ҚЫЗ ТІЛЕГІ МАҚПАЛ НЕМЕСЕ АПАСЫ БАРДЫҢ?………

Байқасаңыздар, қазақтың қызындай бауырмал жан жоқ шығар мына жалғанда. Бауыры үшін от пен суға түсуге дайын, тіпті жаны солардың үстінде.
Ақиқатқа айналған мына аңыздың астарында үлкен мән жатыр түсінген адамға. Жаугершілікте қолға түскен адамдарды дарға асуға бұйрық береді қаһарлы хан.
Дардың жібі үш адамның мойнына бірдей ілінгенде, “ДАТ” тақсыр деп орамалы жалбыраған әйел ханның алдына жүгінеді.
Ау, хан ием бірі балам, бірі байым, бірі бауырым еді. Құдай тілеуіңді берсін, жандарына сауға сұраймын-депті.
Ақылды хан бір тілегіңді берейін, таңдау өзіңнен болсын-деп әйелге рұқсат береді.
Мейірімді әйел сонда, бай жолда болғанда, бала белде емес пе? Әке-шешем қартайды, енді маған бауырды кім тауып береді. Бауырымды таңдадым хан ием-деп әңгімесін шорт кеседі.
Әйелдің бауырмалдығымен мәртігіне ырза болған хан, мына жағдай елге үлгі болсын-деп “ЖАРЛЫҚ” шығарады. Үшеуінің де жанына сауға беріп, өлтірмейді.
“Қыз тілегі мақпал”- деген. Құдай қыздың ықыласы үшін анау үшеуін де ажалдан арашалап тұр-ау.
Үйіне барғасын байы мен баласы бізді таңдамадың бауырыңа бар енді-деп біраз қырғын шығарған да шығар. Кім білсін?
Сол айтпақшы, қазақтың әр әулетінде бауырлары үшін жанын беретін бір қыз болады.
Әркім, өз тарихынан күй шертеді-демекші.
Атамыздың бәйбішесі он сегіз құрсақ көтереді. Содан жалғыз ХАНШАЙЫМ апамыз тірі қалады.
Өмір өтіп жатыр. Артынан шежірені жалғастыратын, із қалдыру керек. Бір ұл перзенттің тырнағына зар болған атамыз, тоқал алуға шешім қабылдайды.
Тоқал алайын десе, үйдегі бәйбішеден туған қыз бойжетіп отыр. Екі әйел, бір қыздың бір үйде басы піспейтіні бесенеден белгілі.
Әңгіменің қысқасы, атамыз бойжеткен қызын ұзатып, үйге екінші әйелін кіргізеді ғой. Екінші әйелден менің әкем өмірге келеді.
Құдайдың құдіреті, тоқалдан туған ұлды бәйбіше бауырына басады. Елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған кемпірдің мейірімі оянып, омырауынан сүт шығады. Әкем тоғыз жасқа келгенде, әкесі дүниеден өтеді.
Айтқым келгені, жетім бала мен жесір кемпірлердің ауыртпалығы Ханшайым апама түседі. Отын-суын, киім-кешегін, тамағын реттеу де оңай нәрсе емес, қыз балаға.
Әуелі Алла, онан соң Ханшайым апамыздың арқасында бауырлары да жетімдік көрмеді. Іні-сіңілілеріне деген Ханшайым апамыздың ықыласы ерекше болатын. Екі қатыннан тудық-деп бөле жармайтын. Бауырларыда апалап, Ханшайым апамыздың алдын кесіп өтпейтін. Айтқаны заң болатын.
Ондай қыздар әр әулетте бар. Бір қыздың бауырмалдығын, әр әулет, бір кітап тарих қылып жазса болады.
Бүгінде қазақтың қаншама қызы ата-анасы үшін, бауырлары үшін, тұрымыс құрмай, бастарын бәйгеге тігіп жүр. Сол қыз, апаңыз болсын, қарындасыңыз болсын, бауырмал ықыласы үшін Сіздер де одан барыңызды аямаңыз.
Ең болмаса еңбегінің еленгенін, жүрегімен сезіп, бір марқайып жүрсін, сол бір аяулы жан…….
Сіз өз әулетіңізден қай апаңызды айтар едіңіз?………
МАҚСАТ СҚАҚОВ.