ЛУДОМАНИЯДАН, ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЙҒЫСЫНАН ЖИНАҒАН САЛЫҚ КІМГЕ КЕРЕК? — Қазыбек Иса
Қоғам парламентте талқыланып жатқан ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері туралы заң жобасы қатты назар аударуда.
Биыл 2024 жылы 20 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінде лудомания туралы заң жобасының таныстырылымы өтті. Онда депутаттар мен сарапшылар ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді талқылады.
2024 жылы 29 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы да осы заң жобасын талқылауға арналды.
Мәжілістегі таныстырылымда баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, заң жобасы жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбай қоғамдық палатада да ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелеріне қатысты заң жобасының нормаларына тоқталды. Бұл мәселемен парламентке келгеннен бері айналысып жүрген Мәжіліс депутаты Руслан Берденов те сөзінде лудоманияның қатерлі екенін жеткізді.
Ал бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында аталмыш заң жобасы қаралып, бірінші оқылымда Мәжілістің жалпы отырысына жіберілетін болды.
Біз бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның сөзін жариялап отырмыз.
ЛУДОМАНИЯ – АСА ҚАУІПТІ ВИРУС
Мәжілістегі барлық фракция өкілдері лудоманияға қарсы заң жобасына бастамашы болып отыр. Яғни, Парламенттегі парламенттегі 6 партия түгелосы заң жобасын қолдап отыр. Біз «Ақ жол» партиясынан бастамашы болып отырғандықтан, өз ойымызды білдіре кетейін.
Бұл заң жобасының таныстырылымын Парламентте Әлеуметтік-мәдени комитеті өткізгенін білесіздер.
Лудоманияның құрбандары жылдан-жылға қатты қарқынмен көбейіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігі өкілі Д.Байпейісовтың мәліметінше лудоманияға шалдыққандардың саны саны – 400 жүз мың 42 адам.
Құмар ойынға салынған әр азаматтың қарызы орта есеппен 10 миллион теңге шамасында.
Букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы 1 триллионға шықты.
Бір жылда ойынқұмарлар 36 миллиард теңгеге бәс тіккен.
Ұлттық статистика бюросы мәліметі бойынша Қазақстандағы ойын бизнесі саласы 10 жыл ішінде орта есеппен жылына 25 пайызға артқан!
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2018 жылы, осыдан 6 жыл бұрын аурулардың халықаралық классификациясына осы құмар ойынға құнығуды қосып қойған! Демек, бұл – жаһанды жалмап жатқан дерт. Өйткені әлем бойынша 350 миллион адам лудоманияға шалдыққан.
Ал біз әлі заң қабылдай алмай жүрміз. Парламенттің 2022 жылы күзде жіберген заң жобасына Үкімет енді ғана, 1,5 жылдан кейін, онда да биыл 2024 жылы 15 наурызда Ұлттық құрылтайда Президент Қ.Тоқаев лудоманияға қарсы заң қабылдауды тездетуді тапсырғасын ғана оң қорытынды берді.
Лудомания деген сөз – «ақыл-есінен айрыла құнығу» дегенді білдіреді. Ендеше бұл есірткіден есінен айрылған нашақордан қай жері кем? Есірткіге барлық жерде қатаң тиым салынған, ал біз неге лудоманияға қарсы қатаң тыйым салатын заң қабылдамаймыз? Өйткені, лудоманың наркоманнан айырмашылығы жоқ!
Мен лудоманияны жай ауру ғана емес, аса қауіпті вирус деп атар едім. Себебі психологтар отбасыда, не туыстар ішінде, бір ортада бір адам лудоманияға шалдықса, ол жанындағыларға да жұғады дейді. Ендеше қауіпті коронавирустан қай жері кем?
Сондықтан да, жаңа осы заң жобасының жетекшісі депутат Елнұр Бейсенбаев мысал еткендей, өзінің екі сәбиі мен әйелін өлтіріп тастаған оқиғаны алыңыз. Ондай ойынға салатын ақша үшін өз отбасын ойрандаған лудоманның наркоманнан қай жері кем, несі артық?
Америкалық ғалымдардың анықтауынша, ойынқұмарлардың 70 пайызы өз-өзіне қол жұмсауды ойласа, 14 пайызы кем дегенде 1 рет суицид жасайды.
1.Ешқандай миллиардттаған қаржы, төленіп жатқан салық адам өмірінен қымбат емес.
Ол триллиондар отбасылардың ажырасуынан, балалардың қасіретінен, адамдарың аса қауіпті аурынан, ажалынан жиналған қаржылар. Мыңдаған адам ажал табады, ал біреулер бұл қасіреттен ақша табады…
2022 жылы өз-өзіне қол жұмсаған 3676 адамның бестен бірі — 735 адам лудоманияның кесірінен өлім құшқан. Бұл бір ауылдың адамындай сан. Жылына бір ауылдан айрыла берудің соңы неге апарады? Осы заң жобасына қарсылар букмекерлік кеңселердің салық төлеп отырғанын тілге тиек етеді. Халықты қырып жинаған салық кімге керек? Спортқа, балаларға көмектеседі дейді. Ажырасқан отбасылардың үштен бірі лудомания кесірінен. Ендеше, әкесінен, отбасынан айрылып, қасірет шеккен балаға соған душар еткен букмекерлік кеңсенің көмегі не керек? Бұл әкесіне у таратып жинаған ақшадан, баласына су таратумен бірдей сұмдық ғой…
2.Бұл мәселеге немқұрайлы, шеттеп қарап отыру – ауылдың ортасында үй өртенгенде менің үйім шетте ғой деп қимылсыз отыра берумен бірдей. Заңды қатаңдатудың қажеті жоқ деп жатқандар бар. Олардың отбасына, басына түспеген қасірет бұл. Бірақ ешкім, әр адам, әр отбасы бұл қатерден сақтандырылмаған. «Жылқысы жоғалмағаннан ақыл сұрама» дейді халық. Бұл жерде мал емес, адам жоғалып жатыр өмірден…
3.Үкімет осы уақытқа дейін заң жобасын парламентке жіберуді созып келді. Демек, ол жерде осы ойын бизнесінің қолдаушылары отыр деген сөз. Мәжілістің, заң жобасы жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев бастаған заң жобасы бастамашыларының қажыр-қайраты мен табандылығының арқасында бұл маңызды заңнамалық құжат қабылдау ісі қозғалып жатыр деуге болады.
4.Жаңа триллиондарды бекер айтқан жоқпыз. Енді заң жобасына, парламентке, жекелеген депутаттарға Қарсы жұмыс басталады. «Ақысын төлесе, боқысын шығаратын» жалдамалы блогерлер тобы іске
қосылуда. Бірақ біз алған беттен қайтпаймыз. Қатаң тыйым салатын заң қабылдаймыз!
Бұл заң жобасын парламент бастап, қоғамдық ұйымдар қостап, барлығымыз үн қосып, қолдауымыз керек.
Әлемнің көп елдерінде, мысалы, Оңтүстік Кореяда, көрші Қырғызстанда лудоманияға қатаң тиым салынған.
Бәріміз бір мақсатта тізе қосып, заңды халық мүддесін қорғайтындай құжат қабылдауымыз қажет.
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты
📸 Посмотри это видео на Facebook https://www.facebook.com/share/v/dSpaUi7JsrqYSk3D/?mibextid=WC7FNe