МАДАЛИЕВТЕР ӘУЛЕТІ «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ
Кейінгі жылдары дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы мыңдаған отбасының жетістігін насихаттап, жас отбасыларға өнегелі жол көрсетіп келеді. Аталған байқаудың аудандық және қалалық кезеңдерінде биыл 301 отбасы бақ сынап, 22 отбасы облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Күні кеше Тараздағы «Анаға тағзым» орталығында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, тиісті марапаттарын табыстады.
Нәтижесінде, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Шу ауданынан Мадалиевтер әулеті бас жүлдеге лайық деп танылып, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл әулет ауданымыздағы аз қамтылған және көпбалалы жүздеген отбасыға үнемі қайырымдылық жасап, қолұшын созудан қалыс қалған емес. Әулеттің анасы 83 жастағы Шымшық Мадалиева апамыз бүгінде он ұл-қыздан 30 немере, 21 шөбере сүйіп отыр.
Бүгін дәл осы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған Мадалиевтер әулетімен кездесіп, лайықты жеңістерімен құттықтадық. Шымшық апамыз бастаған отбасына өз ризашылығымызды білдіріп, құрмет көрсеттік. Ендігі кезекте жерлестеріміз аталған байқаудың республикалық кезеңінде облысымыздың намысын қорғайтын болады. Кездесу барысында аталмыш сыннан сүрінбей өтіп, жеңімпаз атануларына тілектестік білдірдік.
Бақытжан Жәнібеков