Мәртөк ауданына жаңа әкім тағайындалды
7 мамыр күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданына барған жұмыс сапарында аудан активі мен тұрғындарға жаңа әкімді таныстырды. Аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен бұл қызметке Ермек Кенжеханұлы тағайындалды. Оның кандидатурасы бүгін аудандық мәслихаттың кезектен тыс өткен сессиясын мақұлданды.
Ермек Кенжеханұлы жоғарғы білімді, Рединг Университетін (Ұлыбритания) «Болашақ» бағдарламасымен «ауыл шаруашылығындағы бизнесті басқару» мамандығы бойынша, «Аджу» (Корея) Университетін «әкімшілік іскерлік» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған, сонымен қатар, инвестициялық басқару мамандығының магистрі және заңгер бакалавры.
Әр түрлі жылдарда «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның кредиттік өнімдерді дамыту бөлімінің менеджері, «ARKA Investment Management Company» АҚ басқарма басшысы, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқармаларының бастығы, Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі, Ақтөбе облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы болды.
2018 жылдың маусымынан бастап бүгінгі күнге дейін Ақтөбе облысының ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасын басқарды.
Өңір басшысы ауданның жаңа әкімі алдында аудан экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту және кірістерін арттыру, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамыту, мал санын арттыру, инвестициялар тарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды бірқатар басым міндеттерді қойды,
«Тағайындау кезінде сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз ескерілді. Бар күш-жігеріңізді қойылған міндеттерді жүзеге асыруға жұмсайсыз деп сенемін»,- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Сонымен қатар, облыс басшысы Ермек Кенжеханұлына халыққа жақын болып, тұрғындармен көбірек кездесуді, аудан тұрғындарының проблемалық сұрақтарын тез арада шешуді тапсырды.
Мәртөк ауданының бұрынғы басшысы Жандос Байырханов басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз еркімен жұмыстан босатылды. Облыс басшысы оның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі