Латын әліпбиіне көшкен түркі елдері қандай өткелдерден өтті?

Біз осы мәселемен тереңдеп айналысқан ғалымдарды әңгімеге шақырдық. Қазақстан тәуелсіздігіміздің 26-жылында Латын әліпбиіне көшуде батыл қадам жасады. Әрине, бұл қадамға мемлекетіміз бірден бармай, әліпбидің әлемдік тұрғыдағы қолданылу аясын кеңінен зерттеді. Әсіресе ғалымдарымызды бізден бұрын осы әліпбиге көшкен түркі тілдес елдердің тәжірибесі қызықтырды. 

Қазақстандықтар латынға көшуді қолдайды

Осы тұрғыда ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ғалымдары мен қызметкерлері де қыруар іс атқарды. Латын әліпбиіне көшу шарасына байланысты олар алдымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіп, өзге мекемелердің де ғалымдарымен, тіл саласының мамандарымен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен дөңгелек үстел отырыстарын өткізді.
Сауалнама нәтижесі бойынша негізінен еліміз тұрғындарының дені қазақ графикасының латын әліпбиіне көшетіні туралы жақсы білетіндігіне және қолдайтындығына көзіміз жетті.

Ресей түсіністікпен қарап отыр

Қазақ тілінің латын графикасына көшу туралы шешіміне стратегиялық маңызы бар көрші елдердің көзқарасы қандай? Жалпы ежелден көрші ел Ресейдің Қазақстанда қабылданған қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне орай көптеген мамандардың пікірі дұрыс екені байқалады. Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында ресми Мәскеу Қазақстанның латын әліпбиіне көшу туралы шешіміне «байыппен қарайтынын және оны Қазақстанның ішкі мәселесі деп білетінін» мәлімдеді. «Меніңше, бұл жағдайда біздің ұстанымымыз байсалды, түптеп келгенде қай тілді қандай деңгейде қолдану — бұл Қазақстанның ішкі ісі», — деді Карасин. Оның сөзіне қарағанда, жаңа әліпбиге көшуге қатысты жаңа жағдайға бейімделу біраз уақытты алады және айтарлықтай проблема туындамайды. Бұған дейін Ресейдің Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарников та Мәскеу Қазақстанның қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру шешіміне «түсіністікпен және құрметпен қарайтынын» мәлімдегенді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев бұған дейін латын әліпбиіне көшу үрдісі «орыс тілді тұрғындардың, орыс тілі мен басқа да тілдердің құқығына тимейтінін» бірнеше рет айтқан.
Әрине, Кеңес Одағында кирилл әліпбиінде ондаған жылдар бойы өмір сүрген көрші елдер үшін өткен онжылдықтар жүзеге асырылған лингвистикалық өзгерістер оңайға түскен жоқ. Тіпті, Түркияның өзі латын әліпбиге көшудің қиындығын 30 жылдай басынан өткізгенін естен шығармауымыз керек.
Біздің еліміз бүгінгі таңда әртүрлі себептермен өзінің тарихи Отанынан тыс қалған отандастарымызбен өмірдің барлық салалары бойынша тығыз байланыстарды орнатуға тырысады. Осыған байланысты қазақ диаспорасы, алыс және жақын шетелдерден келген ағайындар мәселесін қарастырудың өзектілігі мен маңыздылығы арта түседі.
Қазіргі замандағы түркі тілдес елдердің өзара мәдени және рухани ықпалдасуына негіздер қаланады. Әрине, кирилл әліпбиін қолданған заманда қазақ тілінің өрісінде ғылым мен әдебиеттің дамуында қомақты дүниелер жасалмады деуге болмайды. Өткен ғасырдың 40 жылдарынан бастап қазіргі кезеңге дейін қазақ халқының мәдениеті, рухани әлемі, демографиясы үлкен секіріс жасады, дамыды. Сондықтан болашақта жоғарыдағы рухани байлығымызды ұмытпай, әрдайым осы екі әліпбидің өзара байланыстарын сақтап, өрбітіп отырғанымыз да орынды.
Институттың үш топқа бөлінген ғалымдары шет мемлекеттерге барып, латын әліпбиіне қатысты сол елдердің тәжірибесін зерттеп қайтты. Енді соған тоқталайық.

Латын графикасына көшудегі Әзірбайжан үлгісі

Әзірбайжанда 1919 жылдары араб әліпбиін өзгерту сөз бола бастады. Әзірбайжан КСР-і құрылған соң 1922 жылы жаңа алфавит бекітіліп, үш жылдан кейін араб әліпбиімен қатар латын қарпі де қатар жүреді.
Осы арада назар аударатын жәйт, 1926 жылға дейін барлық түркітектес халықтар бір-бірінің тілін еш қиындықсыз түсінетін. Осыдан кейінгі алфавитті жиі ауыстырудың астарында саяси әрекет жатыр.
Сонымен, 1926 жылдың 26 ақпанында Бакуде өткен алғашқы Бүкілодақтық түркология съезіне түркі халықтарының өкілдері, елдің ғылым академиясының мамандары, шығыстану ғылыми қауымдастығының, Украина академиясының, Закавказье шығыстану қауымдастығының, Түркияның, Германияның, басқа да шетелдің мамандары қатысты. Сол жолы Бүкілодақтық жаңа түрік алфавиті орталығы құрылады. Осы сәттен бастап араб әліпбиін пайдаланып келген түркітектес елдерде ұйымдасқан түрде жаппай кең көлемде латынға көшіру науқаны басталады. Ал 1939 жылы халық пікірімен санаспай «орталықтың» қысымымен әзірбайжан алфавиті де кириллицаға көшіріледі. Ол он жылдан аса уақыт қолданылды. Сөйтіп, 1939- 2001 жылдар аралығында Әзірбайжан республикасында да кириллица алфавиті пайдаланылды. 1991 жылы 25 желтоқсанда Әзірбайжан республикасының парламенті «Әзірбайжан алфавитінде латын графикасын қайта қалпына келтіру» туралы заң қабылдайды. Сол сәттен бастап Республика жоғарғы кеңесінің ұлттық кеңесі латын графикасына өтуді екі кезеңге бөліп қарады. Философия институтының ғалымдары негізге алған жаңа алфавитті қабылдауға жол ашады. Ол өз кезегінде компьютерлік тіл технологиясын негізге алуға, халықаралық терминология мен әлемдік ақпарат кеңістігіне бейім ағылшын тіліне көңіл бөледі. Екіншіден, әлемдік ақпарат көздеріне шығу орыс тілінсіз жүзеге асырылады, үшіншіден, әзірбайжан халқы өзінің шығу тегі түрік екендігіне назар аударып, түрік бірлігіне басымдық береді. Осылайша 1992 жылы Әзірбайжанда алғашқы сыныптан бастап жаңа алфавитпен оқуды қолға алады. Мерзімді басылымдар кириллицамен қатар латын әліпбиінде шыға бастады. Үкімет 1993 жылы білімнің барлық саласында латын графикасына көшуді аяқтау қажеттігін жоспарлайды. Алайда бұл шара шын мәнінде өте баяу, қиындықпен жүрді. Сол тұстағы Әзірбайжан президенті Гейдар Алиевтің іс-қағаздарын, бүкіл баспа бұйымдары мен газет журналдарды түбегейлі латын әлпбиіне көшіру туралы 2001 жылғы жарлығымен жүзеге аса бастайды. Ал көркем әдебиеттер мен ғылыми кітаптарды, классиктердің еңбектерін, энциклопедияларды латын қарпімен басып шығару 2004 жылы жүзеге асады. Сөйтіп 2001 жылы толықтай латынға көшті.
Қазір көптеген маман сарапшылары Әзірбайжанда латын әліпбиіне көшу өте байыпты, қалыпты жағдайда өтті деп санайды. Халық аталмыш реформаны толық қолдады. Бұл жерде республика жұртшылығының 90 пайызы әзірбайжан халқы екенін де ескеру қажет. Сонымен қатар, Түркия жақын, екі елдің тілі де өте ұқсас, экономикалық, сауда-саттық байланыстар оң әсерін тигізіп, орыс тілінің ықпалынсыз әлемдік, еуропалық білім беру саласының нығаюы өз пайдасын тигізген.
Латын әліпбиіне көшу барысында қарсыластар да аз болмаған. Сондағы исламистер тіпті араб графикасына көшу керектігін ұсынған, себебі Иранда отыз миллиондай әзірбайжан өмір сүреді дегенді алға тартқан. Ал орыстілділер болса, кирилл алфавитінде қалуды жөн көрді. Енді біразы Ирандағы отандастарымен байланыста болуды қалап, парсы тілінде көшуді ұсынады, ал бірқатары бірыңғай түрік алфавитіне өтуді жақтап шығады.
Сонымен, Әзірбайжанда латын әліпбиіне көшудің алғашқы кезеңі мектеп оқулықтарын қайта шығару, ақпарат құралдары, мерзімді басылымдар мен телевизия саласын жаңарту, одан кейінгі жылы көшедегі жазбалар мен жарнамаларды латын графикасында ілу, басқа да шаралар іске асырылған. Осылайша бес жыл ішінде барлық жұмыс жүзеге асып, латын алфавитіне көшу іске асты.
Бұл арада ғалымдардың пікірінше, ел Президентінің саяси ерік-жігері, мемлекетті латын алфавитіне көшіруде жүргізген жан-жақты іс-шарасы маңызды рөл атқарған. Мұндай батыл шешім мен қазақ елінің болашағы үшін іске асырылып отырған саяси ерік-жігер Қазақстан Президенті тарапынан да көрініс тауып отыр, бұл латын әліпбиіне көшуде табысты боларына сенім кәміл.
Әзірбайжан ТМД елдері қатарында латын әліпбиіне көшудің алғашқысы, сондықтан өзгелердің тәжірибесіне жүгінуге мүмкіндік болмаған. Тіл реформасын жүргізуде әлемдегі және көрші елдер және сарапшылар мен ғалымдар тарапынан оң бағасын алғаны байқалды. Ұлттық бірегейлік, ең бастысы тарихи-мәдени тұрғыда ұлттық сананың өсуі өз жемісін берген. Дегенмен, жекелеген азаматтардың пікірінше, латын әліпбиіне көшу, әсіресе әзірбайжан тілінде елдегі білім саласының деңгейі төмендегенін көрсетеді. Осыған орай латын әліпбиіне көшуде жан-жақты жетілдірілген, тілдің өзіндік ерекшеліктеріне негізделген озық үлгідегі қаріпті таңдай білу маңызды.

