Майдангердің естелігі
Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Ұлы Отан соғысының ардагері Сембай Темешовпен кездесу болды. Кездесу кешіне колледж студенттері мен мектеп оқушылары келіп, майдангердің естелік-әңгімесін тыңдады.
Сембай Темешов Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылының тумасы. Кеңес армиясының қатарына 1942 жылы 12 ақпанда шақырылып, Киевті азат ету шайқасына қатысты.
— Майданға жіберілмес бұрын екі ай уақыт дайындалып, 24 сәуірде Мәскеу түбіне бардық. Онда да әртүрлі оқу-жаттығудан өтіп, кейін қаланың сыртындағы Волоколамск тасжолының бойынан қираған танкілер мен ұшақтардың және зеңбіректердің қалдықтарын жинастырдық. Шайқас кезінде Калинин, Брянс және Смоленск облыстарының аумақтарынан жаяу жүріп өттік. Біз негізі басында атты әскерлердің құрамында болғанбыз. Бірақ, шайқас кезінде аттарымыздың барлығы жарамай қалғаннан кейін жаяу шабуылдадық. Негізі, соғыста әскерлердің көп шығындалуы немесе жеңіске жетуі ол командирге байланысты. Бізде Попов деген командир болды. Қарсы тарапқа неше түрлі айла-тәсілмен шабуыл ұйымдастыратын. Соның арқасында бізде көп шығын болған жоқ, — дейді Сембай ата.
Қарт майдангер бүгінгі бейбіт күнімізге шүкірлік етіп, үнемі кейінгі ұрпақтардың амандығын және Отанымыздың тыныштығын тілеп отырады. Кездесу барысында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Жеңіс Молдабеков майдангер Сембай Темешовке қылқаламмен салынған өзінің портретін сыйға тарты. Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар әсем әннен шашу шашты.
Тілеуберді САХАБА