М.Тоқмади Е. Тәтішевті неге өлтірген?
КТК телеарнасында көрсетілген «Звали его Мурка» атты деректі фильмде қоқан-лоққы жасады деген айыппен сотталған кәсіпкер Мұратхан Тоқмади 2004 жылы болған атышулы қастандыққа қатысты тың мәліметтерді жария етеді. Қанды оқиға, мылтық, оқтың бағытына қатысты детальдардың сот сараптамасын жасау кезінде қалай бұрмаланғаны фильмде егжей-тегжейлі баяндалады. Осындай сараптама жасату үшін 20 мың доллар төлеген Мұратқан: «Бәрі ойлағандай шешілді. Абайсызда адам өліміне әкелген оқиға болып шықты. Ержанның өлімі — Әблязовтің тапсырысы болатын.
Оқиғаның өзіне келсек, жолда рөлге Ержанның өзі отырды да, машинаны қатты айдады, қасқыр қуып бара жатқанбыз. Оның күзетшісі қаруды маған берген сәтте мен Ержанды атып өлтірдім»,— дейді. Ол кезде бұл қайғылы оқиғаға қатысты іс аң аулау кезінде мылтықтың байқамай басылып кетуі салдарынан болған жағдай ретінде сипатталып: «Ержан Тәтішев «Тойота Ланд Крузер» көлігімен далада аңды қуып келе жатқан. Оны қуып жеткен кезде 12-калибрлі мылтықты ол арт жақта отырған Мұратхан Тоқмадиге берген. Дәл осы сәтте джип шұңқырды басып өтіп, мылтық өздігінен атылып кеткен.
Оқ Ержанның шүйдесінің оң жағына тиіп, сол жақ көзінен шыққан»,— деген нұсқада жарияланған-ды. Бұл іс бойынша сот үш жыл жүрді. Ержан Тәтішев 1997 жылдан 2004 жылы қаза болғанға дейін Қазақстандағы жүйеқұрушы банктердің бірі ТұранӘлемнің Басқарма төрағасы болды. Бұл банк Мұхтар Әбілязовтің бақылауына өтіп, БТА банк болып өзгерді. Оқиға 2004 жылы 19 желтоқсанда Жамбыл облысындағы Отар станциясы маңында сағат таңертеңгі 11 шамасында болған. Ал кәсіпкер Мұратхан Тоқмади биылғы 12 қазанда қоқан-лоққы жасағаны және қаруды заңсыз сақтағаны үшін үш жылға сотталған болатын.
Ермек Сахариев