Қызылжар өңірі 209 отбасын қабылдайды
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қазақстан Республикасының Коммуникациялар қызметі орталығында өткен БАҚ өкілдерімен кездесуде Қызылжар өңірі еліміздің оңтүстігі мен жақын және алыс шетелдерден 400-дей отбасын қабылдай алатындығын, оларға заман талабына сай барлық жағдай жасалатындығын атап айтқан болатын. Бұл тектен-текке айтыла салған сөз емес.
Өңір басшысының бастауымен өткен жылы аудандардың әкімдері бастаған делегация оңтүстік облыстарға барып, жергілікті елді мекендердің шаруашылықтары қандай мамандарға мұқтаж екендіктерін айтып, отбасы мүшелерін көшкісі келетін ауылдардың өмірімен, тыныс-тіршілігімен танысуға шақырған. Шақыртудан кейін бірнеше адам келіп, агроқұрылымдардың мүмкіндігін, жасалатын қамқорлығын өз көздерімен көріп қайтқан. Сөйтіп, облысымызға қоныс аударушылардың алғашқы көші мемлекеттің квотасын күтпей-ақ өткен жылы басталып та кеткен еді. Сонымен былтыр 30 мүшесі бар 12 отбасы Айыртау, Жамбыл, М.Жұмабаев, Тимирязев және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың елді мекендерінен қоныс тапқан. Олардың барлығы да баспанамен, еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен, 6 жасқа дейінгі балалары балабақшамен, оқушылары оқумен қамтамасыз етілген.
Нақты мысал келтіретін болсақ, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның іргесіндегі ауылға қоныс тепкен Қабылбек Құраловтың отбасына жергілікті «НежинкаЕрке» ЖШС бір орталықтан жылытатын және біраз жиһазы бар төрт бөлмелі үй берді. Тәжірибесі мол агроном-көкөнісші Қабылбек Сатыбалдыұлы күзде серіктестіктің бағын қалпына келтірумен айналысты, қазір жылыжайда мамандығы бойынша жұмыс істейді. Оңтүстік Қазақстанның М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетін бітірген ерлі-зайыпты Шырынбаевтар өткен жылы қазан айында Салқынкөл орта мектебін екі мұғаліммен толықтырды. Жанға жайлы үш бөлмелі пәтерде түтін түтетіп жатқан жас отбасы мүшелерінің бірі ағылшын, екіншісі биология пәндерінің мұғалімі болып еңбек етеді.
Аталмыш өзекті мәселе биыл қалай жалғасын табатындығын білмек болып, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереевті сөзге тартқан едік.
— Биыл Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен Солтүстік Қазақстан облысы оралмандар мен қоныс аударушыларды орналастыратын өңір болып белгіленді, соған орай шетелдік қандастарымыздың 108, республикамыздың басқа өңірлерінен ниет білдірушілердің 101 отбасын қабылдау бойынша квота бөлінді. Көшіп келушілердің қоныс аударуы үшін отағасыға 50, отбасының әрбір мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде демеуқаржы төлеу қарастырылған. Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан (46 отбасы), Алматы (3) және Жамбыл (1) облыстарынан Қызылжар өңірінің 29 елді мекеніне құрамында 200 адам бар 50 отбасы көшіп келді. Олардың еңбекке жарамдыларының орташа жасы 35 пен 40-тың аралығында. Бүгінгі күнге дейін Қызылжар өңіріне қоныс тепкендердің 46-сы жұмысқа орналасты, атап айтқанда 22 адам — ауыл шаруашылығы саласына, 5-уі — денсаулық сақтауға, 4-уі — білім беруге, 15-і — басқа салаларға. 22 адам жеке кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін жер телімдерін бөлуге құжаттар рәсімдеуде, — деп бастады сөзін құзырлы мекеменің басшысы. Асқар Жоламанұлының айтуына қарағанда, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдіктері жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, тұрғындарды Жұмыспен қамту орталықтары келген азаматтарды жерсіндіру және ықпалдасу бойынша ұйымдастыру жұмыстарымен айналысуда. Олар тұрғын үймен қамтамасыз етуге, жұмысқа орналастыруға, өсімдік пен мал шаруашылығын дамыту үшін жер учаскелерін бөлуге көмек көрсетуде.
