МӘДІМАРЛЫҚТАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Ынтымағы жарасқан Мәдімар ауылынан кезінде ел басқарған көсемдер, тілі өткір шешендер, небір мықты қоғам қайраткерлері, еңбек озаттары шыққанын жақсы білеміз. Мәдімар болыстан бастап, кешегі Кеңес Одағы кезінде аталған ауылдың алғыр қыздарының бірі, облысымызға танымал ардақты ана, іскер басшы Нілзия Алғазықызы Рахышева Мойынқұм ауданын басқарса, Жақсылық Сәтібеков ағамыз ұзақ жылдар облыстық «Aq jol» газетінде жұмыс істеген елімізге танымал ақын, жазушы болды. Ағамыздың Мемлекет және қоғам қайраткері, ширек ғасырға жуық үш облысты басқарған, тұлға Асанбай Асқаров ағамызға Желтоқсан оқиғасы тұсында араша түскенін де ұмыта қойғанымыз жоқ. Осы ауылдағы қант қызылшасын өсірудің асқан шебері, Социалистік Еңбек Ері Нұрмаш Түйтебаева апайдың да ерен еңбектері аудан халқының әлі күнге дейін көз алдында.
Міне осындай айтулы азаматтардың ізін басқан бүгінгі інілері, немерелері де өздерінің бойларындағы дарындарымен талайды тамсандыра бастады. Сондай жандардың бірі-осы ауылдың тумасы Данияр Жамбылұлы Смайлов.
«Ер қанаты-ат» демекші, ат спорты ойындарын тамашалап, көргенге қызық. Алайда бұл ойынға білегінің қарымы, жүрегінің түгі бар нағыз «мен мықтымын» дейтін ер-азаматтардың ғана баратынын жақсы білеміз. Көкпар мен аударыспақтың қаншалықты қиын, тәуекелшіл спорт ойыны екендігін оның бел ортасында жүргендер ғана жақсы біледі. Аттан құлап, ат астында қалып жататындарды да естіп, ара–кідік теледидардан болса да көріп қалатынымыз бар. Соған қарамастан осы спорт түрін таңдап, көкпар мен аударыспақтың биік шыңына шыққан, спорт шебері, біздің жерлесіміз Данияр Смайлов болғанын мақтан етеміз.
Данияр жастайынан спортты жанына серік етіп өсті. Грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы болған атасы Жақсылық Үшкемпіров тәрізді аудан ғана емес, облыс, тіпті республикамыздың атын әлемге танытуды өзіне басты мақсат етіп қойды. Сөйтіп, ауылда туып, ауылда өскен қазақтың қара домалақ баласы алдымен атқа мініп, көп ұзамай атқұлағында ойнайтын шабандоз болды. Болмыс бітімі палуандарға ұқсайтын, зор денелі 28 жасар бозбала 2010 жылы «Әулиеата» ат спорты клубына мүше болып қабылданды. Сол күннен бастап тынбай дайындықтың үстінде болған Данияр ат үстіндегі аударыспақ пен көкпардан көптеген жетістіктерге жетіп келеді. Атап айтатын болсақ, көкпардан 2011, 2012 жылдары Қазақстан Республикасы чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізсе, 2015 жылы күміс, 2013 жылы алтынан алқа таққаны бар. Ат үстінде мығым отырып, әртүрлі айла-тәсілдерді еркін меңгерген, қара күштің алып иесі Данияр Жамбылұлы 2016 жылы аударыспақтан ҚР-ның ХVІ чемпионатында 90 келіден жоғарылар арасында екінші, осы жылы Қытай елінде өткен Халықаралық турнирде де сол көрсеткішін қайталады. 2019 жылы ҚР-ның спорт түрлерінен өткен V фестивалінде аударыспақтан үшінші орынды иеленсе, 2020 жылы республикалық чемпионатта күміс медальға қол жеткізді. Осы жылы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Мойынқұмның атақты шопаны Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына орай өткен республикалық турнирде кір тасын көтеруде 2 орынды иеленіп, тағы бір қырынан танылды.
Биылғы жылдың көктемінде аударыспақтан ересектер арасында өткен ҚР-ның ХХІ чемпионатында бірінші орынды жеңіп алып, алтынан алқа тақты. Сондай-ақ Ресейде өтетін әлем чемпионатына жолдаманың иесі атанып, ауыл халқын бір қуантты. Міне спортпен айналысқанына бар болғаны он жылдан аса уақытта мұндай жоғары жетістіктерге қол жеткізу айтуға оңай. Бұл үшін қаншама тер төкті, қаншама күш жұмсалды. Бүкіл ауылы, елі үміт артып отырғанда әлем чемпионатында Жақсылық атасы тәрізді атой салып, әлем чемпионы атануды өзіне басты мақсат етіп қойды.
