МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДА ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Маңғыстау облысының, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында құны 800 млн теңгені құрайтын жел электр станциясы іске қосылды.
«Қуаты 5 МВт құрайтын кешеннің құрылысы барысында 11 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта 20-дан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар»,-дейді «BEST-Group NS» ЖШС компаниясының өкілдері. Аталған компания станция құрылысын 2017 жылдың күз айында бастаған. Монтаж-құрылыс жұмыстарын отандық мамандар жасап, зауыттың турбиналары халықаралық сапа стандарттарына сәйкес сертификатталған.
«Маңғыстау облысының әкімдігі бізге Түпқараған ауданынан жер телімін берді. «Даму» қорының кепілдігімен біз субсидияланатын мөлшерлемемен банктен несие алдық. Жобаны шетелдік компаниялар инвестициялауда. Атап айтқанда, осы жобаның серіктестері мен инвесторлары американдық және ресейлік компаниялар. Жалпы жобаны іске асырудағы басты мақсатымыз–жел электр станцияларын пайдалану арқылы негізгі энергия көздерін ауыстыру, Қазақстандағы парниктік газ қалдықтарын азайту, сол арқылы климаттың өзгеруі туралы БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына сәйкес жұмыс жасау. Енді бір айдан соң біз өз өнімдерімізді сата бастаймыз. Өнімді сатып алушылар «Есептеу және қаржы орталығы» ЖШС болмақ. Германия елінде жасалған қондырғылардың арқасында станция, жел қуатын пайдалану арқылы электр энергиясын өндіріп, оған қажеттілікті толық өтейтін болады. Ақшұқыр ауылының тұрғындарына сондай-ақ ауыл маңындағы өндіріс ошақтарымен жылыжайларға электр қуаты тапшылығын жояды» — дейді жобаның даму жөніндегі директоры Гүлнар Әбитова.
«Жасыл экономиканы» дамытудың басымдықтарының бірі жаңартылатын энергия көздері болып табылады. Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің 3%-ын, 50 жылға қарай 50%-ын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл өте ауқымды міндет.
«Маңғыстау облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында бірнеше жобалар іске асырылуда. 2018 жылдың мамыр айынан бастап Мұнайлы ауданы, Батыр селосында қуаты 2 МВт күн электр станциясы іске қосылды. Бұдан бөлек Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласында екі бірдей жоба іске аспақ. Маусым айында пайдалануға берілетін 42 МВт күн электр станциясы мен жыл соңында іске қосылатын 43 МВт жел электр станциясының құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар қазіргі таңда энергетика министрлігімен үш жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жасақталып жатыр. Олар Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында, Қарақия ауданының Жетібай ауылында, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында қуаты 10-15 МВт қамтитын жел және күн электр станциясының кешенді жұмыстарының жоспары дайындалуда» — дейді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Салимов.
Айман Нұрмағанбет