Қызылша «қызыл киіммен» емделмейді

Облысымызда қызылшамен ауырғандар саны соңғы екі аптада 27,9 пайызға өсті. Тіпті, Тараз қаласы сырқаттанушылықтың деңгейі өте жоғары деген «қызыл аумақта» тұр. Қалада екі жарым мыңға жуық адам ауырса, Байзақ, Қордай, Шу аудандарының науқастары да статистиканы өсіріп отыр. Бүгінде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда.

Қызылша – бұл өте кең түрде таралған инфекциялық ауру. Ол ауа арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде науқастың сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Қызылшамен бала ғана емес, ересек адамдар да ауырады.

«Алғашқы белгілері суық тиген сияқты болады. Науқастың дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, бойын әлсіздік билеп, тәбеті болмай, құрғақ жөтел мазалап, мұрнынан су ағады. 4-5 күннен кейін денесінде бөртпелер мен дақтар пайда болады. Бұл уақытта науқастың тамаққа тәбеті болмай, ас ішуден бас тартады, сонда да аз-аздан әрі жиі-жиі тамақтандырып отырған дұрыс. Тамақтың сұйықтау болғаны абзал. Төсек орны мен киімін таза ұстап, бөлменің ауасын желдету керек», – дейді Тараз қалалық №7 емхананың терапевт-дәрігері Сәуле Оңдасынова.

Сондай-ақ, мамандар аурудың белгілері байқалған адаммен қарым- қатынасты тоқтату керектігін айтады. Қандай жағдай болмасын, бірден емханаға барып, медициналық тексеруден өткені жөн. Ауру асқынған жағдайда менингит, пневмония, энцефалитке ұласып кетуі мүмкін. Бұл жағдайда ағзаны қалпына келтірудің ұзақ кезеңімен арнайы емдеу қажет.

«Қызылша індетімен ауырғандардың ішіндегі 85,8 пайызы екпе алмағандар екен. Бұл аурудың алдын алуда тиімді де сенімді шаралардың бірі – екпе алу. Ол иммунитетті жақсартып, аурудың жұғу қаупін азайтады. Өкінішке қарай, оған салғырт қараған ата- аналарымыз баршылық. Осының әсерінен аурудың санын көбейтіп алып отырған жайымыз бар» дейді маман.

Статистикаға сүйенсек, облыс бойынша былтыр 52 586 бала екпе алған. Жоспарлы екпемен қамтамасыз етілмеген – 1820 бала бар. Себебі, олардың 50-і екпеге келісім бермеген болса, 44-і басқа аумаққа көшіп кеткен, ал 883-і уақытша облыста жоқ.

Қызылшаға қарсы вакцинация 1 жас пен 6 жаста жоспарлы түрде жасалады. Егуі жоқ, толық вакцинация алмаған 30 жасқа дейінгі қызылша ауруымен байланыста болғандарға алғашқы 72 сағат ішінде эпидемиологиялық көрсетулер бойынша қызылшаға қарсы егу жасалады.

Қызылша 5 жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. Қызылшаға қарсы екпе алмаған ересектерде жұқтыру қаупі өте жоғары және ауру балаларға қарағанда ауыр түрде өтеді. Көктемгі-қысқы кезеңде аурудың өршуі байқалады, ал тамыз және қыркүйек айларында төмен болады. Аурудан соң қанда қызылшаға қарсы антиденелер түзіліп, тұрақты өмір бойы иммунитет сақталады.

Бір жасқа дейінгі нәрестелер іс жүзінде қызылшамен ауырмайды, өйткені анасынан алынған антиденелер олардың қанында қалады, бірақ жыл өткен сайын олардың саны азаяды, сәйкесінше вакцинациясыз аурудың даму қаупі артады. Жүкті әйел жұқтырған кезде вирус плацента арқылы ұрыққа және туа біткен қызылшаның дамуына да әкелуі мүмкін екен.

2005 жылы елімізде осы аурумен 16 119 адам ауырды. 2009 жылы керісінше, ешбір дерек тіркелген жоқ. Дәрігерлер аурудың асқынуын 1990 жылдардың басындағы екпе тапшылығымен байланыстырады. Сол кездері туылған қыздар ауруға қарсы мүлдем екпе алмаған. Кейін ана болғасын олардың нәрестелерінің қызылшаға қарсы тұратын иммунитеті де болған жоқ. Сол кездегі ауырған адамдардың 70 пайызы солардың емізулі балалары болатын.

1990 жылдардың ортасында екпе тапшылығы жойылды. Алайда, ара- тұра аурудың асқынуы кездесіп отыр. Дәрігерлер жағдайды ірі қалаларға жұмыс істеуге, оқуға, демалуға адамдардың, оның ішінде қызылша ауруын жұқтырғандардың көптеп келуімен байланыстырады.

Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Олар медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қосымша ауыр аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.

Қазақ бұл дертті шешектің жеңіл түрі деп санаған. Атын атамай «шапан» деген. Балаға қызыл көрпе жамылдырып, қызыл киіндіріп қойған. Тіпті, бұл үйде науқас бар дегенді білдіріп, босағаға қызыл жіп те іліп ырым еткен. Әр өңірдің ерекшелігіне орай ырымдары да сан қырлы. Дегенмен, мәселе онда емес, мәселе өліп кету қаупі бар дерттен қалайда қорғану, сақтану, алдын алудың маңыздылығында. Шындығында қызылша «қызыл киіммен» емделмейді…

Гүлжан ОРАЛБАЙҚЫЗЫ.