Лавр жапырағының пайдасы
Біз лавр жапырағын тағамға өзіндік дәм, иіс беретіндігі үшін қосамыз. Ал оның үй жағдайында басқа да пайдалары бар екенін ескермейміз. Кептіргеннен кейін ол өзінің барлық емдік қасиетін құрамында сақтайды. Оны жабық ыдыста, құрғақ жерде сақтаған жөн.
Тағамға қосқанда ұзақ қайнаса, қышқылтым дәм шығарады, сондықтан оны сұйық тағамға пісуіне 5 минут, ал қою тағамның пісуіне 10 минут қалғанда ғана қосқан абзал. Бұл жапырақтың үй шаруасында пайдасы орасан. Егер ауыздан жағымсыз иіс шығып, мазаны алса, гингивит, стоматит (ауыздың сілемейлі қабығының қабынуы), қызыл иектің қабынуы ауруларында күніне бірнеше рет лавр жапрырағын шайнап, содан соң бір сағат бойы ештеңе жемеу керек. Мұнымен науқас жатқан бөлмені бактериядан тазартуға да болады. Ол үшін бірнеше жапыраққа ыстық су құйып, 15 минут тұндырып қояды да, содан соң оны тостаққа құяды. Сол кезде бүкіл бөлмеге жағымды иіс тарап, ауру бактерияларын жояды. Егер аяқ терлеп, жағымсыз иіс шығарса, 30 тал лавр жапырағына ыстық су құйып, 3 сағат тұндырады. Сол тұнбаға жылы су қосып, 10 минут аяқты малып отыру қажет. Құрт ауруымен ауырғанда иммунитетті көтеру үшін, қант диабетінде ағзадағы қант мөлшерін түсіру үшін тұнбасын ішуге болады. Тұнба даярлау әдісі: 10 тал жапыраққа 1 кесе қайнаған су құйып, 3 сағаттай тұндырып қойған соң, күніне үш рет жарты кеседен ішеді.
Гүлфия Елемесова