«L-CAPITAL»-ды жабылған жаладан арашалайық!

Қазір неше түрлі пирамидалардың әр қилы қитұрқы алаяқтық айла-тәсілдермен халықты тал түсте тонауы соңғы кездері жиілеп кетті. Шынын айту керек, аяқ астынан мол ақша тауып, кім байығысы келмейді дейсіңдер. Осы мақсат оларды көрсоқыр етіп, сақтық шараларын ұмыттырады. «L-CAPITAL» АҚ инвестициялық-консалтингтік компаниясына өз тағдырларын, қаржыларын салған кейбір адамдар осындай пирамидаға түсіп қалдық па деп алғашқы кезде қорқыныш, үрейлермен полицияға дабыл қақты. Иә, олардың алаңдауы табиғи нәрсе. Кейін бәрін түсінген мыңдаған акционерлер өз компаниясын жаппай қорғауға кірісті. Иә, шынында да бұл компания өзінің үлескерлеріне адал жолмен қызмет істеп, олардың маңдай термен тапқан қаржысын үстемелеп, көбейтуге көмектесетінін мен де инвестор әрі журналист ретінде жақсы түсіндім. «L-CAPITAL» АҚ мыңдаған қазақстандықтарға уақытша бос қаражаттарын отандық экономикаға инвестиция жасауға мүмкіндік берді. Акционерлердің арқасында бірнеше кәсіпорындар ашылып, яғни «Alltrans көлік компаниясы» ЖШС/«Транспортная компания Alltrans, «АсаDAMU» құс фабрикасы ЖШС, тұз өндіруші зауыты «Асыл тұз» ЖШС және  қаншама қазақстандықтар жұмыс орындарына ие болды. Сонымен  қанша отбасылар табыс тапты. Акционерлік қоғам осы күнге  дейін мемлекеттік бюджетке 123 миллион теңгеден  астам көлемінде салықтар төледі және қоғамның барлық іс-әрекеті «Акционерлік қоғам туралы» ҚР 2003 ж. Заңымен реттелді.

Көптеген қарапайым адамдар компанияға табыс табамыз, материалдық жағдайымызды көтереміз, мол мүліктің иесі боламыз және отандық экономикаға тікелей болмаса да  жанама түрде өз үлестерін қосайық  деп келді. Еліміздің әрбір азаматы осындай пікірде болса, біздің ойымызша хал-ахуалымыз мықты болар еді. Экономикамыздың өсіп-өркендеуі ең алдымен біздің әрекетімізге тәуелді.  Қаржылық  сауаттылық халықтың материалдық жағдайын көтеруде негізгі ұғым болып табылады.  Компания 2014 жылы ашылғаннан бастап елді қаржылық сауаттылыққа үйретіп, көптеген тегін семинарлар өткізіп келеді. Бірақ қазір әлемдік экономикалық дағдарыс пен пандемияның кесірінен бірталай кәсіпорындар жабылып, мыңдаған адамдар табыс көзінен айырылып, оны қоғамда әлі де көптеген адамдар түсініп жатқан жоқ. Сондықтан  компанияның іс-әрекетіне олар теріс ой-пікірмен қарауда. Негізінен жай акциялардың бағасына кез келген жақсы немесе жаман хабар тікелей әсер етеді. Каншама теріс ақпарат көбейген сайын жай акцияның бағасы төмендейді, ал одан акционерлер тіптен жақсылық көрмейді. Керісінше халық жалғыз табыс көзі болған жұмыс орындарынан айырылып отырған кезде үміт еткен қосымша табысынан де айырылуы мүмкін. Оның үстіне компанияға зор қауіп төніп, акцияларымыздан айырылып қалайын деп отырмыз. Осы сәуір айының 5 жұлдызында «L-CAPITAL» АҚ акционерлердің инициативалық тобының мүшелері «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасымен бірлесіп, брифинг өткізді. Сол жерде компанияда орын алған жағдай мен қолдау көрсету кажеттілігі туралы әңгіме қозғалды және бұл 4200 акционерлер үшін өте маңызды екенін жеткізді. Себебі бұл компания мыңдаған қарапайым халықтың үміті, сондықтан бей-жай қарауға болмайды. Дөңгелек стол нәтижесінде «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасы кәсіпкерлерді құқықтық қолдау департаментіне тиісті қызметтік хат жіберілді.

