Майданда шыңдалған сарбаз

Ұлы Отан соғысының ардагері Балтабай Қазиұлы жайында сөз

Жаратушы Алланың адамды талай ажалдардан аман алып қалып, кейін мағыналы ғұмыр беретіні ақиқат. Денесінің екі жерінен оқ тиіп, алты жеріне жарқыншақтар қадалып, үш-төрт күн ес-түссіз жатқан жанның тірі қалуын елестетудің өзі қиын. Ұлы Отан соғысында дәл осындай ауыр жарақаттан кейін сауығып, кейін ел қатарлы қызметтер атқарған, бүгінде арамыздағы жаужүрек майдангеріміз, еліміздің ауыл шаруашылық саласының ардагері Балтабай қажы Қазиұлын қай жағынан дәріптесмек те, асыра айтқандық болмас. Торқалы тоқсаннан асқан ақсақал әлі тың. Ғұмырының ең албырт – жастық шағын Отанымыздың тыныштығын қорғау мен оның көркеюіне арнаған жан жайында азды-көпті баяндамақпыз.

Бала боп қызық көрмеген…

Балтабай Қазиұлы 1925 жылы қазан айында бұрынғы Торғай облысы Аманкелді ауданының Қайғы (қазіргі Науырзым ауданы) жерінде дүниеге келген. Темірдің үшінші ұлы Қазидан тарайды. Қази арабша сауаты бар, дін жолын ұстанған адам болыпты. Замандастары оның бес уақыт намаз бен оразаны қаза қылмай өткенін айтып отырады екен. Дін тарихын жете білетін, құранның барлық сүрелерін жатқа айтатыны ел аузында.

Бүгінгі мерейтой иесі жастайынан аштық пен жетімдіктің кермегін бір кісідей-ақ тартқан жан. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары болған нәубет отбасыға оңай болған жоқ. Балтабай он жасқа келмей анасы Бижаннан айырылды. Дегенмен әкесі Қази балаларын жетімсіретпей, өзі бағып-қағуды мойнына алады. Кейіпкеріміз осындай қысылтаяң шақта 11 жасқа келіп, мектепке бір-ақ барған екен. Ауылдан бес-алты шақырым жерден қатынап білім алған бала Балтабай зеректігімен көзге түсіпті.

— 1941 жылы соғыс басталды. Бұл еңсемізді енді жиып келе жатқан бізге өте ауыр болды. Атамыз Темірдің әулетінен төрт азамат майданға аттанды. Өңкей бала-шаға, әйел адамдар қалдық. Мен жаспын. Арттағы қалғандарға қолқабыс ету үшін оқуды тастап, ауылға келуге мәжбүр болдым. Темір әулеті жиналып, Қызбелдегі екі бөлмелі үйде 12 адам тұрдық. Әкем қақпан құрып, аң аулайды. Олардың терілерін илеп, соны азын-аулақ тиын-тебенге сатып, үлкен әулетті асырады. Соғысқа кеткен інілерінің аман-есен оралуын ғана тілеген әкем тыным тапқан жоқ, — дейді сол бір өксігі толы балалық шағын есіне алған Балтабай ақсақал.

Жігіттің жігіттігі майданда сыналады

1943 жылдың жазында жасы он сегізге де толмаған Балтабай әскерге алыныпты. Алғашында Челябі облысының Шұбаркөл жеріндегі 13-полкы сапында екі айлық оқу-жаттығудан өтеді. Сол ұрыс даласына даярлық кезінің өзінде әлсіреп, аштан өлгендер аз болмаған. Осындайда «өлместің суын ішкен» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Бір жағы қазақ деген батырдың ұрпағы емеспіз бе, жауынгер Балтабай орысша білмесе де, сол бір майдандағы өмірге бергісіз қатал күндерде аман қалған екен.

Оқу-жаттығудан кейін Шұбаркөлден шыққан әскер Екінші Украина майданындағы 68-ші гвардиялық дивизияның 20-шы атқыштар полкына қосылады. Қарт майдангер адамның өмірі мен өлімін санаулы секундтарда шешетін сол бір ауыр да, азапты күндерді ұмытқан емес:

— Мен қатардағы автоматшы жауынгермін. Алғашқы шабуылға кірген шайқаста взводта үш-ақ адам қалған екенбіз. Міне, осындай қауіпті кездер аз болған жоқ. Бастапқыда Дарницы қаласын, Букрин және Лютех плацдармын жаудан босатып, артынан Киевті босату үшін болған ұрысқа қатыстық. 1943 жылдың қараша айында құрамында өзім жүрген Кеңес әскері Украина астанасынан фашистің 15 дивизиясын қуып шықтық.

Балтабай Қазиұлы осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденін кеудесіне тақты. Кейін Житомир, Дрогобыч, Львов, Моршин қалаларын жаудан тазарту ұрыстарынан соң екінші мәрте «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. «Отан соғысы», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін» медальдарын төсіне қадады.

Кейіпкеріміздің соғыстағы тағы бір ерлігі – суға батып кете жаздаған 50 адамды құтқарып қалғандығы. 1943 жылы Сталин 7 қараша күні қалайда Киевті жау қолынан босату туралы бұйрық береді. Тапсырманы орындау үшін Кеңес әскері ені жалпақ Днепр дариядан өтуге мәжбүр болады. Көп сарбаз ағаш дөңбектерден сал жасап судан өтіп жатқан кезде, немістер оқ жаудырып, содан қорғанамыз деген 50 адам бөренелердің астында қалып қойыпты. Міне, сол жауынгерлерді біздің кейіпкеріміз құтқарып қалады.

1944 жылдың 4 ақпаны күні жаумен кескілескен ұрыстардың бірінде жауынгер Балтабай ауыр жараланыпты. Қатарынан екі оқ тиген, денесіне сынық-жарықшақтар кірген. Тіпті, иегіне кірген сынықтан сөйлеуге мұршасы келмей, жамбасын оқ тесіп өткен екен. Екі қолы жансызданып, сол ауырсынған күйі есінен танып, бірнеше күн жатыпты. Көрешегі бар деген осы шығар, комиссия жаралы сарбаздарды тексеруге келгенде, қазақ жауынгерінің кірпігінің қимылдап жатқанын байқап қалады. Бір айдан астам тек сұйықтықпен қоректенген Балтабай Қазиұлы ұзақ уақыт Львов, Дрогобыч, Киев, Житомир, Майкоп, Краснодар, Кисловодск қалаларының госпитальдарында жатып емделеді. Шалқалап жату немесе қозғалу да мұң – арқасы, белі жарадан әлі айықпаған.

Артыңда ұмытылмас ісің қалсын

Арада сегіз ай өткенде ғана басын көтерген майдангер тоғызыншы ай дегенде арнайы тіреуіштердің көмегімен қозғала бастапты. Екі жыл үш ай бойы адам төзгісіз ауруды басынан өткерген ол госпитальдан сұранып, екінші топтағы мүгедек болып ауылға оралады. Бұл жақта да жағдай мәз емес. Тамақ, киім деген жоқ, титықтап отырған ел. Сонда да ешкімге арқа сүйеместен, Меңдіқараның орталығына келіп, сондағы училищеге хатшы болып жұмысқа қабылданады. Осы арада бала кездегі үзіліп қалған оқуын жалғастыруға мүмкіндік алады. Айтпақшы, денеде қалып қойған снаряд сынығы кейіпкеріміздің жүріп-тұруын қиындата берген соң, Челябі қаласына барып, ота жасатыпты. Денеден ұзындығы 2 сантиметр жарықшақ алынған екен.

1947-1950 жылдары Қостанай ауыл шаруашылық техникумын зоотехник мамандығы бойынша тәмамдап шыққан майдангер алғашқы еңбек жолын бұрынғы Көкшетау облысының Еңбекшілер ауданынан бастағанын айтады. Жұмысын мінсіз атқарып, үкіметтің жоспарлаған тапсырмаларын мүлтіксіз орындаған жас маманды аудан басшылары сол кезде экономикасы артта қалған «Коммунизм» ұжымшарына төраға етіп тағайындапты. Балтабай Қазиұлына дейін бірнеше басқарма сотталып кеткен екен. Намысқа тырысқан жас маман айналдырған бір-екі жылда колхозды ауданда озат етіп сүйреп шығарады.

