Лекторлық топ құру керек
Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Мәжілісінің депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов пен Жанат Жарасов С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананы аралап, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Депутаттармен бірге облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко және облыстық басқарма басшылары болды. Мәжіліс депутаттары алдымен кітапхананың жұмысымен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Кітапхана басшысы Шолпан Шахметованың айтуынша, мұндағы кітаптардың жалпы қоры 500 мыңнан асады. Олардың 400 мыңы электрондық форматқа көшірілген. Кітапханада «Жанашыр», «Тілтаным», «Балалар кітап оқиды!» және басқа да жобалар жүзеге асырылуда.
Кітапхананың ішінде «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалық офисі орналасқан. Осы жерде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков Ертіс-Баян өңірінде атқарылған жұмыстар және алға қойылған жоспарлар туралы есеп берді.
Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов өз сөзінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Павлодар өңірінде үлкен жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті.
— «Рухани жаңғырудың» негізгі өзегі — өзіміздің төл мәдениетімізді көтеру, рухани байлығымызды игеру. Бұл ретте облыста нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Сапар барысында осыны аңғардық. Дегенмен ескеретін мәселелер де бар. Мысалы, болашақта білікті, білімді мамандардан мәдениет, өнеркәсіп және діни мәселелер бойынша лекторлық топтар құру керек. Мұндай топтар Елбасы саясатын баршаға түсіндіру мақсатында ауыл, аудандарды аралап, халықпен кездесіп отыруы тиіс. Сонымен қатар ауылдардағы мәдени және спорттық ошақтарға көп көңіл бөліп, ел жастарын өнерге, спортқа тарту қажет. Әйтпегенде, кейбір өңірлерде өзге діннің жетегіне түсіп кетіп жатқан жастар бар. Міне, осындай жағдайлардың алдын алуымыз керек, — деді Ерсұлтан Өтеғұлұлы.
Тілеуберді САХАБА