«Мұнай дәуірі аяқталған жоқ!»

Атырауда V геологиялық форум өтіп, оған геолог-барлаушылар, мұнай өндіру компаниялары, ғылыми-зерттеу институты, жобалау мекемелері, мұнайшылар қатысты. Форумда сөз алған «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин «Мұнай дәуірі аяқталған жоқ!» — деп мәлімдеді.

Бұл оның ресейлік экономист Герман Грефтің «тас дәуірі секілді мұнай ғасыры да аяқталды» деген танымал мәлімдемесіне жауабы болатын. Рас, Греф мұны бірнеше жыл бұрын «қара алтынның» бағасы қатты құлдыраған кезде айтқан еді. «Содан бері қарай мұнай бағасы 3 есеге артты. Мұнай әлі де ұзақ уақыт жер шарының негізгі энергия ресурсы болады. Халықаралық автоөндірушілер ұйымының болжамы бойынша, таяудағы 20 жылда дәстүрлі жеңіл көліктер саны әлемде 1 миллиардтан 1,5 миллиард бірлікке дейін өседі. Мұнда жеңіл автокөлік мұнай тұтыну құрылымының 27 пайызын ғана қамтиды» деді Ұ. Қарабалин. Оның айтуынша, мұнайгаз-химия саласында соңғы 40 жылда әлемде термопластикті тұтыну 7 есеге артқан. Халықаралық энергоагенттіктердің болжамы бойынша, кем дегенде ол таяудағы 20 жылда екі еселенеді. Әлемдік химия нарығының көлемі қазір 4,5 трлн. доллар деп бағаланып отыр. 2030 жылға қарай ол екі есеге өседі деп күтілуде.
Жиында облыс әкімінің орынбасары А.Крамбевтың атап өткеніндей, республикада өндірілетін мұнайдың 52 пайызы Атырау облысының еншісінде. Біздің өңірімізде 2018 жылы 47 млн. тоннадан астам мұнай мен 23 миллиард ілеспе газ өндірген 28 жер қойнауын пайдаланушы бар.Бүгінде Қазақстан барланған мұнай қоры бойынша әлемде 12-орында тұр. « Өндіру көлемі артуда. Өткен жылы 94,1 млн. тонна рекордтық деңгейге жеттік. 2025 жылы өндіру көлемі 100 миллионнан асуы тиіс. Бірақ ресурстық базаны толықтыру артта қалып отыр. 2009 жылы ҚР мұнай бассейндерін кешенді зерделеу және қолда бар геологиялық деректерді талдау жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта «Қазмұнайгаз» бассейндік модельдеу бойынша Каспий маңы, Маңғышлақ, Оңтүстік Торғайдың ең перспективалы аумақтарын қамтитын кең ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр, — деді ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған