Мәдениет — ұлттың мәйегі
Қай кезеңде де, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы болатыны сөзсіз. Мәдениеттің өсуі, дамуы – еліміздің, ұлтымыздың өсуімен тең. Халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр. Сондықтан ең әуелі өңірлердегі мәдениет саласының дамуына айрықша күш салуымыз қажет.
Байзақ ауданы — Шәріпбай Сәкиев, Ардақ Әміреқұлов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әзімбек Жанқұлиев, Мұхамеджан Тазабеков, Есжан Әміров, Қойшығұл Зарлы, Ержан Жексенбиев секілді ұлт мәдениетіне елеулі үлес қосқан майталмандарды тудырған киелі өлке. Олардың әрқайсысының қазақ руханиятында алар орны ерекше.
Халқымызда «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген ұлағатты сөз бар. Сондықтан мәдени шара әуелі Байзақ баба кесенесінде батырдың рухына бағыштап, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Сонау сұрапыл заманда кеудесін оққа тосқан батырдың есімі мен ерлігі ел жадынан бір сәтке де өшкен емес.
Келесі кезекте Кеңес ауылында араға 30 жыл салып «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджет қаражаты есебінен бой көтерген 90 орындық клуб пайдалануға берілді.
Мәдениет ошағы – ұлттық құндылығымызды арттырып, өнерімізді аспандатып, талай дарынды, талантты тұлғаларды қалыптастыруға зор үлесін қосатын киелі шаңырақ. Қазір мәдениет саласына айрықша көңіл бөлініп, баянды бастамалар жүзеге асуда. Кеңес ауылында ашылған мәдени нысан — соның жарқын көрінісі.
Сонымен қатар мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған этнос өкілдерінің қолөнер бұйымдары мен салт-дәстүрі, ұлттық ойын түрлерінен тартысты бәсекелер, ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен ақындар ауылы, қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесі, «Мәдениет – асыл қазынам» атты мерекелік концертті жұртшылықпен бірге тамашаладым.
«Ел іші — өнер кеніші» демекші, шын дарындар ауылдан шығатынына тағы да көзіміз жетті. Әрине, ондай дарын иелеріне жағдай жасау — біздің басты мақсатымыз. Қалай десек те, мәдениеті өркендемеген елдің болашағы бұлыңғыр.
Сондықтан бұл бағытта атқарылатын жұмыстар жетерлік.
Серік Жақсылықұлы Сәлемов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары