ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ӨРКЕНИЕТ ЕСІГІН АШАТЫН КІЛТ
Атырауда «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру: жаһандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы» тақырыбымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
Білім саласына жауапкершілік үлкен
Атырау облысы әкімдігі мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру: жаһандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы» деген тақырыппен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференция жұмысы қазіргі қазақ тілі жазуын латын әліпбиіне көшіру және мемлекеттік тілдің қазіргі заманда ақпараттық технологияның қарқынды өзгерістеріне сай дамуы мәселелеріне арналды. Латын қаріпіне көшуге байланысты зерттеулер біраздан бері жан-жақты жүргізілуде. Халықаралық деңгейдегі іс-шара жұмысына Еуропа мен ТМД елдерінен, еліміздің әр аймағынан бүгінгі қоғамдағы коммуникация теориясы мен лингвистика саласының мамандары, латын әліпбиіне көшірудің теориясы мен әдістемесін сараптаушылар, ана тілімізді терең зерттеп жүрген ғалымдар, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, оқытушылар, ұстаздар қатысты.
Конференцияда семинар, пленарлық мәжіліс және секциялық отырыстар маңызды тақырыптар бойынша өткізілді.
Алдымен басталған «Латын әліпбиіне көшу — заман талабы» атты семинар жұмысы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің акт залына лингвистика саласының ғалымдары мен зерттеушілерін жинады. Ғылыми-әдістемелік семинарды Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Кенжеғалиев Қайырғали Рысқалиұлы жүргізді. Құттықтау сөзді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашев алып, баяндама жасады:
— Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі жасалды. Енді 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшу жоспарланып отыр. Маусым айының соңында әліпбидің тұжырымдамасын бекітіп, қыркүйекте Ұлттық комиссияға ұсынамыз. Содан кейін латын қаріпіне оқу-әдістемелік жағынан көшу басталады, — деді Қуат Борашев.
Тақырыптық баяндама жасағандар: Тілешов Ербол Ердембекұлы — Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты; Қажыбек Ерден Задаұлы — А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор; Жүнісбек Әлімхан — А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор; Жексенғалиев Болат Өтеғалиұлы — ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары; Ақымбек Съезд Шардарбекұлы — Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент; Мамаева Гүлнар Бисенқызы — Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты; Исхан Бейбіт — Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты және тағы басқа да ғалымдар өздерін тоғандырған маңызды мәселелерді ортаға салды. Құнды зерттеулер баяндалды, тұжырымдар айтылды. Ғалымдардың қай-қайысы да ізденістері мен зерттеулерінде нақты ойларын мысалдар мен дәлелдер келтіріп сөйледі.
Латын негізіндегі ана тілі әліпбиін практикалық енгізу жұмыстарында білім беру саласына қойылатын міндеттер де, талаптар да, жауапкершілік те жоғары. Конференция аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде конференция қонақтарының қатысуымен мемлекеттік қызметкерлер, колледж бен мектеп мұғалімдері үшін «Латын әліпбиіне көшу — заман талабы» тақырыбында өткен ғылыми-әдістемелік семинар біраз мәселенің басын ашты. Семинар барысында мектеп мұғалімдері, жалпы білім саласындағы қызметкерлер өздеріне керекті маңызды деректер мен әдістемелік кеңестер алды.
Жүзге жуық ғылыми мақала сараланды
Түскі үзілістен соң конференция Салтанат сарайында пленарлық мәжіліспен жалғасын тапты. Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Талтенов Абзал Ахатұлының модераторлығымен өткен жиында елімізде латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдық өзекті мәселелері жайында құнды әңгімелер айтылды:
— Өздеріңізге мәлім, өткен 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи¬да¬ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді», — деп көрсетіп, еліміздің дамуында аса маңызды орын алатын бірнеше тапсырмалар айтқан болатын. Олардың ішінде «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», — деп қазақ тілі жазуын латын графикасына көшіруге байланысты бірнеше нақты міндеттерді атап өтті.
Латын графикасына ана тіліміздің әліпбиін көшіру бұған дейін де Елбасының халыққа Жолдауларында айтылған, нақты мерзімдері мен іске асыру тетіктері белгіленген болатын. Мақала жарияланғаннан бері үлкен жұмыстар атқарылуда. Латын графикасы негізіндегі әліпбидің нұсқалары жасалды, халыққа таныстырылды, бүкілхалықтық талдаудан өтті. Қазақстандықтардың, мамандардың ұсыныстарынан кейін өзгерістер енгізілді. Қазіргі таңда ең тиімді деген нұсқаны Мемлекет басшысы бекітті.
Елбасы біз «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек», — деп атап өткенін білесіздер. Әрине аса қомақты жұмыстар атқарылды. Әлі де талай жұмыстарды атқаруымыз керек, — деді Абзал Ахатұлы Талтенов кіріспе сөзінде.
Конференция жұмысына Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен келген ғалымдар, мамандар қатысты.