Осындай үлкен додадағы үкілеп шығарып салған жерлестерін жерге қаратпай, биік тұғырдан көрінуді ойлады. Мұндайда ойдың өзі жүйкені жеп, тығырыққа тірейтіні бар емес пе? Жарты жылдан астам күндіз-түні жасаған жүйелі дайындық өз нәтижесін берді. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен сом білекті, айдаһар жүректі мен мықтымын деген небір алып күш иелері шілде айының 24-27 күндері аралығында Ресейдің Татарстан Республикасының Қазан қаласына жиналды. Осындағы аударыспақтан 90 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі бәсекеге қатысқан «сен тұр, мен атайын» дейтіндей 8 мықтыны аттан жұлып алып, әлем чемпионы атанды. Міне көп жылғы төккен тердің өтеуі осы болар. Осылайша шағын ғана Мәдімар ауылынан шыққан 40 жасар Данияр Смайлов еліміздің абыройын асқақтатты.
Артынша-ақ бұл қуанышты хабар облыс, аудан, ауылға да жетті. Бұлардың арасында Данияр ауылдастарының қуанышында шек жоқ еді. Даниярдың жолын тосып, ауылға келген бетте ағайындары, спорт саласының басында жүрген азаматтар бірігіп, оған темір тұлпарды көлденең тартты.
Өткен аптаның жұмасы күні ауыл тұрғындары ертемен батыр ұлдары Даниярмен кездесу үшін ауыл клубына қарай ағылды. Сыйға мінген көлігімен алдына анасы Сенімкүл апайды мінгізіп алған Данияр атбасын клуб алдына әкеліп тіреді. Ауыл апалары жағалай шашуларын шашса, ер-азаматтар жағы ауыл халқы атынан батыр ұлдарының темір тұлпарына көрімдік ретінде үлкен қалы кілем жапты.
Ауылдық клубтағы кездесуде сахна төріне алдымен аударыспақтан әлем чемпионы Смайлов Данияр Жамбылұлы шақырылды. Ауыл халқы тікелерінен тік тұрып, Даниярға қошемет көрсетті. Содан соң ауыл әкімі Мейірбек Ноғаев пен ауыл ақсақалы Төлен қария Даниярды жеңісімен құттықтап, игі тілектерін білдірді. Ауыл халқы атынан батыр ұлдарына зерделі шапан жауып, басына құндыз бөрік кигізді, ауыл әкімінің Алғыс хаты салтанатты жағдайда табыс етілді. Сондай-ақ әлем чемпионын өмірге әкелген алтын құрсақты анасы Сенімкүл апайға да құрмет көрсетіліп, үстіне камзол кигізіліп, басына ақ орамал салынды. Батыр ұлға Төлен қария аталық батасын берді.
— «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар» демекші, Данияр спорттың осы түрімен айналысқалы оның бірінші жанкүйері болып келемін. Балама еріп, еліміздің бірнеше қаласында болып, көкпар, аударыспақ ойындарының барлығын көрдім. Мәдімар атасының рухы ұлымды қолдап, үнемі жолы болып келеді. Енді міне әлем чемпионы болғанына ауыл, ел болып қуанып жатыр. Астына темір тұлпар мінгізсе, басқа да құрметтер көрсетілуде. Бұл үшін ауылдастарыма, ағайындарға айтар аналық алғысым шексіз. Баланың осындай жоғары жетістіктері арқасында Меккеге қажылыққа да барып, қайттым. Бұл менің ғана емес, елінің баласы. Сондықтанда ел аман болсын, ұлым алда да жоғары биіктен көрініп, елін қуанта берсін,-деді Даниярдың анасы Сенімкүл апай тебірене сөйлеп.
Бұдан кейін ауыл ақсақалдары Асан Әлмақашұлы, Рысбек ата, Құрал әжей, нағашысы Айтжан, Даниярдың достары Жұмат тағы да басқалар өздерінің тілектерін айтып, Даниярды құттықтады.
— Бұл аудан тарихында ауылымыз алтын әріппен жазылатын тарихи күн болды.Қолыңның қарымы талмай, атың ешқашанда сүрінбей алда да жеңісті күндерді жалғастыра бер,-деген Асан ағайдың тілегі көптің көкейінен шықты.
Кездесу барысында ауылдың әншілері Берік Жарымбетов, Райым Мейірхан, Мырзақасымдар домбыра, гитарамен әуезді ән шырқап, кездесудің реңін кіргізіп отырды.
Данияр батырды кейінгі жас ұрпаққа үлгі етуге арналған кездесу соңында Данияр Жамбылұлы сөз алып, өзіне осындай құрмет көрсетіп жатқан ауылдастарына алғыс айтты. Жастарды еңбек етіп, спортпен тұрақты айналысуға шақырды.
Байзақ ауданы