Латын әліпбиі түркі жұртын біріктіреді

Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі – тәуелсіздіктен бері қарай ауық-ауық көтеріліп келе жатқан маңызды тақырыптардың бірі. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі өтпелі кезеңде түркі тілдес мемлекеттер арасында бұл тақырып аса маңызды орынға шықты. Сол қарқынмен Түркіменстан, Өзбекстан, Әзербайжан елдері латын әліпбиіне көшіп үлгерді. Алайда түркі тілдес елдердің ғалымдары Түркияда бас қосып, ортақ мәмілеге келіп мақұлдаған, түгел түркіге ортақ 34 таңбадан тұратын жаңа жазу үлгісі жоба күйінде қалып қойды. Аз уақыт өткенде Анкарада мақұлдаған ортақ әліпбиден түрлі себептермен бас тартқан бауырлас мемлекеттер әрқайсысы өз алдына жаңа жазу үлгісін қабылдады. Сонан бері осы жазумен бір буын ұрпақ көз суарып өсті. Бұлардың арасында Әзербайжан елі ғана латынға көшу мәселесін түбегейлі аяқтай алды деуге болады. Ал Өзбекстан болса кириллица мен латын нұсқаны қатар қолданып келе жатыр. Күнделікті өмірде, негізі, БАҚ-тарда әлі де кирилшені көбірек пайдаланып отыр. 

Қазақстан тәуелсіздіктен кейінгі уақытта латынға көшу мәселесіне бірден кірісе қойған жоқ. Оның түрлі себептері болды. Сол «түрлі себептер» күні бүгінге дейін өз әсерін тигізіп келе жатқан сияқты. Латынға көшу, қазақ тілін реформалау, тіл саясаты деген мәселелер негізінде ұлттың ұлт болып сақталып қалуына ықпал ететін, тілдің өмір сүруіне кепіл болатын маңызды факторлардың бірі екені белгілі. Өзге елдермен салыстырғанда біздегі тілдік орта мен қазақ тілінің мүшкіл халы біртіндеп оңалып келе жатқандығы тағы бар. Қазақстан елінің өзге жұртпен жарыспай-ақ «әліптің артын бағып» отыруының маңызды бір себебі осы болса керек.

Дегенмен қазақ елінде латынға көшу талпыныстары соңғы он жылдың ішінде 2-3 рет талқыланғандығы көңіл қуантатын жайттердің бірі дер едік. Солардың арасында біраз дүбір туғызғаны 2013-2014 жылдары басталған латынға көшу төңірегіндегі ғылыми талқылаулар болды. Басы өте жақсы әрі қарқынды басталған осы жұмыс бір жылдан соң саябырсып қалды. Келесі бір сілкініс 2017 жылдары қайта бсталды. Бұл кезде Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамда талқыланып жатқан кез еді. Мақалада айтылғандардың арасында латынға көшу мәселесі айрықша тақырып ретінде қарастырылып, «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері туралы» Парламентте тыңдау өткізілгені белгілі. Бұдан кейінгі уақытта тілші ғалымдар тарапынан түрлі жазу нұсқалары талқыға түсе бастады. Кейбіреулері көңілге қонымды болғанымен, белгісіз себептермен қабылданбай қалды. Ал ішінара нұсқаларды халық ұнатқан жоқ.

2019 жылы елімізде өткен Президент сайлауы секілді маңызды саяси жаңалықтардан кейін мемлекеттің тіл реформасына қатысты маңызды ұстанымдары туралы біраз ойлар айтылды. Мәселен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында осы мәселе төңірегінде ойларымен бөліскен еді.

«Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет. Латын әліпбиінің ұсынылған үш нұсқасы да жетілдірілмеген болып шықты. Сондықтан бұл проблемада шынайы ғылыми әдіс керек және жеңілдетуге болмайды. Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіздер, тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды!» – деді Мемлекет басшысы.

Содан бергі уақытта ғалымдарымыз арасында қызу пікірталастар өтіп келе жатыр. Дайындалған нұсқалар қоғамның талқысына тасталып, көпшіліктің пікірлері де ескеріліп келеді. Осы жерде Президенттің салмақты да сабырлы болып, науқаншылдыққа бой алдырмай, ғалымдарды тыңдауға кеңес беруі бұл мәселенің қаншалықты маңызды екендігін тағы да бір мәрте нақтылағандай болды. Бұлай дейтініміз, бізден бұрын латынға көшіп алған елдердің қабылдаған нұсқаларында кездескен кемшіліктер уақыт өте келе ашыққа шығып, жазу мен оқу кезіндегі қиындықтар және дыбыстардың жоғалуы төңірегінде оқтын-оқтын пікірлер айтылып келе жатыр. «Ортақ латын әліпбиіне көшу түгел түркінің басын біріктіруші факторлардың бірі болады» деген көзқарас өзектілігін жоймағанымен, ортақ іске құлшына кірісуші елдердің белсенділігі азайып бара жатқандай.  Себебі түркі елдеріне ортақ әліпбиге көшуден бірнеше мемлекет алыстап кетті. Дегенмен қазақ елі өзінің тілдік ерекшелігін сақтай отырып, дыбыстарды жоғалтып алмау, қолдануға оңтайлы болу сынды принциптерді басшылыққа ала отырып алға қадам жасауға тырысып келеді. Бұл іске Мемлекет басшысының айрықша назар аударып отырғандығы көңіл қуантады. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін өз мәртебесінде үздіксіз әрі тұрақты түрде дамытуға қоғамның барлық саласында қолданыс аясын кеңейтуге қолайлы жағдай жасау керектігі туралы маңызды нұсқаулар беріп келе жатыр.

Былтыр 30 наурыз күні Мемлекет басшысы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанованы қабылдады. Анар ханымның айтуынша, қазіргі таңда Тіл білімі институтының ғалымдары үш бағытта жұмыс атқарып жатыр екен. «Оның алғашқысы – әлемдік лингвистиканың бір саласы ретіндегі қазақ тілі ғылымының іргелі теориялық мәселелеріне арналған зерттеулер. Екінші бағыт – қазақ тілін цифрландыру, атап айтқанда, Қазақ тілінің ұлттық корпусы деп аталатын электронды ақпараттық ресурс жасаған. Үшінші бағыт – қазақ тілін реформалау. Ондағы мақсат – ғылым саласындағы қазақ тілінің қолданысын кеңейту» төңірегінде зерттеулер жалғасып жатқан көрінеді. Президент бұл жұмыстарға жоғары баға беріп, ғалымдарға сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысының тіл саясаты жағындағы ұстанымдары ғалымдарымыз тарапынан да қолдау тауып отыр. Тіл мәселесі өте өзекті әрі ұлттың ұлт болып сақталып қалуының маңызды кепілі екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл төңіректегі мәселелерді «7 рет өлшеп, 1 рет кесу» қағидасымен шеше алатын босақ, тәуелсіз Қазақстанның бағындырған белестерінің бірі ретінде болашаққа белгі болып қалар еді.

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