Сонымен бірге басқа өңірлерден қоныс аударушылардың отбасыларын көшіруге шаруашылық субъектілерінің басшылары да тікелей қатысуда. Мысалы, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы «Ақселеу» ЖШС-нің директоры С.Малаев делегация құрамында Оңтүстік Қазақстан облысы өткізген бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып қайтты. Кездесу қорытындысы бойынша аталмыш өңірдің екі ауданы тұрғындары ішінен өзіне қажетті мамандарды таңдап алып, отбасыларымен Ковыльное ауылына көшіп келуге ұсыныс жасаған болатын. Үш отбасы көшіп келгеннен кейін серіктестік оларды қызмет үйімен, жиһаздармен, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Отабасының отағасылары серіктестікке мамандықтары бойынша механизатор, электрші және мал маманы болып жұмысқа орналасты, балалары тегін тамақ берілетін шағын орталыққа қабылданды. Сол сияқты Есіл ауданындағы «Ғайса» ЖШС-нің басшысы Б.Ғайсин құрамында 22 адам бар 4 отбасына Қарағаш ауылында үй беріп, көшіп келулеріне жағдай жасады. Отбасының отағасылары мамандықтары бойынша механизатор, мал маманы және ағаш шебері, ал отаналары мектепте техникалық қызметкер болып еңбек етеді. Олардың мектеп жасына дейінгі 5 баласы шағын орталыққа орналасса, 11 бала жергілікті білім ошағында оқиды. М.Жұмабаев аудынының Полтавка ауылына қоныс аударған 2 отбасына «Авангард СК» ЖШС-нің директоры С.Әубәкіров 2 үй сатып әперді, 2 адамды өз шаруашылығына механизатор етіп қабылдады.
Бұдан басқа, басшылар жергілікті жерлерде қосалқы шаруашылықтарын дамыту үшін жалгерлік бойынша жер учаскелерін беруге және қара мал бөлуге ықпал жасауға әзір. Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында көші-қон мәселесі бойынша Меморандум жасалды. Соған орай екіжақты барып-келулер және тұрғындармен кездесулер жүзеге асырылуда. Мысалы, үстіміздегі жылғы сәуір айында өңіріміздің делегациясы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде болып, көші-қон мәселесі және орта білім беретін мектеп оқушыларының «Серпін — 2050» бағдарламасына қатысуы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті. Делегация құрамында облыстың алты ауданының өкілдері, атап айтқанда, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауылдық округтің әкімі, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі мен бөлімдерінің басшылары, агроқұрылым директоры, білім саласының өкілдері болды. Сапар кезінде Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының және Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесіп, делегация мүшелері 270-тен астам адамға көші-қон, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша ақыл-кеңес берді, БАҚ өкілдеріне Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аудару бойынша брифинг өткізді. Содан кейін Шымкент станциясының перронында біздің облысқа қоныс аударуға ниет білдірген 30 отбасын салтанатты жағдайда шығарып салуға арналған митинг болды.
Бұдан басқа Қызылжар және Айыртау аудандарының өкілдері де Оңтүстік Қазақстан облысында болып, жергілікті тұрғындармен қоныс аудару мәселесі бойынша кездесулер ұйымдастырды. Нәтижесінде Қызылжар ауданына 17 отбасы көшіп келді.
Аталмыш шара аясында құрамында жергілікті мәслихаттың депутаттары, БАҚ өкілдері, жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімдері мен орталықтарының басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, ынталы тұрғындары бар Оңтүстік Қазақстан облысының үш делегациясы Қызылжар өңірінде болып қайтты. Сапар кезінде делегация мүшелері облыстың 8 ауданын, 20-дан астам елді мекенін, кәсіпорындар мен агроқұрылымдарды, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдарын аралап, облыстың әлеуметтікэкономикалық дамуының негізгі бағыттарымен, көшіп келетін отбасыларды қабылдау, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың басқа мәселелерін шешу мүмкіндігімен танысты.
— Сонымен, биыл облысымызға қоныс аударушылардың 209 отбасына мемлекет тарапынан квота бөлініп отыр. Ал квотадан тыс келемін деушілерге ешқандай да шек қойылмайды. Оларға да таңдап алған елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық даму барысына қарай жергілікті тұрғындармен бірдей жағдай жасалады, — дейді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев.
