Қызмет алушының бұзылған құқығы қалпына келтірілді
Мемлекеттік органдар мен ұйымдар мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуге міндетті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Осы орайда, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының тұрғыны жеке кәсіпкерлік нысанындағы ғимаратына іргелес жатқан қосымша бос жерге құқықтарды рәсімдеу үшін Жаңатас қаласы әкіміне жазған өтінішіне 3 айдан астам уақыт бойы жауап ала алмағандығын көрсете отырып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне шағымданған.
Департамент өз тарапынан шағымды жан-жақты және толыққанды қарау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізе отырып, қызмет берушілермен мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мерзімі бұзылғындығы анықталған.
Қызмет алушының құқығын қалпына келтіру мақсатында Жаңатас қаласы әкімі аппаратына бұзушылықты жою туралы нұсқама енгізілді.
Нәтижесінде шағым иесінің өтініші бойынша аудандық жер комиссиясы оң шешім қабылдап, қосымша жер учаскесіне жеке меншік құқығын сатып беру туралы қала әкімінің қаулысы шығарылды.
Осылайша, қызмет алушының бұзылған құқығы толықтай қалпына келтіріліп, жеке кәсіпкер өз қызметінің аясын кеңейтуге мүмкіндік алды.
Бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі мәселесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралуда.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті