Легионерлерге иек артқан дұрыс па?

Көпшілік үшін спорт денсаулық кепілі болса, енді біреулер үшін ол өмірінің мәні мен сәні, материалдық жағдайын жақсарту құралы болып табылады. Рас, Олимпиада иә әлем, Азия чемпиондарын дайындау оңай шаруа емес. Өйткені ол аталған спортшыларды дайындауға, олардың шеберлік деңгейлерін шыңдауға көп қаражат жұмсауды қажет етеді. Қаражаттың жетіспеуін желеу еткен қайсыбір спорт түрінің басшылары спортшыны бала жастан бастап дайындап, шүмектетіп тер төккенше, басқа елдердің тәжірибелі, толық қалыптасқан спортшыларын алып, оларға Қазақстан төлқұжатын беріп қазақиландырып, соның жемісін жеуді мақсат тұтады.

1434622542Мұны жақтаушылар сол арқылы отандық спортшылардың шеберлігі артады десе, оған қарсылар бұл арқылы өз еліміздің жастары спорттан шет қалып, шеберліктерін шыңдау мүмкіндігінен айырылады деген желеуді алға тартады. Бұл пікірлерге төрелік айтпай-ақ қоялық. Дегенмен, жоғарыдағы тәсілге тек біздің елдің мамандары ғана емес, басқа елдер де жүгінетінін жоққа шығаруға болмайды. Соған дәлел — қазаққа қатысы бар, бірақ өзге елдің намысын қорғап жүрген спортшылар. Солардың біразын мысалға келтірсек дейміз. Мәселен, 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін боксшы Теймур Маммадов Әзірбайжан елінің намысын қорғап жүр. Ол Рио Олимпиадасының ашылу салтанатында осы ел құрамасының туын көтеріп шықты. Бокстан Еуропа чемпионы, Лондон Олимпиадасының, әлем біріншілігінің қола жүлдегері. Оның нағашылары — Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары.

Риода Қытай құрамасының намысын қорғайтын еркін күрес шебері Ерланбек Кәтейұлы біздің елімізде өткен түрлі турнирлерге жиі қатысады. Азия ойындарының қола жүлдегері. 75 келіде сынға түсіп жүрген Ресей былғары қолғап шебері Артем Чеботарев — қазақтың 2122E2D2-EE92-4E40-9033-1C87EF25BEAE_w987_r1_sжиені, оның анасы — Дина есімді қазақ қызы. Еуропа чемпионы, әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері оның үлкен спорт жолына аяқ басуына нағашы ағасы Еділбай Қазиев зор үлес қосқан. Грек-рим күресінен 59 келіде белдесетін Елмұрат Тасмұрадов жарыстарға Өзбекстан атынан шығады. Ол үш рет Азия чемпионы, екі рет әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған. Биылғы Рио олимпиадасында ол да өзбек акаларға қола медаль жеңіп алып берді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Жалпы, спортта әділетсіздіктер жиі орын алатыны жасырын емес. Ол легионерлерге ғана емес, отандық спортшыларға да қатысты. Мәселен, сондай әділетсіздік Рио олимпиадасында да орын алды. Мәселен, 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ақтық финалда ресейлік Евгений Тищенконы бұрыштан бұрышқа қуып жүріп сабап, сау-тамтығын қалдырмаса да, төрешілер жерлесіміз Василий Левитке обал жасап, жеңісті оның қарсыласына беріп жіберді. Содан да болар, төрешілер жеңісті орыс боксшысына беріп, рингтегі рефери орыс спортшысының қолын көтергенде көрермендер бұған разы болмай, наразылықтарын: «Қазақстан, Қазақстан!» — деп айқайлаумен білдіріп, бүкіл залды бастарына көтерді. Ресей құрамасының бапкері Эдуард Кравцовтың өзі: «Спортшылар мен бапкерлердің еңбегін дұрыс бағалау қажет. Левит пен Тищенко жекпе-жегі бойынша қалыптасқан жағдай жалпы әуесқойлар боксына абырой әпермейді. Енді, не айтуға болады, бұл жекпе-жекте кімнің жеңгенін бәрі көрді! Мен өзім әділ төрешілікті қалаймын. Сондықтан бапкерлер мен спортшылардың еңбегі тиісті деңгейде бағалануы қажет деп санаймын! Біз, бапкерлер, «станоктың» қасында тұрған адамбыз ғой. Сол себепті Виталий мен оның бапкерлеріне, жалпы бүкіл бокс бойынша «әттеген-айдан» басқа ештеңе айта алмаймыз! Өйткені ринг айналасында болып жатқан бұндай жағдайлар біздің спортымызға абырой әкелмейді. Өкінішке қарай, бұл Олимпиадада болған жалғыз жекпе-жек емес. Оны бір реттік оқиға емес, үдеріс деп атау қажет. Әрине, біздің боксшымыз да рингке жеңіске жету үшін шықты. Соның қолын көтерсе, боксшының кінәсі жоқ. Енді, қайтеміз, бергенін алдық…» — деп мойындаса, танымал ресейлік промоутер Владимир Хрюнов қазақстандық боксшы Виталий Левитке шеберлігі үшін «Вэл Баркер» атындағы кубокты беруді ұсынды. Нағыз әділ пікір осы деу орынды. Мұндай абыройсыздыққа душар боламыз деп ойламаған төрешілер өздерінің жіберген қателіктерін мойындаған болулары керек, кездесудің екінші раундында біздің жерлесіміз Даниярдың қасы жарылған кезде бұра тартуға желеу таба алмай, амалсыздан жарыс ережесіне бағынуға мәжбүр болды. Сөйтіп, оның қарсыласы француз Сисокконы жарыс ережесін бұзып, қолғаптың сыртымен ұрды деген айыптаумен жарыс жолынан шығарып тастады. Бұл төрешілердің рақымшылдығы емес-тін, жарақат алған кезде қай спортшы есепте алда келе жатса, жеңіс соған берілетіні туралы ереже бар. Данияр болса, кездесу тоқтатылған сәтке дейін ұпай санымен алда келе жатқан болатын. Төрешілердің әділетсіздігінен біздің тағы екі боксшымыз көпе-көрнеу жарыстан шығарылды, олар — Олжас Сәттібаев пен Қайрат Ерәлиев.

Ал еліміз зор үміт күткен Жәнібек Әлімханұлының әзірбайжандық спортшыға есе жіберуінің астарында бір құпия сыр бар сияқты көрінеді де тұрады. Көрермендер пікіріне жүгінсек, бұл кездесудің нәтижесі алдын ала шешіліп қойған. Екінші болжам — кездесу қорытындысы шаршы алаңнан тыс жерде мүдделі топтар арасында жасалған келісімге сәйкес, сатылып қойған. Әйтпесе, тәжірибелі боксшының жұдырықтасуды жаңа бастаған дебютанттай өз білгенінен жаңылып, соншама сылбыр қимылдауы миға қонбайды. Шыны керек, кәсіби мамандарды былай қойғанда, қатардағы көрермендер де Жәнібектің бойында бас кезінде болған жеңіске деген жігердің жасып, көзіндегі оттың сөніп қалғанын байқап қалған-ды. Біздің «Неге?» деген сұрағымызға ғаламтордан әлгі Ресей құрамасының бапкері Эдуард Кравцовтың берген сұхбаты жауап бергендей болды. Сонда бапкер:  «Біздің бокс саласында қарсылық білдіруге болмайды. Ереже солай. Ал ондай бокс кімге керек?! Үш раунд бойы осы әзірбайжандық Камран Шахсуварлы біздің боксшымыз Чеботаревті ұстап, уақытты созуға тырысты, күресіп жүрді, баспен қауіпті қимылдар жасады. Менің бокста жүргеніме 20 жыл болды. Сондықтан судьяның қай кезде жеңісті беруге «оқтаулы» екенін, қай кезде «оқтаулы» емес екенін білемін. Осы жолы рефериден бастап, судьяларға дейін бәрінің жеңісті беруге «оқтаулы» болғанын байқадым. Біз боксты танымал етеміз дейміз. Бірақ қазір осы салада не болып жатқанын адам баласы түсінбейді. Жеңісті ол адамға не үшін берді? Ештеңе істемей, күресіп тұрып алғаны үшін бе? Қарсыластың қолын байлап қойғаны үшін бе? Рефери тарапынан да объективті емес әрекеттердің болғаны байқалды. Шамасы, Әзірбайжанның атқарушы комитеттегі (АИБА-ның) мүшесі жақсы жұмыс істеп жатқан болуы керек», — деп атап көрсеткен. Содан кейін біз де ішімізден: «Біздің Жәнібек те неліктен жеңілгендігін сол себепті ашып айта алмайды екен ғой», — деген уәжге тоқтадық. Міне, мәселе қайда?! Қалай десек те ұзын ақша қуып елімізге келіп, Қазақстан азаматтығын алған легионерлердің бойынан отансүйгіштік қасиет — патриоттықты күту, ел мүддесі үшін барын ортаға салатын жанкештілікті күту — тумаған сиырдың уызын күткенмен бірдей демеске амал жоқ. Əр нəрсенің сұрауы бар екенін ескерсек, Риодағы Олимпиададан кейін тек легионерлерге үміт артқан спортпен қоштасу керек тәрізді. Өйткені өз спортшыңды өсірмей, өзіндік мектеп ашпай, дəстүр қаламай ұшпаққа жетпейміз.

Қазақстандық төлқұжатты оңды-солды таратудан басқаларды шаң қаптырудан арылып, жеңіске шынайы тер төгумен жетуге бет бұрмасақ, тарыдай шашылып қаламыз. Ендеше, бар ақша мен күш-жігерді отандық спорт баһадүрлерін дайындауға жұмсаған жөн болары кәміл. Биліктегілер де осы мәмілеге келсе құба-құп болмақ дер едік…

Ермек САХАРИЕВ