Сөздің реті келгенде Қазақстанның солтүстік облыстары ішінде ең құнарлы жер Қызылжар өңірінде екендігін, өсімдікпен бірге мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатумен айналысуға қолайлылығын айта кеткіміз келеді. Газетіміздің биылғы 4 ақпандағы санында шымкенттік Еркінбек Байбақов тілшіге берген сұхбатында: «Солтүстікте жеке кәсібімді дөңгелеткім келеді», — деген екен. Қолдауға тұрарлық жап-жақсы ниет. Осы орайда осыдан 20 жыл бұрын мемлекеттің қолдауынсыз-ақ Өзбекстанның Тамды деген ауылынан тарихи Отанына көшіп келіп, Айыртау ауданындағы ешбір қазағы жоқ, керісінше казактар ғана мекендейтін Айыртау ауылын құтты қонысқа айналдырған, «Тамды» шаруа қожалығын құрған Жаңабай Пірманов бауырымыз еске түседі. Ол келесі жылы сол жақтан 30 отбасын көшіріп әкеліп, ауылда қазақ сыныптарының ашылуына мұрындық болды. Табиғаты әсем, Қара теңізден кем соқпайтын Шалқар көлінің жағасында түтін түтетіп жатқан азамат басқа түліктермен қоса облысымызда алғашқылардың бірі болып, түйе шаруашылығын да дөңгелетіп отыр. Жергілікті мектепті ана тілінде аяқтаған, жоғары білім алған ұл-қыздарынан немере сүюде. Мұндай мысалдар аз емес… Түйіндеп айтқанда, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушы-лардың алғашқы көші бас-талып та кетті. Атабабаларымыз айтқандай, көш көлікті болғай!
Өңірде туристік маусым ашылды
Облыс орталығында туристік маусымның ашылуына арналған шараға Қазақстан мен Ресейдің әртүрлі өңірлерінен туроператорлар қатысты.
Туризм апталығы Н.Погодин атындағы орыс драма театрына қойылған «Қызылжар. Туризм — 2016» І өңірлік көрмемен танысудан басталды. Аталмыш шараға арнайы келген қонақтарды Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мұқтар Манкеев пен Ақмола облыстық Туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов құттықтады. Мұқтар Манкеев жыл басынан бері Қызылжар өңіріне 600-ден астам турист келгенін, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда олардың саны үш есе көбейгенін атап айтты. — Біздің өңір туризмді дамытуға қолайлы. Табиғаты мен тарихы аса бай Айыртау ауданы ЮНЭСКО-ның тізіміне, Қазақстандағы туризмді дамыту тұжырымдамасына енген. Сондықтан біз ішкі туризмді белсенді дамытуға мүдделіміз. Облысымызға келген туристерге өңіріміздің тамаша демалыс аймақтарын, марал мүйізімен емдеу орнын көрсете а л а м ы з . Сонымен бірге еліміздің жаңа өңірлерін таныта түсуге әрқашан да дайынбыз, — деді облыс әкімінің орынбасары. Осы күні қонақтар облыс орталығында орналасқан туристік нысандармен — «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенімен, ботаникалық бақпен, «Нептун» аквапаркімен, сондай-ақ «Green Wood», «Green Park», «Абакшино» сияқты демалыс орындарымен және «Green Which» қонақүйімен танысты. Келесі күні қазақстандық және ресейлік туроператорлар мен БАҚ өкілдері Айыртау ауданында 2016 жылғы туризм маусымының ашылу салтанатын тамашалады. Сапар барысында қонақтар «Қарасай мен Ағынтай батырлардың» мемориалдық кешенінде, «Айғаным қонысы» мұражай кешенінде, Сырымбеттегі Шоқан мұражайында, «Солнечное ВИП» демалыс аймағының марал мүйізімен емдеу орны мен марал фермасында, сондай-ақ Шалқар көлінде, ежелгі «Батай» қонысында болып, «Туризм саласындағы өңіраралық кооперация» тақырыбындағы кеңеске қатысты.
Нұрсайын ШӘРІП,
«Қазақстан-ZAMAN» газеті
16 маусым 2016 жыл