Маңғыстаудың тұңғыш кәсіби дирижеры Боздақ Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» III республикалық дирижерлар байқауы өтуде
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры»атты мақаласында төл тарихымызды жетік меңгеру және қадірлей білу елдің мызғымас кепілі,басымдығы екендігін ерекше атап көрсетті. Мақаланың «Тарихи сананы жаңғырту»бөлімінде «ұлы даланың ұлы есімдерін»,яғни елге тұлға бола білген ата-бабаларымызды дәріптеу маңызды екенін айтты.
Солардың бірі — дарын иесі, өмірін өнеріне, өнерін өміріне айналдырған, қайталанбас дара тұлға, біртуар өнер иесі – Боздақ Рзаханов.
Боздақ Рзаханов – Маңғыстау топырағынан алғаш шыққан кәсіби дирижер және домбырашы. Боздақ Рзахановтың есімін мәңгі есте қалдыру және дирижерлардың кәсіби деңгейін шыңдау, шеберлігін көтеру, аталмыш салада жаңа есімдер ашу мақсатында Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен домбырашы, дирижер Боздақ Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» ІІI республикалық дирижерлар байқауы 2019 жылдың сәуір айының 23-25 аралығында Ақтау қаласы, Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің қатысуымен өткізіледі.
Байқаудың негізгі мақсаты: Боздақ Рзахановтың шығармашылығын кеңінен насихаттап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу.Дирижерлық өнер аясында жас дарынды таланттарды анықтап және олардың кәсіби шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік жасау. Талантты, әрі алғыр музыка шеберлері арқылы Қазақстанның музыкалық мәдениетінің деңгейін көтеру.Мәдени мұраны насихаттау және олардың дамуындағы сабақтастықты қамтамасыз етіп,
жастардың эстетикалық және ұлтжандылық тұрғыда тәрбиеленуіне, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына тартылуына ықпал ету.
Республика бойынша әр облыстан – 2 үміткерден, Алматы, Астана қалаларынан – 3 үміткерден қатысады. Барлығы 13үміткер қатысады.
Қазылар алқасы
Қазылар алқасының төрағасы- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Нұр-сұлтан қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, профессор Жайымов Айтқали Тілепқалиұлы.
Қазылар алқасының мүшесі- Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Нұрғиса Тілендиев атындағы Мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, профессорБегендіков Жалғасбек Әмірханұлы.
Қазылар алқасының мүшесі- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-сұлтан қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясындағы қазақ оркестрінің бас директоры және көркемдік жетекшісі Әбдірахманов Сәкен Сейтқалиұлы
Қазылар алқасының мүшесі- Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Батыс Қазақстан Облысы, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармониясының Дәулеткерей атындағы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Нұрымбетов Еркін Шаяхметұлы.
Қазылар алқасының мүшесі-ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Мадреев Рахат Бекболұлы.