ЛЕВ ГУМИЛЕВ ҚАЗАҚСТАНДА БОЛҒАН БА?
Кезінде Анна Ахматованың “Ерім молада, балам түрмеде…” (“Муж в могиле, сын в тюрьме…” — деп өлең жазғанын көзіқарақты оқырман біледі. Сол абақтылардың бірі қазіргі Қарағанды маңындағы Абай қаласы аумағында болған. Ол мекеннің 1961 жылға дейінгі бұрынғы атауы — Шерубайнұра ауданы. Жақында Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейіне жолымыз түсті. Мұнда сол заманның идеологиясы, жазықсыз төгілген қан мен сорғалаған шер айғақтары, тағдыр тауқыметіне, жанкешті тіршілікке куә болған тарихи орындар, ескерткіштер белгілер, фотолар жәдігер ретінде сақталған, өшпес қайғы-мұң іздері сайрап жатыр. Тұтқындар үшін халықтар достығының жалаң ұран болмағаны сезіледі. Әрине, кезінде бодан болған еліміздің сыры ашылмаған құпия беттері әлі де жетерлік. Өздеріңізге белгілі, 1996 жылы елордадағы Еуразия ұлттық университетіне Л.Гумилевтің аты берілген болатын.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейінде оның сирек фотолары ілініп тұр екен. Өкінішке қарай, экскурсовод ежелгі түркі тарихының шындығын айтып, этностар құрамы жөнінде бірнеше кітаптар жазып қалдырған тарихи тұлға тағдырынан мүлдем хабарсыз болып шықты.
Біздіңше, ерекше тағдыр кешкен Лев Николаевич Гумилев туралы келушілерге толығырақ мағлұмат бердің жөні бар. Жоғарыда айтылғандай, оның шешесі, яғни аты мен атағы Советтер еліне тараса да тағдыр тауқыметін тартқан А.Ахматова күйеуінің халық жауы есебінде атылып кеткенін жазып, ұлының тағдырына араша сұрайды. Сол кезеңде ел ішінен жау іздеу, өзіндік пікірі бар зиялыларды аңду, қудалау белең алған-ды. Сондықтан, белгілі ақын Николай Гумилевтің ұлы ондай қырағы тізімнің ішінде болуы заңды еді. Ал, ана жүрегі баласына болысты, бұғып қала алмады. Бәрібір Лев Гумилевті сергелдеңге салады. Көпшілік қауым оның Норильлагта, Беломорканалда, Карлагта ұзын-ырғасы 15 жылдан астам уақытын жоғалтқанын біле бермейді. Айдауда жүріп тарих пен география ғылымдарын қатар игерген ол шахталарда жер қазушы, кенші, техник-геолог, рудникте кітапхана қорын сақтаушы, лобарант-химик болып істеген. Абақты мен түрме оны еркінен айырса да ғылымның ауылынан алыстата алмады.
Оның үстіне, өзі 1944 жылы соғысқа сұранып барып, Беларусь майданына белсене қатысады. Ленинградқа аман оралғаннан кейін ол қайтадан үйреншікті жазумен, ғылыми жұмыстармен айналысады.
1948 жылы ол “Бірінші Түрік қағанатының егжей-тегжейлі саяси тарихы” тақырыбында кандидаттық диссертациялық жұмысын қорғап, КСРО Этнография музейіне аға ғылыми қызметкер ретінде қабылданады. Арада бір жыл өтпей жатып, “Звезда” және “Ленинград” журналдарына қатысты әйгілі қаулы қабылданғаннан кейін Л. Гумилев тағы да тұтқындалады. Бұл жолы анасының көзқарасы үшін оған 10 жыл мерзімді жаза кесіледі. Сол кезде ол жазасын әуелі Шерубайнұрада, содан кейін Кемерово облысы, Междуреченск маңындағы лагерьде өтейді. Осы тұста ғалым өзінің басты ғылыми еңбектерін жазып — “Хунну” (1960 жылы) және “Ежелгі түріктер” (1967 жыл) жарыққа шығарады.
Тек 1956 жылы КПСС ХХ сьезінен кейін ғана ол қылмыс құрамы болмауы себепті толық ақталады.
Ал 1961 жылы “Vl -VIII ғ.ғ. ежелгі түріктер” атта докторлық диссертациясын қорғайды. Оның “Алтын орда” жөнінде, татар-монғол шапқыншылығы, Қытай мемлекеті мен Еуропа елдерінің тарихи орны хақында айтқан ғылыми ой-пікірлері қоғамда бүгінгі күнге дейін қызу талқыланып келеді. Ол өзінің ғылыми тұжырымына берік болды, 80 жыл өмір сүрді, сүйегі Санкт-Петербургте Никольск зиратында жерленген.
2005 жылы Қазан қаласының 1000 жылдығы қарсаңында Ресей Жаратылыстану ғылымы академиясының академигі Лев Гумилевке ескерткіш қойылды. Оның тұғыртасында “Татарларды ғұмыр бойы жаладан қорғаған орыс адамына” (“Русскому человеку, всю жизнь защищавшему татар от клеветы”) деген жазба бар.
Біздіңше, тиісті зерттеулер жүргізіп, аталмыш музейге келушілерге барлық этностарды құрмет тұтқан ғалым жайында толық ақпарат айтылса артық болмас еді. Өйткені, Л. Гумилев этногенез жүесін терең зерттеп, тіршілік қуаты болып табылатын пассионарлықтың бастаулары үлкен Еуразияны мекендеген халықтардың еншісінде екендігін ашып көрсеткен тұңғыштардың қатарынан орын алады.
Суреттер Қарағанды облысы, Долинка кенті, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Санкт-Петербург музейлерінен алынды.
Дархан МЫҢБАЙ