Мақсат – құс еті өндірісін ұлғайту
«Бизнеске арналған үкімет» орталығында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен
облысқа инвестиция тарту, инвесторлардың ұсыныстарын қарау бойынша штабтың кезекті отырысы өтті. Онда «Алель Агро» акционерлік қоғамының жұмысы қаралды.
Бүгінгі таңда құс етін өндіретін отандық кәсіпорындар арасында көш бастап тұрған, тиісті стандарт талаптарына сай қызмет көрсетіп, өнім өндіретін агроөнеркәсіптік кешендердің бірі – «Алель Агро». Компания аймақта фермерлік шаруашылықты ұйымдастыруға ниет білдіріп отыр. «Алель- Агро» АҚ директоры Ерік Сұлтанқұловтың айтуынша, компания нарықтың сұранысына сай ісін ұлғайтып, облысымызда зауыт салып, жылына 25 мың тонна құс етін өндірсек дейді.
Компания өкілдері штаб отырысында өздерінің жұмыс жоспарымен, алға қойған мақсаттарымен бөлісті. Сонымен қатар құс шаруашылығын кеңейтуге қатысты инвестициялық жобасын таныстырып, ұсыныстарын жеткізді.
Акционерлік қоғамның ұсынған жобасы – жылына құс етінің бірнеше түрі бойынша 25 мың тоннаға дейін өнім өндіру, халықтың сұранысын қанағаттандыру. Сонымен бірге өндірілген өнімді шетелдерге экспорттау. Кәсіпкердің тағы көтерген басты мәселесі – аймақта құс өсірушілер қауымдастығын құру.
Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов жобаның тиімділігі мен жалпы өңір экономикасына
тигізер пайдасы жайында сөз қозғай келіп, кәсіпкердің ұсыныстарына қолдау білдірді.
Компания алдағы уақытта құс етімен ішкі нарықтың 60 пайызын қамтуды жоспарлап отыр. Ал қалған 40 пайызын Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттамақ.
Жеңіл әрі тез өндірілетін өнімдер салaлaрын жандандыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл ретте құс шаруaшылығын дамытуды көздеп отырған компанияның ұсынысына жергілікті билік қолдау көрсетуге әзір.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мемлекет, жергілікті билік тарапынан түрлі қолдаулар қарастырылғанын атап өтіп, жобаның мүмкіндіктерін жан- жақты зерделеу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