Мағжан Жұмабаев
1988 жылы Мағжан ақталды. Арыстар жарыққа шығып, зерттей бастадық. Жетекшілеріміз тақырып береді. Бірақ ешбірі Мағжанға жоламай қойды. Жай ғана мақтағанда түбін түсіреді. Бірақ жеме-жемге келгенде, ешқайсысы зерттеуге алмайды. Осы ойымды Серік Қирабаевқа айттым. «Не істейсің сен?» деп өзіме сұрақ қойды. «Бақыткамал-ау, қалқам-ау, жігіттер қорқып жатқан дүниеге екі кішкене балаңыз бола тұрып сіз қалай барасыз», – деді. «Көрейін» деп қоймадым. Мағжанға осылай келдім. Өмірімде 10 кітап жазыппын. Соның төртеуі Мағжанға арналды.
– Аты ақталған Мағжаннан неге бәрі қашады сонда?
– Мағжан 1960 жылы ақталу керек болған. Кім кедергі болғанын біліп отырсыз…
– Білмейді екенбіз…
– Қалай білмейсіз? Әбділдә Тәжібаев қой. Сол бас болып, сегіз адам қол қойып, Мағжанды КГБ-ға берген ғой. КГБ-ның «Ақтауға бола ма?» деген сауалына: «Жоқ, ақтауға болмайды. Мұның өлеңдері тұнып тұрған бәле саясат. Өзі эротиканы күшті жазады. Оның үстіне «Әлдиле өлім, әлдиле» деп өлімді насихаттайды» деген желеулермен қайта жаптырып тастаған. Осы кезде Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов бастаған Мәскеудегі «Жас тұлпар» ұйымының мүшелері Алматыға келіп, Мағжанның әйелі Зылихадан ақын шығармаларын алады. Машинкамен 20 экземплярын басып, жасырын таратады. Мұқағалилар сонда барып Мағжанмен танысады. Соның әсерінен Мұқаң «Оятайық ақынды» деген өлең жазады. «Ағалар, Мағжанды ақтауға көмектесіңдер» деген сөз ғой. Ағалар қайдан тыңдасын? Егер Мағжанды оятса, портреттердің орны ауысады ғой. Өздерінің орнына Мағжандар келеді. Әбділдә Тәжібаевтың «Портреттер» деген шығармасы бар. «Ол портреттер келгенде, біз ығысамыз» деген ой бар әлгі шығармасында. Расында, солай болды.
……..
– Мағжан Жұмабаев 1923 жылдың аяғында Мәскеуге барады. Ол кезде социалистік реализмнің негізі салынып жатқан болатын. Мағжан соны талқандауға барып отыр. Орысша өте сауатты адам болған.
«Осыған дейін өз бетінше дамып келген қазақ әдебиеті социалистік реализмге мұқтаж емес. Әркім өз әдебиетінің табиғи болмысын сақтау керек» деген пікір айтады. Сонда «Кіндік» баспасының директоры Нәзір Төреқұлов жанындағы бір топ адаммен жерлестердің ұйымында Мағжанды талқандап сынайды. «Мағжан заманынан азып кеткен ақын. Мағжанның оқулықтарының бәрі зиянды. Бүгіннен бастап алынсын» дейді. 1925 жылдың қаңтарынан бастап Мағжанның бүкіл кітаптары тұтқындала бастайды. Бұл оның тағдырына әсер еткен екінші адам.
– Сонда социалистік реализмге қарсы шыққаны үшін қудалау басталды дейсіз ғой?
– Қазақ әдебиетінде 1925 жылға дейін жазылған шығарманың бәрі модернизм. Сол замандағы батыстың әдебиетінен ешбір кем емес еді. 1925 жылдан бастап Сталин мен Горький қол қойып, социалистік реализм ағымын бекітті. 1924 жылы Мағжан «Алқа» арқылы соған қарсы шықты. Сол үшін 1929 жылы тұтқындалып, 10 жылға кетті. Жеті жыл отырды да, үш жылын кешіріп, қайтып келді. 1936 жылы маусымда келді. 1937 жылы 30 желтоқсанда қайта қамалды. 1938 жылы ақпанда атылды. Сол үзілген із 1960 жылы бірақ жалғанды. Осы кезде постмодернизм бағытындағы Зейін Шашкиннің «Доктор Дарханы» шықты. Постмодернизмді Оралхан Бөкей дамытып сентиментализмге, Төлен Әбдік сюрреализмге бастады. Сонда 35 жыл бойы қазақ әдебиеті батпақтап тұрған. Мағжан соның алдын алғысы келген. Мағжанның білімі телегей-теңіз болған екен. Жауларын қорқытқан осы. Ондай білім ешбірінде жоқ еді. 1960 жылы Әбділдә Тәжібаев айтады «Мағжанның басын құртқан ең бәлекет дүние – телегей-теңіз білімі» деп. Сонда білімнің көп болуы да кейде сор екен…
Мағжантанушы Бақытжамал Қанарбаеваның сұхбатынан үзінді…