Латын графикасына көшу — заман талабы
Облыс әкімі бекіткен арнайы іс-шаралар жоспарына сәйкес «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақтанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобаларын іске асыру басты мақсаттың бірі. Сондықтан, жыл басында «Рухани жаңғыру» жобалық офисі құрылған еді. Бұдан бөлек «Ұлы даланың жеті қыры» жобасын іске асыру бойынша осы жылдың 21 қаңтарында облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген еді. Осыған байланысты жылдың І-ші жартыжылдығында 926 млн теңгеге қаржы бөлініп, 59 жоба жүзеге асқан. 720 іс-шара өткізіліпті. Дегенмен, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру өте өзекті, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар бойынша облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова өңірлік комуникация қызметінде өткен брифингте егжей-тегжейлі айтып берді.
– Латын әліпбиін және жаңа қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін үйрету бойынша тиісті сала мамандарын қайта даярлауды бір орталықтан жүргізу мақсатында облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқыту орталығында кадрлық, материалдық техникалық базаларын күшейту бағытында жұмыстар атқарылды. Жаңа әліпбиді үйрету, әдістемелік көмек көрсету мақсатында былтыр 5 қыркүйекте ашылған «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинетінде ұлттық әліпбиді насихаттау бойынша семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдардың онлайн кеңестері тұрақты өткізіліп отырады. Ағымдағы жылдың мамыр айынан жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерін меңгеру бойынша 36 сағаттық оқу курсының бағдарламасы әзірленіп, 103 адам оқу курсынан өтіп, сертификаттар табысталды. Оқу курстарын Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының 72 сағаттық оқу курсынан өткен тренер оқытушылар жүргізеді. Қазіргі таңда 8 қызметкер сертификатталған тренер. Республикада алғашқылардың бірі болып Елбасының №637 Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жаңа заман талабына сай интернет-технологиялар мүмкіндіктерін пайдалана отырып оқып, жазуға үйрету мақсатында Qazalipbi.kz онлайн оқыту бағдарламасы әзірленді. Интернеттің кез келген браузерлері мен смарт телефондар арқылы кіруге болатын Qazalipbi.kz онлайн оқыту бағдарламасы – қазақ тілді аудиторияға, яғни латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін үйренуге ниет білдірген кез келген азаматтар үшін қолжетімді, тегін, уақыты шектеусіз, 18 сабақтан (теориялық, практикалық, бағалау бөлімдері) тұрады. Жаңа әліпбиді жеңіл меңгеруге ықпал ету мақсатында барлық аудандар мен Тараз қаласында семинар-тренингтер жиі ұйымдастырылуда, – деді ол.
Сонымен қатар, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін мейлінше халыққа оңайырақ ұғындыру, үйрету мақсатында басқарманың «Латын негізді жаңа әліпби және жазу реформасы» әлеуметтік жобасы аясында «77» TV телеарнасынан «LatynLIVE» телебағдарламасы айына 2 рет эфирге шығатынын айта кетуіміз керек. Жалпы жыл басынан бері латыннегізді әліпбиді өңір тұрғындарына түсіндіру мақсатында 96 іс-шара өткізіліп, оған 32 969 адам тартылыпты.
Әлім Мұратов
Жамбыл облысы