Майдангер ұстаз
Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылында 1922 жылы туған Көделбай Бөгенбаевты осы өңірде тұратындар жақсы біледі. Көделбай ауылдағы Ново-Ивановка орта мектебін бітірісімен 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, елін жаудан қорғаған азаматтардың бірі. Ол-Сталинградты қорғауға, Курск иініндегі, басқа да алапат соғыстарға қатысқан жаужүрек жауынгер. Соғыста жүріп талай ерліктер көрсетіп, бірнеше орден, медальдарды кеудесіне тақты. Өкініштісі сол ағамыз соғыстан елге I топтағы мүгедек болып оралды. Бір қолы мен бір аяғынан сұрапыл соғыстағы жан алысып, жан беріскен ұрыста айырылды.
Соғыстан оралғаннан кейін Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында оқуын жалғастырып, математика пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. Сөйтіп, алғашқы еңбек жолын өзі орта білім алған ауылдағы Ново-Ивановка (қазіргі Жамбыл) орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып бастады. Бұл мектеп ол кезде осы өңірдегі жалғыз орта мектеп болатын. Сондықтанда ауыл маңындағы бірнеше ауылдың жүздеген ұл-қыздары мектеп жанындағы интернатта жатып білім алатын.
Жастайынан есеп-қисапқа зерек, өз мамандығын жетік меңгерген Көделбай ағай алғашқы жылдардан-ақ ауыл ғана емес, аудандағы тіпті облыс көлеміндегі алдыңғы қатарлы ұстаздар қатарынан көрінді. Оқушылары аудан, облыстағы пәндік олимпиадаларда алғашқы орыннан көрініп жүрді. Ең қиын сабақ саналатын математика пәнінен мектепте білім сапасы көтеріліп, ағайымыздың атағы алысқа кете бастады. Адал еңбек әділ бағаланып, «Қазақ ССР-і оқу ісінің үздігі», басқа да бірнеше төсбелгі, медальдар мен әртүрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Бір мектепте табан аудармай 36 жыл абыройлы еңбек еткен ардагер ұстаз 1982 жылы зейнетке шықты. Мектеп ұжымы, ауылдық Кеңес, шаруашылық басшылары ағамыздың үстіне шапан жауып, зейнетке салтанатты түрде шығарып салды. Жетібай ауылының «Құрметті азаматы» атағын иеленді.
Еңбек және соғыс ардагері Көделбай Бөгенбаев зейнетке шыққаннан соң сегіз жылдан кейін өмірден өтті. Ағайдың өмірден ерте өтуіне соғыстың салған зардабы, басқа да кесапаттары әсер етті-ау деп ойлаймыз. Алайда, қайсар жан өзінің мүгедектігіне қарамастан ауыл ғана емес ауданымыздың көптеген оқушыларына сапалы білім, саналы тәрбие берді.
Көделбай аға мен Түйімхан апа еңбек ете жүріп, отбасында 5 ұл, 3 қызды тәрбиелеп, өсірді. Олардан бүгінде 16 немересі, 9 шөбересі бар. Ұл-қыздары жоғарғы, арнаулы оқу орындарында оқып, өздеріне тән мамандықтарын алды. Олардың арасында әке жолын қуып, ұстаздықпен айналысып жүргендері де бар. Олар әркез қара шаңырақтағы ағайдың кенже ұлы Асқар мен келіні Мираның отбасында болғанда алдымен әке-шешелері Көделбай мен Түйімханды еске алады. Оларға құран бағыштап отыруды әсте естерінен шығарған емес.
Өткен жылдың күзінде Көделбай ағайдың ұл-қыздары жиналып әкелерінің 100 жылдығын кең көлемде атап өтті. Бұған ағай еңбек еткен Жамбыл орта мектебінің ұжымы да өз үлестерін қосты. Ұстаздар мектептен ағаға арнап арнайы бұрыш ашып, спорттық жарыстар өткізді. Жиналғандарға ас беріп, құран бағыштады.
«Адам өлген күні өлмейді, ұмыт болған күні өледі» деген сөз бар. Біз сөз етіп отырған еңбек және соғыс ардагері Көделбай Бөгенбаев артында қалған ұл-қыздары, ағайындары, мектеп ұжымы мен өзі ұзақ жылдар дәріс берген шәкірттері тұрғанда ешқашанда ұмыт болмайды. Шәкірт демекші ағамыздың өзі оқытқан оқушылары арасында бүгінде аудан, облыс тіпті республика көлемінде лауазымды қызметтер атқарып жүргендері де аз емес. Солардың бірі — Жетібай ауылында тұратын Байзақ ауданының құрметті ардагері Серік Кембаев аталған округте бірнеше жыл әкім болып абыройлы еңбек етті. Бүгінде зейнетке шығып, аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы мәдениет және спорт жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы қызметін өз дәрежесінде атқарып жүр. Міне осындай еліне сыйлы, жастарға ақыл-кеңесін айтып жүретін шәкірттері тұрғанда, аға есімі қашанда ел есінде қала береді.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Жетібай ауылы.