Қызай атауы туралы…
Қызай тарихына қатысты әңгімені жалғастырамын деп оқырманға уәде беріп едім. Осы жолы «Қызай» атауы қайдан шықты деп бірді-екілі жорамалды қарастырайық. Біріншіден, Доспер ақынның «Есенкелді батыр» поэмасында жырланатын нұсқаға жол берейік:
«Қызайдың тарихы» деп сөз бастайын,
Сынасын сыншылары жас талаптың.
Жататын ұлы жүзге үйсін қандай?!
Үйсіннің туажаты-Бәйдібек бай.
Күнбүбі-Бәйдібектің күндей қызы,
Атанған кейін келе анам Қызай.
Кіреді орта жүзге найман елі,
Найманның туажаты Матай еді.
Матайдың шөбересі Шағыр ерге,
Бәйдібек тойын жасап, қызын берді.
Шағырдың жан жұбайы Қызай анам,
Тарихтан естуімше былай анам:
Жасынан шарапатты болған үшін,
Әлемге аты шығып болған аян.
Ол дәуір ХҮ ғасыр екен,
Білмеймін ортасы ма, басы ма екен?
Өз аты ерден бұрын ерек шыққан,
Басқадан шарапаты басым екен.
Мекені «Қызай тауы» атаныпты,
Ұрпағы сонда өсіп жатыр екен.
Алтайдан арғы Алатау, Бота, Мойнақ,
Сол жерге Қызай тауы жақын екен.
Соныменен халықтық этимологияға қарасақ Қызайдың бабасы Шағыр Үйсін атасы Бәйдібектің Домалақ ене атты тоқалынан туған Күнбүбіні алды дейді. Қызай арасындағы әңгімелерде «бабамыз Қызай анамызды шапқыншылықта алған екен, кейін Бәйдібек атамыз тойын жасап, жасаулап берген» дейтін де әңгіме бар. Күнбүбі ақыл-мінезімен жұртқа жағып, туыс-жақындары «Қызай» деп атап кетеді. Осы себепті одан өрбіген, өскен ел де «Қызай» аталады-мыс. Бұл нұсқа ғажап деректер береді, бірақ уақыты жағынан жаңылыстық бар. Шын мәнінде Бәйдібек ата бертіңгі заманның адамы емес. Қызай арасындағы Бәйдібек ата, Домалақ ене, оның жаудан айламен жылқыны қайтарып алуы сияқты әңгімелер Ғұн -Үйсін заманындағы күрделі қарым-қатынастарға бастайды. Шағырдың атасы Аталық еді деген әңгіме Қызайдың арғы аталарының Ғұн саяси құрылымына қатысы болғандығын дәлелдейді.
Қызай атауының шығу тегіне қатысты екінші жорамал бізді Ғұн мен Үйсіннен де әрі бастайды. Бұл ұлы даланы біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықта билеп- төстеген арилер заманы. Француздың атақты тілші ғалымы Эмиль Бенвенист қызай ( xsay) атауы Үндістан, Иран мен Шығыс Түркістанда (Хотан) патша билігі деген мағынада сақталды дейді. Осыған қарғанда Ариан көші үш бағытта қатар жүрген -бірі Үндістан, бірі Иран, бірі -Шығыс Түркістан. Қазақтың қызайлары осы үшінші көштің құрамында болды ма деген жорамалымыз бар. Не де болса, енді Эмиль Бенвенист кітапшасынан «Xsay- и царская власть в Иране» деген тараушасын оқып көрейік: «Иран представлял собой империю, и обозначение самодержца там не имело ничего общего с латинским- rex. Царская власть обозначена персидским титулом xsayatiyа; титул определяет самодержца как лицо, обладающее царской властью xsay…
Жамбыл Артыкбаев Фб парақшасынан