Біздің қысқа тарихымызда мұндай жағдай, яғни акционерлер жаппай өз муддесін қорғауға шығуы тәжірибеде болмаған. Сондықтан түсінікпен қарау керек деген ойдамыз. Компанияның акционерлері  Президентіміз Қ.Тоқаевқа оң көзбен қарауды сұрап Үндеу жіберді. Себебі халықтың инвестициясын жинақтауға Президентіміздің өзі тиісті орындарға тапсырма бергенін жақсы білеміз. Компания осы тұрғыда адал жолмен жұмыс істеп жатқанына брифингтен кейін көзіміз анық жетті. Бір өкініштісі компанияның үстінен іс қозғалыпты. Біздіңше, заңгерлердің дәлелдеуінше компанияның қызметінде ондай қылмыстық іс жоқ. Акционерлер тек адал және шын тергеу жүргізілуіне сенім артып отырғанын айттып жатыр. Компания мүшелері акционерлер мен бірге митинг өткізбекші болған. Бірақ қазіргі елімізде болып жатқан пандемияға байланысты үкімет оған рұқсат бермепті. Осыған орай «L-CAPITAL акционерлері» телеграмм каналында 500-дей адам онлайн флешмоб өткізді. Білмейтін көпшіліктің ойында «бұл компания қандай компания, немен айналысады?» деген сұрақ тууы мүмкін. Ендеше қысқаша айта кеткенді жөн санадық.

  1. Іс қозғаған заң орындары құнды қағаз иеленушіні, яғни инвесторды «вкладчик» (салымшы) деп атаған. Ақпарат авторының өзі «салымшы» деген кім, «инвестор» деген кім, осы жағын айыра алмаған сыңайлы. Банк депозитіне, зейнетақы қорына, қаржылық пирамидаға ақша салушыны «салымшы» (орысша «вкладчик») дейді. Ал «L-CAPITAL» АҚ сияқты заңды инвестицялық-консалтингтік компаниясынан құнды қағаз сатып алса, оны «инвестор» немесе «құнды қағаз иеленуші» дейміз. «Инвестор» немесе «құнды қағаз иеленуші» деп бизнеске өз еркімен қаржы қосқан адамды айтады.
  2. Біздің БАҚ әлемінде сенсация іздеп, істің ақ-қарасын ажыратпай жатып шу көтеретіні жаман. Ақпарат жазған журналист мәселенің анық-қанығын тексерместен, 2021 жылғы қаңтардың 30-ында «L-CAPITAL» АҚ деген атпен мемлекеттік тіркеуде тұрған заңды мекемені ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДА деп жалған хабар таратты. «По данным следствия, которое уже начали в департаменте полиции Алматы, жертвами обмана организаторов ФИНАНСОВОЙ ПИРАМИДЫ стали около пятнадцати тысяч казахстанцев, сообщает телеканал АЛМАТЫ» деп жазады SPUTNIK.KZ ақпараттық агенттігі. Ол ол ма, тіпті осы ақпаратқа «Дело о создании очередной финансовой пирамиды расследуют в Алматы» деп айқайлатып тақырып та қойыпты. Демек SPUTNIK.KZ ақпараттық агенттігі мемлекеттік тіркеуде тұрған, заңды Акционерлік қоғамды мемлекеттің заңымен тыйым салынған қаржылық пирамида деп теріс ақпарат таратып, халықты абыржытып отыр. SPUTNIK.KZ ақпараттық агенттігінен осынысы үшін жауап беруін сұраймыз. Олар өз кінәсін мойындап, кешірім сұрауы керек. Адам тағдыры ойыншық емес!
  3. «Компания бағалы қағаз жыл сайын 30 пайыз пайда әкеледі деп уәде берген» деп жазады TENGRINEWS.KZ, BASNEWS.KZ, QAZAQPRESS.KZ, ALASHAINASY.KZ сияқты сайттар QAZAQPRESS POLISIA.KZ-ға сілтеме жасап. «L-CAPITAL»-дың жай акция үшін нақты тіркелген 30% көлемінде өсімге уәде беруі мүмкін емес. Қай компания сатса да, жай акцияның келісім-шартында өсім көлемі көрсетілмейді. Сондықтан да оның аты – жай акция. Уәде берген деп жай акциядан түсінігі жоқ адам ғана жазып отыр. Ал «L-CAPITAL»-дың жай акциясы жылдық 30% өсім беріп келгені рас. Ол өсімді құнды қағаз иеленушілер алып келгені де шындық. Бұл өсім бұдан әрі өсіп кетуі де, осы деңгейден төмендеп кетуі де мүмкін еді. Оған ешкім кепілдік бере алмайды. Инвестиция жасау ол әр бір инвестор үшін қосымша жаңама табыс табу мүмкіндігі, сондықтан  орын алуы мүмкін тәуекелдерді де алдын ала түсіну жөн.  БАҚ арқылы тараған осындай қате хабар, біріншіден, құнды қағаз жайында онсыз да түсінігі төмен акция сатып алушы халықты дүрлігіске салып қойса, екіншіден, халықтың артық ақшасын заңды түрде жұмылдырып, сегіз жыл бойы отандық өндірісті жандандырып келген «L-CAPITAL» акционерлік қоғамының жұмысына зор кедергі жасап отыр.

