М.Тайжан: Жермен айналысатындар туралы халықтың білуі тиіс!
Жер кадастрында жермен айналысатын адамдардың аты-жөндері жария түрде болуы қажет. Бүгін Жер реформасы мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан осылай деді. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлайды.
Ол өз сөзінде комиссия мүшелерінің шешімдерінде ортақ келісімге келмеген мәселелердің де бар екендігін айта келе: «Ең бірінші — кадастр. Бізде қазір электронды кадастр бар. Бірақ, онда жер иелерінің аты-жөндері көрсетілмеген. Менің ұсынысым, жер халықтікі болғаннан кейін онымен кім айналысатындығы жайындағы ақпараттар ашық болуы тиіс. Қазір бұл мәліметтер жабық. Себебі, «Жеке мәліметтер туралы» Заң бар. Сол Заңды өзгертейік», — деді ол.
Сонымен қатар ол шетелдіктерге жер сатылмайды деп айтылғанымен құйтырқы жолдардың да қалып отырғандығын баса айтты.
«Қазақстанға келген шетелдік азамат фирма ашып, 49 пайызын өзі, 51 пайызын ел азаматына береді де жермен айналыса алады. Меніңше, біз мұндай құйтырқыға жол бермеуіміз қажет. Егер жерді шетелдіктерге сатпаймыз десек, онда заңға өзгертулер енгізейік. Бізде дәл осы мәселеге байланысты ортақ шешім жоқ», — деп атап өтті М.Тайжан.