Қыздың құны немесе қалыңмал қызды сату ма, әлде салт дәстүр ме?
Қалыңмал-қазақ халқының бұрыннан келе жатқан салты. Байырғыда қалыңмал ірі қарамен белгіленген болса, қазіргі кезде қаржылай сипатқа ие болғаны белгілі. Ал қалыңмал бүгінде беріледі ме? Қалыңмал немесе қыз кәдесі қазір қанша? Қалыңмалдың тарихы қашаннан басталады? Шариғат бұған не дейді? Қалыңмалға деген халықтың көзқарасы қандай? Қызды сату ма , әлде салт-дәстүрдің сақталуы ма? Аталған сұрақтарға Қамшы ақпарат агенттігінің журналисі жауап іздеп көрді.
Қалыңмал деген не? Қалыңмалды кім төлейді?
Қалыңмал – әке-шешеге ұзатылар қыздың жасауына кіретін төсек-орын,кілем, текемет, сырмақ, әшекей бұйымдар – алқа, сақина, сырға, білезік, өңіржиек, балдақ, қобдишасына қояр – иіс су, тарақ, ине жіп, жуалдыз, оймақ, сандығына салар – сәукеле, салы, орамал, қарқара, бүрмелі көйлек, етік, кемер, камзол, желбегей, шапан, камшат бөрік т.б әйелге қажетті заттарды дайындау үшін берілетін төрт түлік мал мен әртүрлі бағалы дүниелерді айтамыз. Ал бүгінгі таңда қалыңмал өзінің мазмұнын сақтағанымен, заман талабына сай біршама өзгеріске ұшырады. Қалыңмал үрдісін жоғалтпаған өңірлерде үй жабдығына кіретін жиһаздар – кебеже, диван, төсек-орын, тұрмыстық техникалық құрылғылар – теледидар, шаңсорғыш, тоңазытқыш, майда толқынды жылытқыш, ыдыс-аяқ т.б бұйымдарды әзірлеу үшін қалыңмал төленеді. Осы тұста еліміздің кей өңірлерінде қалыңмал беру үрдісі сақталмағанын айта кеткен жөн.
Қалыңмал қашан пайда болды?
Қалыңмал ұғымы «Жеті жарғы» заңдар жинағында да көрсетілген. «Жеті Жарғы» заңында қалыңмал өлшемі әлеуметтік топтардың дәрежесіне қарай белгіленген. Мысалы, «бас жақсы» – қалыңмалдың ең жоғарғы шегі саналған. Бәйге мен көкпарда бас жүлде алып жүрген сәйгүлік, берен мылтық, құрыш сауыт, атан түйе немесе күшті дуылғалы қара нар енген. «Бас жақсы» қалыңмалын төлеу көбінесе дәулеті шалқыған ауқатты отбасылардың арасындағы неке қатынастарында орын алған. «Қырық жеті», «отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті» өлшеміне қара мал саны кірген. Ал, «дөңгелек қалыңмалға» он бас қара мал кірген. Бұл – әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасылардың арасындағы қалыңмал өлшемі саналған.
Шариғат бұған не дейді?
«Қалың мал қазақ халқы ислам дінін қабылдамай тұрып көшпелі елдің қолданысында болған. Кейін ислам дінін қабылдағанда қалыңмал шариғаттағы мәһір реңкін (трансформация) алып, неке шарттарының бірі ретінде қабылданған. Жалпы, қалыңмалды шариғатттағы күйеу жігіттің қалыңдығына беретін мәһір-сыйы деп есептеуге болады. Себебі, мәһір – әйелдің күйеуінен алған сыйлығы, ол әйелдің тәуелсіз мүлкі деп есептеледі. Күйеу жігіт берген қалыңмалға қарай қыздың жасауы әзірленеді. Егер, үйленгеннен кейін барып әйел жесір қалып жатса, күйеуінің берген қалыңмалына (мәһірі) алған дүние-мүлік оның өз меншігі болып саналады. Осы себептен де, қалыңмал беруді шариғатқа қайшы емес деп айта аламыз» деген пікірді заңгер, шариғат бойынша маман Мұхан Исахан келтірді.
Тасқа қашалып жазылған дәстүр
20 ғасырдың басында жазылған алғашқы романдардың басты тақырыбы — қазақ қызының бас бостандығы, әйел теңсіздігі, қалыңға сатылған қыздардың қаралы тағдыры болды. «Қалқам ер жетіп, оны бай жерге беріп, көп мал алсам» сияқты ойлар сол кездегі романдардың фабуласы іспеттес… Атап айтсақ, Спандияр Көбевтің «Қалың мал» романы, С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдары қалың малға сатылған қыздардың тағдырын тамаша көрсете білді. Ал қазір еліміз Тәуелсіздік алып, әрбір тұрғын өзіндік еркіндікке ие.
САУАЛНАМА
Қалыңмал қызды сату ма, әлде салт-дәстүрдің сақталуы ма?
Facebook желісін қолданушылар арасында осы сұрақ аясында сауалнама жүргізілді. Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бір топ қалыңмал — қызды сату, ескіліктің қалдығы деген пікір айтса, екінші топ қалыңмал — ұлтымыздың ерекшелігі, салт — дәстүр деген пікір қалдырды. Желі қолданушысы Назерке Мұса «қалыңмалды әркім өз шамасына қарай берілген дұрыс» десе, Дәулетхан Наурызбай есімді желі қолданушысы «Бұрынғы заманда салт-дәстүр болса, қазіргі таңда «сату» болып барады» дейді. Аталған пікірді қостап, іліп әкеткен тағы бір желі қолданушысы «қалыңмал берген дұрыс, бірақ қазір қыздарын сатқандай аспандағы айды сұрайтын ата-аналар бар. Амалы таусылған ата-ене несие алып, қарызданып жүріп қалыңмал береді. Кейін материалдық қиындықтың бір ұшы қызына тиетінін ойламайды» деп барлығын қыздың ата-анасына жапты. Алайда желі қолданушысы қыздың артынан апаратын жасауды ескермеген болу керек. Тағы бір желі қолданушысы «Салт-дәстүр деген жақсы. Бұрынғылардың барлығы сол жолмен жүрді. Одан жаман болған ешкім жоқ» десе, «бұрынғы кезбен қазіргі кезең сәйкес келмейді. Салт-дәстүрді сақтап қалу жылдан жылға қиындап бара жатыр» деп ішкі мұңын жайып салғандар да болды. «Қалыңсыз қыз жоқ» деген аталы сөзді айтып, қысқа қайырғандар да табылды. Сауалнама жүргізу барысында қалыңмалды қай жақ беретінінен бейхабар 20 жастағы Атырау қаласының тұрғынымен де тілдестік. Бұл – салтымыздың жастар арасында танылмай, сөніп бара жатқанын хабарлағандай болды. Алайда түп тамыры тереңде жатқан, тарихы мол ұлтымыздың дәстүрлері дәріптеледі деген ойдамыз.
Қалыңмал немесе қыз кәдесі қанша?
Қалыңмал десе ең алдымен еліміздің Оңтүстік өңірі ойға оралады. Ұзынқұлақтан есітіп, көзбен көріп жүргеніміз бойынша БҚО қызға қалың бермейді. Сонымен қатар, Ақтөбе, Атырау облыстарында қалың беру туралы сөз болмайды. Солтүстік жақтағы облыстардың кейбір аудандарында қыздарына қалың мал сұрамайды. Бірақ бабаларымыз «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дейді. Қазақ халқы қашанда қызын жат-жұрттық деп қадірлеп-қастерлеп дәстүрге сай ұзатқан. Ендеше еліміздің бірнеше облысындағы қызға берілетін кәдені айтып көрелік…
Абдуалиева Гүлнар, Жамбыл облысының тұрғыны, 3 баланың анасы: «Қалыңмал-қыздың абыройы. Қалыңмал да, қыздың артынан апаратын жасау да бәрі қыздың абыройы үшін. Біздің жақта жағдайы жеткендер бүтін қылып апарды, жағдайы орташа отбасы 500 мың теңге апарып жатады. Бәрі қыз алып отырған жақтың тұрмыстық жағдайына байланысты. Нақты бір сомма қойылып, одан кем әкелгенге қыз бермей қою деген жоқ. Қалыңмал – ертеден келе жатқан ата жоралғы, салт-дәстүріміз, ұлттың отбасы құру кезіндегі ерекшелігі. Себебі, барлығы шаңырақ көтергелі жатқан екі жастың бақыты үшін жасалады. Ал отбасы бақыты мен шаңырақ шаттығына келгенде саудаласу сынды әрекеттер ешқашан орын алмайтыны белгілі. Ал қызға берілген қалыңға қыз жақ қыздың жасауын алады. Ал қыздың артынан барған жасау екі жастың қолданысына беріледі. Сондықтан қалың беру дұрыс деп санаймын» деп өз пікірін білдірді.
«Бізде (Алматы обл. Алакөл ауданында ШҚО-ға жақын тұсында, тіпті Талдықорғаннан бастап) қалың мал деген сөз жоқ, жылқы әкеледі немесе жылқының құнын әкеледі, бірақ «ставка» қою атымен жоқ! Сосын жасауға үш сөмке киім толтырып апару деген де жоқ. Тұрмыстық үлкен заттарды ғана апарады» деп пікір білдірді Алматы облысының тұрғыны.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, 3 баланың анасы Әнипа Шайманның айтуынша, «Қалыңмал – ертеден келе жатқан салт. Бүгінде оңтүстікте қалың малдың орташа бағасы 500 мың теңге, бірақ қатып қалған баға жоқ. Әркім көрпесіне қарай көсіледі. Кейде 700-800 мыңға дейін қалың мал беріп жататындары бар. Қазақта «теңін тапса, қызды тегін бер» деген өте орынды айтылған аталы сөз бар. Десек те, қалың мал төлеу біздің ата-бабамыздан келе жатқан салтымыз. Қазақта «қыздың малын қынға сүрт» дейді. Сол берілген қаржының екі есесіндей жасау апарамыз. Шыны керек, бүгінде қыз бергеннен гөрі қыз алған ұтымды.
Қалыңмал — ұзатылған қыздың туыстарына жігіттің жұрты жасайтын сый болғанымен, оны әр жерде өзгеше атайды. Бірі «Қыз кәдесі» десе, енді бірі «Ана сүті», «Әке күші» деп бағалап, шама-шарқылары келгенше сый құрметтерін көрсетіп жатады. «Қалыңсыз қыз болсада, кәдесіз қыз болмайды» деген де сөз бар. Сондықтан да, бірінші кезекте қалың мал, алтын сырға, пәтер, қымбат көлік деген «жалған құндылықтарды» ойлағаннан, ұлымыз немесе қызымыздың болашағын, екі жастың бақытын ойланған жөн».
Қалыңмал – ол қалыңдықты сатып алу емес. Бүгінгі таңда халықтың көзқарасы екіге бөлінетіні айтылған болатын. Біріншіден, ешқандай ата-ана ішінен шыққан перзентін малға сатпақ емес! Қалыңмал- рулық тұтастықты, ұзатылған қыз бала мен келін алып отырған шаңырақтың арасын байланыстырушы, құдалар арасындағы жөн-жоралғының алғашқы баспалдағы. Екіншіден, «қалыңмал» сөзінің этимологиясын «қалыңдықтың малы». Ал «қалыңдықтың малы» — үй болып, шаңырақ көтеріп, әлеумет санатына қосылып жатқан екі жастың мүлкі. «Қыз – жат жұрттық» деген аталы сөз бар. Сол жат жұрттың қызын өсіріп, бағып, тəрбиелеп бергені үшін «Ана сүті» мен «Әке күшінің» ақысының берілгені дұрыс. Ал «қызды сату» деген ескінің көзқарасын ұмытып, шаңырақ көтергелі отырған екі жастың тілеуін тілегеннен асқан ештеңе жоқ.
АЙГЕРІМ ТАУБАЙ
qamshy.kz