Өзбекстанның жаңа әліпбиге көшуі

Біздің іссапарымыз барысында үш кездесу өтті: Әлішер Науаиы атындағы өзбек тілінің Ташкент мемлекеттік университетінде, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде, Өзбекстан ҒА өзбек тілі, әдебиеті мен фольклоры институтында өткен кездесулердің мақсаты өз жемісін берді.
Әлішер Науаиы атындағы университет ректоры, танымал өзбек ғалымы Шухрат Сирожиддинов өзбек жазуын латыншада жетілдіру тапсырмасын орындау үшін филология ғылымдарының докторы, профессор Саодат Кудайбердіқызы Мухамедова басқаратын жұмыс комиссиясының құрылғандығын атап көрсетті.
Саодат Мухамедова өзбек қоғамында бүгінгі күні латын әліпбиіне қатысты ұрпақтар арасында өзара бөлінушілік қалыптасқандығын атап өтті. Өзбек жастары бірінші сыныптан бастап латын әліпбиінде білім алады және ары қарай тек осы жазуды қолданады. Кириллицада оқыған аға буын өкілдері болса латын әліпбиін қолдануға қиналады, сондықтан алғашқы әліпбиді қолданады. Мемлекет жазуды қолдану мәселесінде мәжбүрлеушілікті қолданбайды және қолданғысы келмейді, сондықтан осы тұрғыда ұрпақтар арасында бөлінушіліктер бар.
Жалпы алғанда әлеуметтік өмірде латын әліпбиінің үстемдігі байқалады, сонымен бірге кириллица да қатар қолданылады. Біздің өзбек әріптестеріміз атап айтқандай барлық кездесулерде, газеттерде жоғары деңгейде кириллица үстемдік етеді, алайда балалар мен жастарға арналған газеттер мен журналдарда латын әліпбиі қолданылады. Ал егер жастар көп қолданатын интернетті алар болсақ, онда да латын әліпбиінің артықшылығы байқалады. Қоғамдық кеңістікте, көшелердегі және ұйымдардағы жазуларда көп көлемде латын әліпбиі қолданылады, сондай-ақ, өзбекше жазу үшін кириллицаның да үлес салмағы аз емес.
Профессор С.Махмудованың пікірі бойынша шамамен бұл 80% латыншаның пайдасына тиесілі. Өзбекстандағы барлық оқу үдерісі латыншаны қолдануға негізделген. Барлық оқу құжаттары латын әліпбиінде жүргізіледі. Сонымен қатар ол мемлекеттік ұйымдарда құжаттама қағаздары көп жағдайда кириллицада жүргізілетіндігін мойындады.
2018 жылы Өзбекстанда өзбек тілінің латын әліпбиіне көшуіне 25 жыл толады. Бастапқы кезде латын әліпбиі қоғамда жалғыз әліпби болады деп жорамалданған болатын. Алайда кирил-лицаның елде қолданылуы жалғасын табуда. Бұл кириллицаны аға буын ғана емес, жастардың да қолданатындығын көрсетеді. Біз сұрақ қойған сарапшылардың барлығы жастар латынша оқығанмен күнделікті өмірде және жұмыста кирилицамен бетпе-бет кездесіп отыратындығын және оны тез игеріп алатындығын алға тартты. Тіпті көпшілігі өздерінің қызметінде, мысалы мемлекеттік ұйымдарда да қолданады.
С.Мухамедованың ойынша, әрине «Бір тіл — бір әліпби» жағдайы болса жақсы болар еді, алайда мемлекет адамдарды тек латынша қолдануға күштей алмайды, сондықтан екі әліпби әлі күнге дейін қолданылып отыр.
Өзбек тілінің латынша дара әліпбиі болуы үшін қанша уақыт қажет деген сұраққа, барлық сарапшылар бұл проблема ұзақ сипатқа ие екендігін айтты. 1990 жылы тіл реформасының алғашқы кезеңінде-ақ латыншаға кезең-кезеңмен көшудің мемлекеттік жоспарында мерзім — 2010 жыл ретінде белгіленген, осы кезде барлығы латын графикасына көшуге тиіс болған. Алайда объективті себептер тұрғысында бұл тапсырма мерзімінде орындалмады. Уақыт өте келе мемлекет пен қоғам ішінде мәселенің күрделі екендігіне көздері жетті. Бүгінгі таңда мемлекет өзбек тіліндегі баспалар мен басқа да күнделікті өмірдегі латындандырудың нақты мерзімін көрсетпейді. Тек нақты мерзімге белгіленген әліпбиді, емлені, орфографияны және басқа да жазудың аспектілерін, атап айтқанда 2020 жылға дейін жетілдіру бойынша қысқа мерзімде жүзеге асыру туралы міндеттер қойылуда.
Өзбек әріптестер өз елдерінің латыншаға өту тәжірибесін «сәтсіз» қадам ретінде қарастырмайды. Олар осы өтудің кейбір қиыншылықтарын мойындайды, бірақ өзбек әліпбиін латындандырудың тілдік реформасын дұрыс бағалайды.
Осы қиыншылықтар арасында профессор Саодат Мухамедова қазіргі өзбек тілінің латынша нұсқасын көрсетеді. Бәрімізге белгілі, түрік тілдерінің латынша әліпбиін жасағанда ең басты қиыншылық латын әліпбиінде бар жоғы 26 әріптің болуы және ол осы тілдердің барлық дыбысын белгілеуге жетпейтінінде. Өзбек тілінің латынша бірінші әліпбиінде осы мақсатта диакритикалық таңбалар қолданылды (белгілер, нүктелер мен басқа символдар). Бұл әліпби 1993 жылы енгізілді, кейін көп кешікпей одан бас тартып, екі жылдан кейін латын әріптеріне екі диграф қосылған және екі әріп апострофпен жазылатын қазіргі қолданылып отырған әліпби бекітілді.
Оқулықтарды және басқа да әдістемелік құралдарды басып шығару мемлекеттің қолдауымен іске асады. Сарапшылардың пікірі бойынша қазақстандық ғалымдар болған барлық төрт ұйымдарда да өзбек қоғамына латыншаны енгізуге байланысты мемлекет тарапынан бөлінген қаржыландыру жеткілікті деңгейде. Жалпы алғанда сарапшылар өзбек тілінің латыншаға өтуі ұлттық бірегейлікті нығайтуда жағымды рөл атқарғандығымен келісті. Сарап-шылардың ойы бойынша латын әліпбиі Өзбекстан тәуелсіздігінің символы ретінде танылады.

