МАЙДАНГЕРДІҢ НЕМЕРЕСІМІН
1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысына 2 миллионға жуық қазақстандық аттанып, жартысы майдан даласында қалды. Бұдан бөлек, 700 мың, яғни миллионға жуық адам тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға үлестерін қосты. Менің атам Тұрғынбек Бошқаев та соғысқа қатысып, елімізді жаудың езгісінен қорғағанын мақтан тұтамын.
Атам 1922 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Дихан — 1 ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1941 жылы Буденовка орта мектебінің 9-сыныбын бітіреді. Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың күзінде әскер қат арына шақырылып, 1942 жылы сол жерден соғысқа аттанған. Алдымен 103- інші дивизияның құрамында соғысқа кіріп, Украинаның Житомир, Луковицы, Ростов, Орловск қалаларын жаудан азат ету жолында шайқасады. Осынау майдан даласынан ауыр жарақат алған ол госпитальде жатып емделеді. Жарақаты жазылған соң сапқа қайта қосылған атам Курск доғасындағы болған шайқаста екінші мәрте ауыр жарақаттанады. 1944 жылы екінші рет алған ауыр жарақатынан соң ІІ топтағы мүгедек болып елге оралады. Туған жерге келісімен еңбек майданына араласып, шаруашылықтың экономикасын көтеруге атсалысады. Сол жылдары Дихан-1 колхозында өндірістік бригаданың есепшісі, одан соң бригадирі, 1945 – 1947 жылдар аралығында Буденовка селосының қойма меңгерушісі, Базарбай ауылындағы дүкен меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1948 жылдан бастап мал жайылымындағы малшыларды ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ететін дүкеннің меңгерушілігіне тағайындалған. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және бірнеше медальдармен марапатталған. Бейбіт күндегі жемісті еңбегі үшін «Қазақ ССР сауда қызметінің үздігі» деген атаққа ие болған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында қадірлі азамат ретінде, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен наградталды. Ақыл мен сабырды тең ұстап, өңірдің өсіпөркендеуіне сүбелі үлес қосқан атам Тұрғынбек (суретте) жаны жомарт, көргені мен түйгені мол, болмысынан бекзаттық исі аңқып тұратын. Ұрпаққа айтар ғибрат, ақылы мен өсиеті мол еді. Апамыз Шариякүлмен отау құрып, 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Атам 2002 жылы 80 жасында, апам 1999 жылы 64 жасында дүниеден өтті. Бүгінде атам мен апамнан тараған ұрпақтар алып бәйтеректей өркен жайып отыр. 33 немере, 50 шақты шөбере алаңсыз өсіп келеді. Майдангердің немересімін. Осы бір сөз бойыма мақтаныш сезімін ұялатып, жауапкершілік жүгін арттыра түседі. Қиын-қыстау кезеңде жарқын болашақ, кейінгі ұрпақтың бақытты өмірі үшін кеудесін оққа тосқан батырлардың ұрпағы болу – бақыт емес пе?
Ержан ТҰРҒЫМБЕКОВ,
№2 орта мектеп директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.