Біздің елімізге зор зиян жасап отырған осындай қаржылық сауатсыздық. Ондайлар мемлекетіміздің экономикалық жағынан алға жылжуына көп кедергі келтіреді. Яғни, үкімет елімізде құнды қағаз нарығының жұмыс істеу жүйесін әлде де дұрыс жолға түсіруі тиіс. Екіншіден, халықтың өзі қаржылық сауатты болғаны жөн. Әрине, қаржылық сауатты бола қоймадың деп оларды кінәлай алмайсың. Халық күндердің бір күнінде ол жағынан да сауатты болатыны анық. Тезірек сауатты болу үшін үкіметіміз қазақстандық бизнестің алаңсыз да жайлы жұмыс істеуіне әлі де жағдай туғыза түсіп, бизнеске кедергі болатын бөгеттермен, жемқорлықпен күресті күшейткені абзал. Сонда әрбір қазақстандық жеке тұлғаның инвистициялаған ақшасымен жұмыс істеп жатқан өндірісте тоқтау болмайды. Тоқтау болмаса, мемлекет қазынасына салық құйылады, құнды қағаз сатып алушы инвесторларға уақытылы дивиденд төленеді. Рас, бұл жағынан ештеңе істелмей жатыр деп айтуға болмас. Жұмыс істеліп жатыр. Жүйе бар. Бұрынғы өндірістік және т.б. мекемелер АҚ-ға (акционерлік қоғамға) айналған. АҚ дегеніміз өзінің акциясын, яғни өзінің құнды қағазын шығаруға құқылы мекемелер. АҚ-лар құнды қағазды да өздігінше шығара алмайды, оны да мемлекет қадағалайды. Олар шығарған құнды қағаздарды тіркейтін «Құнды қағаздарды тіркеу» деген мемлекеттік мекеме де бар. Мәселен, SPUTNIK.KZ агенттігі қаржы пирамидасы деп нақақ кінәлаған «L-CAPITAL» АҚ-ынан сатып алынған құнды қағаздар осы мекемеде тіркеулі. Ол ешқайда жоғалмайды. Ал құнды қағаздардың құны өсіп кетуі немесе құны кеміп кетуі дегеніміз құнды қағаздардың жазылмаған заңы. Құнды қағаздардың құнының құбылуы экономиканың дағдарысы мен экономиканың жандануына тәуелді. Инвестиция жасағанда өсімге сену – тәуекелдің ісі. Бұны құнды қағаз сатып алушы әрбір инвестор жаңында ұстауы тиіс.

