Мұсаев Мойынқұмды жайнатып жатыр Биыл ауданда 5000 гектар суармалы жер игерілуде

   Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін  толық  іске асыру қажеттігін баса айтқаны белгілі. Осыған орай бүгінде елді мекендерде екпінді жұмыстар қолға алынуда. Әсіресе, мойынқұмдықтар кеңестік кезеңнен кейін ұмыт қалған егін  шаруашылығын  қайта шалқыту үшін аянбай тер төгіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға аудан әкімі Мәден Мұсаев тікелей мұрындық болып, Жаз-ата ауылын жайнатуда.    

Жасыратыны жоқ, Одақ ыдырағаннан кейін ауданда  колхоздар тарап, техника мен төрт түлік ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен еді. Сондай-ақ сол тұста 10 мың гектарға дейін егілген жүгері шаруашылығы да жойылған. Міне, осы  агро саланы қайта алшаң бастыру мақсатында  Мойынқұм ауданына  әкім болып Мәден Мұсаев барғалы көп тірліктің бойына  қайта қан жүгірді. Ерте күзден ең алдымен каналдарды тазалауды қолға алған Мәден Тоқтарбайұлы қазір суармалы егістік алқабын кеңейтіп отыр. Сондай-ақ диқандар  қажетті техникамен қамтылып, сапалы тұқым да алынған.

Жалпы қазір ауданда 5000 гектар суармалы жер болса, соның 1000 гектарына жүгері егілуде. Бұл бағытта алғашқылардың бірі болып Бірлік ауылының шаруалары жұмысты бастап кеткен. Ауылдық  округтегі   1300 гектар егістік алқабынының 350 гектарына  жүгері егіліп жатса, қалған алқаптарға жоңышқа тұқымы себіліп болған.

 -Бізге  биылға  берілген  меже 350 гектар жерге жүгері тұқымын егу болатын. Осы мақсатта  аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы  бөлімімен ақылдаса отырып алматылық мамандардан «Будан» жүгері тұқымын алып, 1000 гектардай жеріміздің 500  гектарына  сүдігер көтеріп, жүгері егудеміз. Мұндай  ауқымды шаруаны тәуелсізідк жылдарынан бері бірде-бір шаруашылық қолға алған емес. Сондықтан ауданға әкім болып келгелі еңбек адамдарына қолдау білдіріп, тың тірлікті түлетіп отырған Мәден Мұсаевқа айтар алғысымыз шексіз. Бұйыртса, биыл рекордттық көрсеткіште өнім аламыз деген үміт бар, — дейді  «Құрдастар»  шаруа қожалығының  жетекшісі Еркебұлан Жұбаев.

Бұдан бөлек, Биназар  ауылдық округінде де дала жұмыстары қыз-қыз қайнауда. Мұнда да жүгері шаруашылығына басымдық берілген.

-Мен жерімді ертерек  жыртып,  жүгері егуді бастап кеттім. Шаруашылығыма  қарасты 40  гектар алқаптың барлығына жүгері егудемін.  «Көктемнің бір күні – жылға азық»  деп бекер айтылмаған ғой. Сондықтан әрбір күнімізді  тиімді пайдаланудамыз.

Дала жұмыстарына  тұқымнан да, техникадан да қолдау білдірген  аудан әкімі Мәден Мұсаевқа алғыстан басқа айтарым жоқ. Оған қоса әкіміміз ағын су келетін каналдарымыз да тазап беріп жатыр. Сондықтан биыл диқандардың жер игеруге деген ынтасы жоғары, — дейді шаруа  Қамбар  Атаев.

Иә, Биназар ауылдық округі бойынша ағымдағы жылы   573 гектар суармалы жер  айналымға  қосылып отыр. Оның 150 гектарына  жүгері  егіп отырған олар  мол өнім алатындарына сенімді. Сондай-ақ округ әкімі Бағдат Наурызбаев та  «Жер ананы  баптай білсе- берері мол» екенін түсіндіріп, шаруаларды ұғынысты еңбекке шақыруда.

Ауданның асыраушыл саласына серпін беру бағытында күшамандықтар да күш салуда. Мұнда 387  гектар егінді жер бар болса, соның  115 гектарына  жүгері, 60 гектарына  жоңышқа мен  арпа және 120 гектарына тары егілуде. Ал бұл жұмыстармен  ауылдағы «Көркем», «Мерей» және  «Ырыс» шаруа қожалықтары айналысуда. Сондай-ақ  облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен  құрылған механикалық  жасақ  пен  Шу ауданынан жұмылдырылған техника да жоспарлы жұмысты жүйелі атқаруға өлшеусіз үлес қосуда.

— Табыстың кілті – осындай қажырлы еңбекте жатыр. Осыны қызметіме кіріскен бойы шаруаларға ұғындырудамын. Биылғы жоспарланған жұмыстарымыздың дені жүзеге асып жатыр. Бұның бәрі аудан тұрғындары үшін жасалуда. Алла амандығын берсе, алдағы жылдары Мойынқұм ауданының аграрлық саласының даңқын қайта асқақтатын боламыз. Сол үшін  бүгінгі жеткен жетістігімізге тоқмейілсімей, бұл бағыттағы жұмыстарды  күшейте бермекпіз, — дейді аудан әкімі Мәден Мұсаев.

Иә, егін алқабында тамып жатқан шаруалардың маңдай тері, олардың ертеңгі  жемісі екені даусыз. Сондықтан аудан басшысы Мәден Тоқтарбайұлы бас болып жандандырып   жатқан шаруалары  көпке үлгі екені  сөзсіз.

Біз де кеңестік кезеңнен кейін тұралаған тірліктердің қайта бойына қан жүгіріп жатқанын  бас бармақпен бағалап, мойынқұмдықтардың еңбегіне тек сәттілік тілейміз.

Жаса, жайнай   бер Жаз-атаның ауылы!

 

Саятхан Сатылғанов

Жамбыл облысы