Мақсаты айқын басылым
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның ақпарат кеңістігінен лайықты орын алған «Қазақстан-Заман» газеті саусақпен санарлық мерзім ішінде баспасөз айдынында өзіндік тұғыры бар, оқырманы қалыптасқан басылымдардың біріне айналды. Қаламы жүйрік журналистер қауымынан құралған шығармашылық ұжымның келелі мәселелерді қаузаған мақалаларын жұртшылық әр кез тағатсыздана күтетіні сондықтан болар. Сол себепті де «Қазақстан-Заман» тек қана республика өмірінің айнасы ғана емес, еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси өрлеуіндегі ізгілікті істерді паш ететін, Елбасы алға қойған асқаралы міндеттерді қалың бұқараға түсіндіретін насихат құралы екендігі даусыз.
«Жарқын болашақтың қамын саясаткерлер, өткен дәуірді-тарихшылар, бүгінгі күнді – журналистер ойлайды»-деген құнды қағиданы бекем ұстанып, өздеріне жүктелген халық сенімін абыроймен атқарып келеді деп айтуға толық негіз бар.
Сондай-ақ, Қазақстан халқы елімізде болып жатқан жаңалықтарды, өмірдің қайнап жатқан тұсындағы түрлі оқиғалар мен бағдарламалардан туындайтын жоспарлардың қалай жүзеге асып жатқаны жайлы деректерді осы газет бетінен оқып, біліп отырады.
Сонымен қатар редакция алқасы республикалық ардагерлер ұйымымен тығыз қарым-қатынаста. Ардагерлер қауымы жайлы толғақты мақалаларды газет бетінен жиі көреміз.Атырау,Талдықорған қалаларында өткен ардагерлердің республикалық семинарларының материалдары Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан аймақтарында жарияланған материалдар сөзіміздің дәлелі. Мұндай дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады деген үміттемін.
Биылғы табалдырықтан аттаған 2018 жылдың қаңтар айынан бастап газет атауы «Қазақстан заманы» деген атпен оқырманына жол тартты. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов баспасөздің құдіреті туралы: «Газет — халықтың көзі, құлағы және тілі»-деп атап айтқандай аталмыш газет одан сайын құнды мақалаларымен жұртшылықты қуантатын жаңалық жаршысына айналғай дейміз. Олай болса «Қазақстан заманы» газеті ол—ақ жол, айқын мақсат, бейбітшілік, рухани жаңғыру деп білемін. Осы жауапты да, маңызды жолда газет ұжымына, басшылығына шалқар шабыт, сәтті қадамдар тілеймін. Ақ жол!
Өмірзақ Озғанбаев
Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы
Орталық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары,
тарих ғылымдарының докторы, профессор