ҰЛЫ ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ
Наурыз мерекесі қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатуы бүкіл қазақстандықтарды ойландырып тастағаны белгілі. Расында, өте ақылды, дана адамдар осылай тосын шешімдер қабылдайды. Ол өзі сенген ізбасарының жаңа күнді немен, қандай жұмыстармен бастайтынын көргісі, білгісі келген шығар. Әрине, қай ұстазға да шәкіртінің биік белестерге шыққаны қуанышты. Осы тұрғыда Ұстаз өз шәкіртінің жаңа қадамын сырттай бақылап жатса мұның өзі тәрбие әрі көрегенділік. Көрегендік болатыны бірқатар ұстаз өзі оқытқан шәкіртінің ертеңіне алаңдамайтыны жасырын емес. Нұрекеңнің ұлылығы да осында. Демек, ұлы ұстаз ұлағаттылық танытып отыр. 2018 жылдың жазында Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Би-Би-Си» арнасына берген сұхбатында «Шынымды айтсам, мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы президенттік сайлауға түсетініне сенбеймін. Өйткені, ол өте ақылды әрі парасатты адам. 2020 жылы президенттік сайлауға қатысса да, қатыспаса да сыртқы және ішкі саясатқа катысты мәселелердің нүктесін өзі қояды» дегені жадымызда. Иә, бүгінгі Мемлекет басшысының міндетін уақытша атқарушы Қасым-Жомарт Кемелұлының кемелдігі осында жатыр. Ол ұстазының қандай жан екенін тап басып таныды. Парасатты адамның парасатты шешім қабылдайтынын одан басқа еш адам айтқан да, білген де жоқ. Нұрекең өзі айтқандай, кезекті сайлауға дейін Қ.Тоқаевтың ел басқару ісінде жаңа қырынан көрінетініне сенеміз. Өйткені, оның өмір жолы бізге жақсы таныс.Елбасы сенімін арқалап жүрген саяси тұлға бұл жауапкершілікті де абыроймен алып өтеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы ретінде де бізге сара жол көрсете беретініне бек сенімдіміз.
Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