Бүкіл әлем, оның ішінде Қазақстан экономикалық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр. Шетелдің қаржылық сауатты адамдары құнды қағаздар арзандап тұрған дәл осындай жағдайда, оны сатып ала бастайды. Біз болсақ тұра қашамыз ғой. Халықтың дүрлігіп жатқаны да сол баяғы білместік. Құқық қорғаушылардың компанияны тексеруінен шошымау керек. Тексерсін. «L-CAPITAL»-дың мемлекет заңымен тыйым салынған қаржылық пирамида емес, мемлекеттік тіркеуден өткен, бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы ҚР Ұлттық банктің куәлігін алған заңды құжаты бар мекеме екеніне көз жеткізсін.

Нарықтық экономикада  құнды қағаздар  нарығы өте маңызды бөлігі болып табылады және бұл нарықтың  дамуы жалпы отандық экономиканың өсуіне   тікелей әсер етеді. Экономикалық тұрғыдан дамыған барлық  мемлекеттер осыған дәлел.  Бұл жүйе мемлекетке де, жеке адамдарға да көп пайда әкеледі. Сондықтан мемлекет «L-CAPITAL» сияқты заңды мекемелерді жан-жақты қорғауы тиіс. Мәселен, SPUTNIK.KZ агенттігі заңды «L-CAPITAL» АҚ-ын ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ деп жала жауып отыр. Мемлекет «L-CAPITAL»-ды осы жаладан арашалағаны жөн.

Ал «L-CAPITAL»-дан құнды қағаз сатып алған инвесторлардың тер төгіп тапқан ақшасын жоғалтып алғысы келмейді. «Сабыр түбі – сары алтын» дегендей сабыр сақтайық! «L-CAPITAL»-дағы ақша жоғалмайды. Өсімі бүгін төмендесе, ертең өседі. Инвестор болған халықтың қолында компанияның құнды қағазы бар. Ол «Құнды қағаздарды тіркеу» мемлекеттік мекемесінде тіркеулі тұр.

Міне, қолымыздан келгенше адамдарға бәрін түсіндіріп, шындықты ортаға салдық. Сөзіміздің соңында компанияның мемлекетімізден, үкіметімізден араша сұраған өтінішін келтіре кетуді жөн санадық.

«L-CAPITAL» АО акционерлері ретінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына көмек, қорғау, араша сұрап отырмыз. Қазіргі таңда бүкіл әлемде, Қазақстанда орын алып жатқан экономикалық  дағдарыс пен  пандемия салдарынан біздің акционерлік қоғам зардап шекті, оған қоса қоғамда қалыптасқан теріс ой-пікірлер біздің активтеріміздің құнсыздануына әкеліп соқты. Біз бірнеше жылдар бойы ұлттық инвесторлар ретінде экономиканың дамуына үлес қосып келдік. Енді осы бизнесті сақтап қалу үшін көмек сұрап отырмыз, жалпы отандық акционерлеріне қолдау көрсету керек деген ойдамыз. Сол мақсатпен «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасымен бірлескен брифинг өткіздік. Иә, еліміздің экономикасына қомақты үлес қосып жатқан бұл компанияға бәріміз араша түсейік! Оның қайта жанданып, жабылмауын тілейік! Себебі мұнда мыңдаған жандардың тағдыры жатыр, ағайын!

Шаргүл Қасымханқызы,

журналист