Мәжіліс басталар алдында қатысушылар еліміздің тіл саласындағы танымал ұстаз, ана тіліміздің дамуына зор еңбек сіңірген ғалым-қайраткер, Атырау жерінің перзенті Хасанов Бақытжан Хасанұлын мерейлі 80 жасымен құттықтады. Бақытжан Хасанұлы филология ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. Ол еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бастап тіл саясатының тиімді жүруіне өз еңбегін толассыз арнап мемлекеттік тілдік стратегияға қатысты лауазымды қызметтерді қажырмен атқарып келеді. Сыртқы істер министрлігінде дипломаттарды дайындау жұмысына қомақты үлес қосты. Қазақ тілі қызметінің әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерімен айналысып жүрген ғалым. Еңбектері бірнеше шет тілдеріне аударылған, қазіргі кездегі ана тіліміздің әлеуметтік-лингвистикалық проблемасы саласының зерттеулеріне үлес қосуда. Мерейгерді Атырау облысы Әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев құттықтады.
Мұнан соң халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның алғашқы сөзі Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевқа берілді.
— Әліпбиді ауыстыру аса маңызды, көптеген мәселені қамтитын тарихи оқиға екені белгілі. Сондықтан басталып отырған халықаралық конференция жұмысы осы маңызды мәселенің теориялық және практикалық сұрақтарын ортаға салуға, тілші-ғалымдарымыздың пікірлерімен бөлісуге бағытталып отыр. Соның ішінде латын графикасына ертерек көшкен туыстас түркі тілдес елдердің тәжірибесі, шетелдік ғалымдардың осы мәселеге қатысты салиқалы пікірлері де біз үшін қымбат деп есептейміз. Латын әліпбиіне көшуге қатысты ғылыми-теориялық, әдістемелік және қолданбалы бағыттардағы зерттеулер отандық ғылымның, соның ішінде жас ғалымдарымыздың ізденістеріне оң ықпал етіп, шығармашылық шабыт берері сөзсіз.
Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу — бұл біздің мемлекеттік тіліміз — қазақ тілінің дамуына, заманауи ғылым мен технологияның тіліне айналуына зор ықпал ететін фактор екені талас тудырмайды, сондықтан осы конференция аясында қазақ тілін дамытудың теориялық және тәжірибелік мәселелеріне байланысты ғалымдарымыз өз ойларымен бөлісіп, құнды ұсыныстар айтады деген сенімдеміз.
Конференция барысында жасалған ғылыми баяндамалар мен қабылданған ұсыныстар талқыға салынып отырған өзекті сұрақтар бойынша ғылыми-практикалық, әдіснамалық жағынан нәтижелі болады деген сенім білдіремін, — деді Нұрлан Асқарұлы.
Атырау өңірінде тәуелсіз еліміздің нығаюына, қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған республикалық және халықаралық деңгейдегі аса көлемді жұмыстар өз арнасымен атқарылуда. Аталмыш ғылыми конференция осы жұмыстардың бір дәлелі.
Конференцияда: Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бақытжан Хасанұлы; Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Борашев Қуат Қахарманұлы; А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Қажыбек Ерден Задаұлы; Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Тілешов Ербол Ердембекұлы; Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман; Әзербайжан Ұлттық Ғылым Академиясы Тілдер білімі институтының «Әлеуметтік лингвистика және тіл саясаты» бөлімі меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Баку Еуразия университетінің профессоры Майыл Биннатоглы Аскеров; Өзбекстан Республикасы Әндіжан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шахобитдинова Шахида; Қырғызстан халықаралық университетінің проректоры, қырғыз-түрік білім орталығының директоры, PhD докторы Ақылбеков Баатырбек Рысбекович; ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жексенғалиев Болат Өтеғалиұлы; ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы; А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жүнісбек Әлімхан тақырыптық баяндамалар жасады.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру: жаһандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының пленарлық мәжілісіне ұсынылған баяндамалар терең зерттеулерімен, өзектілігімен, сараптамалық қорытындыларымен құнды екені айтылып жатты. Жалпы халықаралық конференция жұмысына 100-ге жуық ғылыми мақалалар келіп түсіпті. Олардың барлығы да конференцияның екі күнінде қатысушыларға баяндалды. Әдістемелік семинарда, пленарлық мәжілісте өзекті тақырыптарды қамтыған маңызды ғылыми баяндамалар пікірлер мен ұсыныстарға ұласты. Университетте өткен секциялық жұмыстарда да конференция көтерген мәселелерге байланысты құнды ойлар ортаға салынды. Конференцияның ғылыми материалдар жинағы алдын ала баспадан шығарылды.
Осылайша халықаралық конференция латынға көшу мәселесіндегі өзінің үнін тыңдаушыларына жеткізе алды. Осылайша қазіргі кездегі қазақстандық қоғамдағы ең басты өзгерістің бірі болатын қазақ тілінің латын негізді әліпбиіне көшіру бойынша атқарылып жатырған және болашақта жүзеге асыруға тиісті жұмыстарға байланысты көптеген тұжырымдар ортаға салынды. Бұл жұмыстарды іске асыруда зиялы қауымның, білім саласы қызметкерлерінің да атқарар жүгі мен жауапкершілігі зор. Атырауда өткен «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру: жаһандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның нәтижелері мемлекеттік тарихи іске қосылған маңызды еңбек үлесі екені айтылды.
Светлана Муньянова,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Атырау облысы