Мақсат – мал басын асылдандыру
Облыста асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Соның ішінде Шопан ата түлігіне деген көзқарас соңғы жылдары айтарлықтай өзгерген. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, Шу ауданында етті және жүнді бағыттағы мал басын көбейтіп, асылдандыру мақсатын көздеген облыстық асыл тұқымды қой шаруашылықтарының көрмесі «Локомотив» стадионында ұйымдастырылды. Онда асыл тұқымды қошқарлардың да көрме-аукционы өтті.
Көрмеге өңірдегі шаруа қожалықтарынан қойдан бөлек асыл тұқымды қошқар әкелінген. Қазылар алқасы қойлардың салмағы мен бойына қарай баға берді.
Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
– Қой шаруашылығы еліміздің мал шаруашылығының басты бағытының бірі. Шетелдердің қой өсіру индустриясына көз жүгіртсек, көбінесе тез семіретін етті, етті- жүнді тұқымды өсіруге басымдық беріледі. Себебі, бұл үрдіс ет шаруашылығымен қатар ел экономикасының дамуына жол ашады. Облыста қой өсіретін 1500-ден астам шаруашылықта 3252 мың бас қой бар. Бұл шаруашылықтарда еділбай, қазақтың құйрықты қылшық жүнді, меринос, гиссар және басқа қой тұқымдары өсіріледі. 2016 жылы облыста 2 миллион 406 мың бас қой болса, оларға бүгінде 1 миллион қой қосылып отыр, – деді Қанатбек Мәдібек.
Аталған көрмеге алыс-жақын аудандардан бөлек, өзге облыстар мен шет мемлекеттерден де қонақтар қатысты. Көрмеге 250-ге жуық шопан ата түлігі қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге қатысушылар 7 санат бойынша бақтарын сынаған. Оның ішінде ұрғашы тоқтылар мен саулықтар, қошқарлар қатысты. Көрмеде салмағы 140 килограмға дейін тартатын қошқарлар көпшіліктің назарын өзіне аударды.
Шопан ата төлінің түр сипатын, салмағы мен бойына қарай бағалайтын қазылар алқасына Түркістан облысынан келген Асылхан Байғазиев, қырғызстандық Рамиз Жұмабаев, Алматы облысынан Ерік Қыдырәлиев пен Шу аудандық мәслихат депутаты Мақсат Сұлтанғазиев пен тағы бір түркістандық Кенже Мұғалбаев сайланды. Олар ортадағы таразыға тартылып, бойы өлшенген қозы мен қой, қошқарлардың сыр- сымбатына қарап бағаларын беріп отырды. Байқағанымыздай, бақ сынауға көршілес Меркі ауданы мен Т.Рысқұлов ауданы тыңғылықты дайындықпен келген. Сол секілді алаң иелері де өз қойларын әртүрлі санаттар бойынша қатыстырып жатты.
Облыстық іс-шара болғанымен бейресми түрде халықаралық дәрежеге ие болған көрме соңында Қырғыз мемлекетінен келген делегациясы жылы лебіздерін білдіріп, өздерінің қазақстандық әріптестеріне сый-сияпаттарын табыс етті. Сонымен қатар, алдағы айда Алатау бөктерінде өтетін осындай халықаралық көрменің қонағы болуға шақырды. Ұйымдастыру алқасы да қырғыз бауырларының иығына шапан жауып, бастарына бөрік кигізді. Тарту-таралғы жасау мұнан кейін де жалғасты. Облыста, оңтүстік өңірде осындай бастамаларға жан бітіріп жүрген жандарға да қазақи жолмен құрмет көрсетілді.
Бұдан бөлек, облыста қой шаруашылығын дамытып, оны асылдандырып отырған үлкен шоғыр шаруаларға Қанатбек Қайшыбекұлы облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды. Шараның мәресі жеңімпаздарды марапаттаумен түйінделді. Қатысушылардың қатары қалың болғандықтан бағалы сыйлықтардың саны да көп болды. Олар жоғарыда біз айтқан санаттар бойынша бірінші, екінші, үшінші орындарға ие болып, жүлделерін еншіледі.
Көрмеде елдің ықыласына «Шатақ» атты шулық қошқар ие болды. Миятхан Бұланбаев басқаратын «Байбол» шаруа қожалығының мақтанышы алты тіс санатында қатысып, 201 келі салмақпен көрменің ең үздігі болды. Ал, абсолютті салмақта Т.Рысқұлов ауданы, Қорағаты ауылының тұрғыны Данияр Ақторпақовтың «Геракл» қошқары жеңімпаз атанды. Оның салмағы 186 килограмды көрсетті. Сондай-ақ, меркілік жеке кәсіпкер Нұрлан Әбдіқұловтың «Карат» атты қошқары 183, тағы бір меркілік Қуан мырзаның «Байсарысы» қошқары 181 килограмм болды. Бойшаң қошқарлардың бойлары 1 метрден асып жатқанын айта кеткен жөн.
Жалпы алғанда асыл тұқымды қойлардың бағасы қымбат келеді. Олар 200 мың теңгеден басталып,10 мың АҚШ долларына дейін шарықтай береді. Кейбіреулерінің құны одан да жоғары болуы бек мүмкін. Оған оның тегі мен даңқы тікелей әсерін тигізеді.
Байжан ЕМБЕРДІ, журналист. Шу ауданы