Мәдениет–Рухани Құндылықтар Бастауы

Мерейлі мереке аудандық мәдениет үйінде «Мәдениетім мәртебем!» тақырыбында тойланып өтті. Мерекелік кеш басталмастан алдын көрермендер фойеде «Талант» көркемсурет студиясының сурет көрмесін тамашалады және аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Мәдениет- мәңгілік, өнер- өміршең» атты кітап инсталяциясын, мәдениет пен өнер символы іспеттес, арфа түрінде жасалған «Өнер құдіреті мәңгілік» кітап инсталяциясын өнер бөлімінің меңгерушісі А.Қойлыбекова, қазақ ақын-жазушыларының мерейтойларына «Мерейтой иелері» атты көрме инсталяцияны абонемент бөлімінің қызметкері Л.Рахымбаева, ақын-жазушылардың шығармашылығынан сұрақ-жауап түрінде «Таңғажайып әдебиет әлемі» атты библиошар ойынын кітапхана қызметкері Ж.Тынысбек мерекені құттықтай келген зиялы қауым өкілдерімен бірге ойнатып, ерекше көңіл күй сыйлады. Ойын барысында оқырмандар кітапханадағы әдебиеттер жайлы мағлұмат алды.

Сахна шымылдығы «Мен мәдениет қызметкерімін»  өлеңімен ашылып, «Кітапхана менің өмірім» видеослайды көрсетілді.

Мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекесімен аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы  Сұлтанғалиев құттықтады.

-Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері!  Құрметті жиынға қатысушылар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Өздеріңіз атқарып жүрген, мәртебелі мамандық иелерінің  атқарар жұмысы да, көрсетер нәтижесі де, халық назарына ұсынар жаңалығы да мол.

Әсіресе, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясындағы жүйелі жұмыстар мен жоспарлар күшіне енгелі бері, талай ауқымды жобалар жүгі осы сала мамандарының иығына түскені рас. Біз, сіздер сақтап және дамытып келе жатқан рухани байлығымызбен, ұлттық және мәдени дәстүрлерімізбен мақтанамыз.

Осы салада аянбай еңбек етіп, халықтың көңілінен шығып жүрген Сіздерге деген алғысымыз зор. Өңір мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп, халқымызды шығармашылық табыстарыңызбен қуанта беріңіздер!  Бүгінде аудандық мәдениет және өнер саласында 273 қызметкерлер жұмыс атқарады. Сарысу ауданында мәдениет саласында биік белестерді бағындырған азаматтар, тарихи тұлғаларымыз да аз емес.

Атап айтқанда, қобызшы-композитор Ықылас Дүкенұлы салған өнердің сара жолын жалғастырушы Асанәлі Әшімов, Ілия Жақанов, Дулат Шалқарбаев, Амангелді Сенбин,  Маралтай Райымбеков, Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, Дулыға және Саян Ақмолда, Рәтбек Сүлейменұлы, Рая Айтақова бастаған мәдениет саласының үздіктерін мақтана айта аламыз.

Ұлттық өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттауда сіздердің еңбектеріңіз ерекше, мәдениетіміздің қазынасына қосылған шығармашылықтарыңызға шалқар шабыт, мол қуаныш, отбасыларыңызға амандық тілейміз!

Баршаңызға шығармашылық табыстар тілей отырып, төл мерекелеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтаймын! -дей келе мерекеге байланысты және мәдениет саласына қосқан зор үлесі үшін бірқатар қызметкерлерді Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының Алғыс хатымен, аудан әкімінің «Ауданға сіңірген еңбегі үшін медалімен», аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат хатшысы, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Құрмет грамота мен Алғыс хаттарды тапсырды.

Аудандық мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлерінің, «Сарысу» халық театры, «Айжанқыз» халықтық би ұжымының  республикалық, облыстық, аудандық байқауларда, сайыстарда топ жарып, жеткен жетістіктерін мақтанышпен айта аламыз. Атап өтер болсақ,  Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Халық ән қазына» атты облыстық дәстүрлі әншілердің онлайн конкурсында Әміржан Бекниязов І- орынды, Жанарбек Әбдірахманов 3-орынды иеленсе,   «Театр – өмір айнасы» атты халық театрларының облыстық  фестиваліне «Сарысу» халық театры қатысып, қойылымдары «Үздік спектакль» деп танылып, республикалық фестиваліне жолдама алған. Ал, Республикалық «Рухани қазына — 2020» фестивальға «Айжанқыз» халықтық би ұжымы қатысып, Шара Жиенқұлова атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Сонымен қатар, «Көрікті көктем» атты республикалық балалар мен студенттер арасындағы онлайн өнер байқауына «Вокал» номинациясы бойынша Темірбекқызы Қолқанат қатысып, бас жүлдені қанжығасына байласа,  «Тәуелсіздік – мәртебем!» атты Республикалық балалар мен жасөспірімдер арасында онлайн өнер байқауына «Хореография» жанры бойынша «Айжанқыз» халықтың би ұжымымен Қолқанат Тамабек қатысып, 1-орынды жеңіп алған. Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен талантты актер Мейірман Нұрекеевтің 75 жылдығына орай «Мінекей Мейірманның ізбасарлары»  атты әзіл – сықақ отауларының офлайн республикалық байқауына «Сарысу» халық театрының режиссеры, актер Нұрбол Серкебаев қатысып, жүлделі ІІ- орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, кітапхана саласында да жетістіктері жетерлік. Атап айтар болсақ, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «Кітапхана ісінің шебері» медалімен марапатталса, ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына орай   кітапхана қызметкері Аяулым Досаева «Сезім болып төгілген жібек жырлар» атты облыстық байқауында бас жүлдені иеленді. Ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай облыстық «Абай оқулары» байқауында кітапхана қызметкері Тәжиева Раушан 2-орынды иеленсе, Республикалық «Қазақстан дауысы» байқауының облыстық іріктеуіне Мейіржан Омаров қатысып, республикаға жолдама алды, композитор, дирижер, КСРО халық әртісі,   «Халық Қаһарманы» Н.Тілендиевтің 95 жылдығына арналған «Өз елім» республикалық онлайн конкурсына Ахат Кенжебаев қатысып, «Вокал» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталған. Облыстық халық шығармашылығының ұйымдас- тыруымен Абай Құнанбайұлы- ның 175 жылдығына орай әнші, композитор Мэлс Өзбеков атындағы «Келші Құланға» атты онлайн конкурсында Жадыра Дәукенова 3-орынды иеленген.

Салтанатты кеш мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Концертте «Айжанқыз» халықтық би ұжымы мың бұрала билесе, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова ақын жырларын тебіреніспен оқыды. Ал, аудандық  мәдениет үйінің директоры Роза Өтембаева, жезтаңдай әншілер-Қолғанат Темірбекқызы, Жадыра Дәукенова, Руслан Бекбау, «Саудакент» ВАА тобы, Қайрат Алтынбеков, Ерлан, Нығметжан, Мейіржан көрермендер жүрегін әнмен әлдилесе, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің домбырашылар ансамблі күмбірлете күй шертті.

Камели Сүлейменова,

«SARYSÝ»