1953 жылы Алматыда өткен ауыл шаруашылық озаттарының республикалық кеңесіне қатысып, мол тәжірибе жинақтады. Ал 1954 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінде «Алтын медаль» иегері болғанын зор мақтаныш санайды. 1965 жылдан зейнетке шыққанша Қамысты, Әулиекөл, Қарасу аудандарында түрлі қызметтерді атқарды. 2004 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерін, Ұлы Отан соғысының мерейтойлық орден-медальдарын кеудесіне таққан.

Қызметін енді бастаған жылдары Алматы зооветеринарлық институтын оқып алғанын айта кеткен жөн. Жұмысына тиянақты, әбден берілген Балтабай 1951 жылы Бәтима есімді бойжеткенмен шаңырақ көтереді. Төрт қыз бен бір ұл сүйген отбасының қуанышы ұзаққа бармады – алпысыншы жылдардың ортасында Бәтима анамыз науқастан көз жұмды. Елге оралып, «Бестау» кеңшарында бас зоотехник болып жүріп, Зағиша есімді қызға үйленген екен. Қазір осы апамызбен елу жыл отасып, бала-шаға, немере-шөбере сүйіп отыр.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқымын қуады»

Балтабай ақсақал облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі. Алланың қалауымен 2008 жылы Мекке-Мәдинаның топырағын басып, қажылық парызын өтеп келді. Ал 2013 жылы «Құрметті қажы» атағына ие болып, алтын төсбелгі тақты. Жоғарыда әкесі Қазидың діни сауаты бар адам болғанын айтып өттік. Арада жетпіс жыл өткеннен кейін баласының қасиетті сапарға барып келуі де тегін болмаса керек.

Бүгінде қажы атаның көптеген игі бастамаларға себепкер болғанын ел біледі. 2002 жылы Науырзым өлкесінде атақты Мұстафа Хазіреттің 190 жылдығы мен Тышқан батыр Өтемісұлының 165 жылдық мерейтойлары кеңінен аталып, даңқты тұлғаларға арналып ас берілген болатын. Зәулім кесене салынып, осы шараны ұйымдастыруда Балтабай ақсақалдың еңбегі зор бағаланды. Бұдан бөлек, мерейтой иесі туған ауылының бүгінгі жай-күйіне бей-жай қарамай, аймақ басшыларына Қайғы елдімекенінің сақталып қалуын, ол жерге көмек-жәрдемдердің қажет екендігін сұрап, талай хат-арыздар жазды.

Қарт жауынгер биылғы Ұлы Жеңістың 71 жылдығын тік жүріп қарсы алатын денсаулығы бар. Әлі тың. Денсаулығының арқасында кейінгі жылдары «Өнегелі ғұмыр», «Орындалған арман» деген атаулармен кітаптар жазып шықты. Ол кітаптарда өмірден көрген-түйгендері жайында біраз мәліметтер топтастырылған. Өзінің ата-тегі, өмірбаяны, өңірдегі игі жақсы жандар жайында кеңінен толғаған. Елге танымал азаматтардың өзі туралы жазылған естеліктері, өлеңдері, арнаулары да бар. Тасқа жазылған бұл өнегелі сөздер кейінгі ұрпаққа қалдырған мұра болып сақталып қалмақ.

Ал биыл Балтабай ақсақалдың «90-ға ризамын» деген атаумен тағы бір кітабы жарық көрді. Қарт майдангер бұл еңбегінде өткен күндерден естеліктер қалдырған екен. 50 жастан бастап, 60, 70, 80, өткен күздегі 90 жасықа толған мерейтойларынан есте қаларлық оқиғаларды қамтыпты. Өмірден көрген-түйгендері мен әр халықтың даналық ойларын, адамның жасы мен денсаулығына қатысты біраз білгендерін тізіп жазған. Әр жылдары баспасөз беттеріне шыққан мақалаларын да топтастырыпты.

Үрім-бұтағы, замандас қауымы, ауылдас ағайыны, елдің азаматтары қарт майдангердің бұдан кейін де талай жыл игі істерге бас болып, ақыл-кеңесін беріп жүретініне сенеді. Соны тілейді.

Суретте: Ұлы Отан соғысының ардагері Балтабай Қазиұлы.

Қыдырбек Қиысханұлы,

Қостанай.