МАДАЛИЕВТЕР ӘУЛЕТІНІҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ БОЛДЫ

Күні кеше жерлестеріміз, Балуан Шолақ ауылынан шыққан Мадалиевтер әулеті “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсының республикалық кезеңінде топ жарып, лауреат атанды. Байқаудың салтанатты марапаттау рәсімі елорда төріндегі Роза Бағланова атындағы Қазақстан концерт залында өтті.
Салтанатты шараның ашылуында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқыды.
Айта кету керек, жыл сайын өтетін үлгілі отбасылар байқауы – елімізде жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды оқиғалардың бірі. Конкурсқа 10 жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Ал биыл конкурсқа 3 344 отбасы қатысты. Олардың 40% қалалық және 60% ауылдық жердегі отбасылар. Түрлі кәсіп пен еңбек әулеттерінен құралған 20 отбасы – өңір жеңімпаздары атанды. Олардың қатарында ұстаздар, қолөнершілер, металлургтер, әскери қызметшілер, кәсіпкерлер, агроөнеркәсіп саласының мамандары бар.
Отбасының әрбір мүшесі – ауылдастарының, қала тұрғындарының, әріптестерінің, көрші-қолаңның құрметіне бөленген, Отанына адал қызмет етіп жүрген еңбек адамы, ауылдың, қаланың қарапайым еңбеккерлері. Олардың қатарында өзгелерге үлгі болып жүрген осындай ұлағатты отбасы, ауданымыздан шыққан Мадалиевтер әулеті де бар. Аталған отбасы үстіміздегі жылы “Мерейлі отбасы” байқауының аудандық іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, облыстық байқауға жолдама алған болатын. Облыс орталығында өткен жарыста да Мадалиевтердің мерейі үстем болып, бірінші орынды иеленді. Осылайша, тұтас облыстан топ жарып, республикалық кезеңнің лауреаттары атанды. Осының өзі бұл отбасының мәртебесін байқатып тұрса керек-ті.
Лауреат отбасыларды ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттап, 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықтың сертификатын табыс етті. Марапаттау рәсімі қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасты.
Ал бүгін аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев байқау жеңімпаздарын салтанатты түрде күтіп алып, жерлестерімізге құрмет көрсетті. Әлі де болса ауданның қоғамдық өмірінен алшақтамай, белсенділік танытып жүрген ақ жаулықты Шымшық апамыз бастаған Мадалиевтер әулетіне өзінің алғысын білдіріп, жеңістерімен құттықтады.

 

 

Шу ауданы әкімдігі