналқымға келеді. Соңғы демі үзілер шақта шәкірттеріне:
-Мені кебіндеп жерлегенде сол аяғымның башпайларын көмбей, сыртқа шығарып қойыңдар, – деп өсиет айтады.
Шәкірттері:
-Баба, неге олай дейсіз? – дейді.
-Себебі, бозбала шағымда сол аяғымның башпайы қарындасыма тиіп кетіп еді. Қарындасына қолы, не аяғы тигендердің көрдегі азабы қатты болады. Осы қателіктің өкініші өзекті өртеп кетті. Көмілмеген аяғым кейінгі ұрпаққа өнеге болсын. Қыз баланы ұрып-соқпаңдар. Құдайдың қаһарына ұшырайсыңдар, – деген екен.