Түркия тәжірибесі нені көрсетеді?

Түрік тілін латын графикасына көшіруге деген қызығушылық XX ғасырдың басында Осман империясы тұсында пайда болды. Бұл 1920 жылдың басында КСРО-да, сонымен қатар Әзірбайжанда жүргізілген латындандырылған әліпбиге өтуге дайындық жұмысының салдары еді. Бұл жұмыс бұрын араб графикасын қолданған кеңестік республикаларындағы латындандырылған әліпбиді енгізу туралы Түркітану съезінде (Баку, 1926 ж. наурыз айында) енгізілген шешімнің қабылдануымен аяқталды. Түркияда латын графикасына көшуге байланысты сұрақты 1926 жылы Баку қаласында өткен Түркітану съездіне қатысқан Мехмед Фуад Копрулу көтерді.
Ұлттық интеграция жылдары (1923-1928) жаңа әліпбиге қатысты сұрақтар үлкен мәнге ие болды. Мұстафа Кемаль Ататүрік латын негізінде жаңа әліпби әзірлейтін комиссия құру туралы жарлық шығарды. 1928 жылғы 9 тамызда әліпби реформасы туралы жұмыстың аяқталғаны туралы ресми түрде президент Мұстафа Кемаль Ататүрік хабарлады. 1928 жылы 1 қарашада ТЖҰК кезекті сессиясының бірінші отырысында түрік Мәжілісі жаңа әліпби енгізу туралы заң қабылдады. Ол 29 әріптен тұрды (21 дауыссыз және 8 дауысты дыбыс) және 2 таңба.
Сапар барысында түркітану, түркі филологиясы, лингвистикасы, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеумен айналысатын түрік ғалымдарымен біздің делегация бірқатар кездесулер өткізді.
Түркия мен Қазақстандағы латын графикасына өтудегі айырмашылық біршама, өйткені түріктердің араб графикасынан ауысуы күрделі жағдайда және тәжірибе жүзінде халықтың көп бөлігінің жазба сауатсыздығы аясында жүзеге асырылды. Бұл үрдісте өзінің саяси шешімімен жедел және қатаң тілдік реформаны іске асырған түрік көшбасшысы Мұстафа Кемаль Ататүрік негізгі рөлді атқарды, нәтижесінде түрік тілінің латындандырылу үдерісі бес айда аяқталған. Латын графикасына өтудің тағы бір себебі — Түрік Республикасы үкіметінің еуропалық мемлекеттерге, еуропа өркениетіне жақындауға ұмтылысы саяси жаңғырудың міндеті ретінде қарастырылды.
Сонымен қатар, түрік тілінің латын графикасына өтуі зайырлы түрік мемлекетінің құрылу үрдісімен, ұлттық идеяның нығаюымен түсіндірілді, соған байланысты осман кезеңіндегі ескірген идеологемдерден бас тарту қажет болды. Сондай-ақ, Түркияда османдық мәдени мұраларды қазіргі түрік тіліне аудару бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып отыр, бұл әліпбидің ауысуы өте күрделі және ұзақ үрдіс екендігін көрсетеді.
Жоғарыда айтылғандай, түрік тілінің латын графикасына көшуіне дейін түрік халқының көпшілігі сауатсыз болған. Осыған байланысты тілдік реформаны талқылау мен іске асыру үрдісінде ғылыми интеллигенцияның рөлі жоғары болды. Сол кездің ғалымдары арасында бірыңғай түсінік болмады. Бірі әліпбидің ауысуын дер кезінде деп есептесе, басқалары асықпау керектігін және кезең-кезеңмен өтуге кеңес берген. Сонымен бірге латынға көшу ислам әлемінен алшақтауға әсер етеді деп ойлаған. Алайда Ататүрік іске асырудың нақты мерзімін белгіледі және түрік әліпбиін латыншада әзірлеу және оны іске асыру механизмдерін жасауды міндеттеген ғалымдардан, оқытушылардан, жазушылар мен үкімет мүшелерінен құралған комиссияны құрды.
