Махамбет атындағы қазақ драма театры академиялық атақ алды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес 80 жылдық тариxы Махамбет атындағы қазақ драма театрына академиялық атақ берілді.

Өткен жылы облыс әкімдігінен драма театрына академиялық атақ беру жөнінде мәдениет және спорт министрлігіне ұсыныс жасалған болатын.  Сол ұсыныс қаралып, бүгінде оң шешімін тапты. Өнерге қолдау көрсетілмей дамымайтынын алға тартқан театр директоры Берік Жаменов  облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

-Соңғы екі жыл ішінде театр үлкен табыстарға қол жеткізді. Шет елге гастрольдік сапарларға шығып, бірқатар шақыртулар алды. Өткен жылы 25-ші рет өткен республикалық театр фестивалінде бірінші орынға ие болды. Осы еңбек еленіп, облыс әкімінің тікелей қолдауымен академиялық атақ алып отырмыз. Бұл бастаманы Қазақстан театрлар ассосациясының президенті Асанәлі Әшімовтың өзі қолдады. Осының барлығы театр ұжымының еңбегі,- дейді Берік Жаменов.

Биыл облыстық академиялық қазақ драма театры күзге таман өзінің  80 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалуда. Сонымен қатар мерей той қарсаңында ТМД және өз еліміздегі ірі театр ұжымдарымен бірлесіп фестиваль, танымал әртістердің қатысуымен шеберлік сағаттарын өткізбекші.

                                                                            С.Муньянова