Ғалымдардың бірауыз пікірі бойынша латын графикасына өтудегі түрік тәжірибесі 80 пайыз есебінде табысты болғандығын атауға болады, өйткені реформаны іске асырудың бастапқы кезеңінде халықтың тек 7 пайызы ғана сауатты болып есептелген, ал іске асырудың алғашқы жылдары халықтың сауаты екі есеге артқан, ал содан кейін 60 пайызға дейін тілдік реформаны жүргізу түрік қоғамының барлық этностық топтарының интеграциясына, бірігуіне, ұлттық бірегейлігінің нығаюына жол ашты.
Түрік мамандарының есебі бойынша Түркияда араб графикасынан ауысу кезінде болған (оңнан солдан қарай жазылуындағы айырмашылық) лингвистикалық ерекшеліктер аясындағы үлкен қиыншылықтар Қазақстанда латын әліпбиіне өтуде болмауы тиіс. Бұл тұрғыда кириллица мен латын негіздері бір-біріне ұқсас.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев бекіткен латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы-на қатысты түрік ғалымдары латыншаға көшу туралы шешім жалпы дұрыс және дер кезінде екендігін атап өтті. Аталған шешім ортақ түркі тілдес мәдени кеңістіктің қызмет етуі үшін жағымды жағдай қалыптастыруы мүмкін. Алайда кейбір дыбыстарды беру кезінде апострофтарды қолдану өте сәтсіз болуы ықтимал. Түркітану зерттеу институтының докторы Сема Дениздің пікірі бойынша бір әріп бір дыбысты қолданудың орнына апострофтарды қолдану кезінде бір белгінің орнына екеу қолдануға тура келеді, ол клавиатура тұрғысынан қолдануда да ыңғайсыз. Сонымен қатар апострофтарды қолдану кезінде сөздер бөлінеді және тұтастай көрінбейді.
Түрік ғалымдары Қазақстанның латын графикасына өтуде неге қазір қолданып отырған басқа да түркі тілдес елдердердің табысты тәжірибесін жеткілікті түрде қолданбайды, мысалға Түркияның тәжірибесі дегенді айтады. Түрік әріптестердің пікірі бойынша егер біз түркі әлемінің интеграциясын айтар болсақ, онда графикадағы күшті айырмашылық қазақша мәтіндерді түсінуде қиыншылықтарға алып келуі мүмкін. Жалпы алғанда түрік мамандары үшін «Бір дыбыс — бір әріп» ұстанымы өте маңызды. Сондай-ақ, дауысты және дауыссыз дыбыстардың сингармонизмі.

Түркі тілдес елдердің ұлттық бірегейлігін нығайтады

Әзірбайжан, Түркия және Өзбекстан тәжірибесі ұлттық тілдің латыншаға өтуі тілдің латындандырылуы мен тілге байланысты барлық әлеуметтік саланы толықтай қамтуға қол жеткізетін ұзақ үдеріс. Өзбекстанда өзбек жазуында латыншамен қатар кириллица қолданылып жатқанда Әзірбайжан мен Түркия латын графикасына тез өтуге қол жеткізе алды.
Түркі тілдес елдердің ұлттық тілдерінің латын графикасына өтуі ұлттық бірегейлікті нығайту мен қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған өте маңызды әлеуметтік-саяси тиімділігі ретінде негізгі нәтижелерге қол жеткізді. Латыншаға өту осы елдердің мемлекет құраушы ұлттарының тілі мен мәдениеті негізінде көпэтносты қоғамның ұлттық бірлігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Серік Нұрмұратов, Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, ғылым докторы, профессор. 
Саясат БЕЙІСБАЙ, Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім жетекшісі.