Мақсаты айқын, мәні зор сайт
Еліміздің ақпараттық кеңістігіне жол тартқан «ЕлАна» сайтының ресми тұсаукесері болып өтті. Бұл сайттың өзге сайттардан өзгешелігімен оқырмандарын бірден баурап алды деуіме болады. Олай дейтінім: — 28 мамыр күні ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі ұлттық кезекті комиссияның отырысында «ЕлАна» сайтының тұсауы кесіліп, еліміздің ақпарат айдынына жол тартқанды. Осынау ресми тұсаукесерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова ханым «Ел Ана» сайтының ашылғанына аз уақыт болса да, бүгінгі қоғамдағы әйел тағдырына алаңдап, ұлттық бояуын жоғалтпаған тартымды дүниелерімен көпшіліктің ықыласына бөленгенін баса айта келіп:
— «ЕлАна» сайты жаңашылдығымен, қоғамдағы келеңсіздіктерден жастарды жирендіруімен, ана мен бала тәрбиесіне ерекше назар аударуымен тартымды. Ұлттық тәлім-тәрбие де осында тұр. «ЕлАна» сайтының бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы көп жылдардан бері «Қазақстан ZAMAN» газетінде Бас директордың бірінші орынбасары қызметінде. Көп жылдар ұлағатты ұстаздық жолда шыңдалған Сәуле Мешітбайқызы қазір елімізге аты танымал, қарым-қабілеті мол, белгілі журналист. Жыл сайын «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен арнайы экспедиция жасақтап, еліміздің бар аймағын аралап, түйткілді мәселелерді, қордаланған проблемаларды газет арқылы сараптама мақалаға айналдырып, халық пен биліктің арасына алтын көпір бола білді. Қазірдің өзінде «Қазақстан ZAMAN» газеті — «ЕлАна» сайтының серіктесі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген осы. Сәуле Мешітбайқызы ел мен жердің, халықтың тұрмыс-тіршілігін, ана мен баланың бүгінгі хал-ахуалын жетік білетіні даусыз. Келешекте «ЕлАна» сайты Елбасы саясатын, біз үнемі талқылайтын отбасылық-демографиялық саясатты халыққа насихаттап отырады деген ойдамын. Көп жылдық жинақталған тәжірибенің арқасында «ЕлАна» сайты дүниеге келді. Бүгін, міне, тұсауын кесіп отырмыз», -деп ағынан жарылғанды.
Міне, мұнан артық біз сайтқа қандай баға бермекпіз! Гүлшара Әбдіхалықова ханым айтқандай, бұл сайттың негізгі мақсаттарына назар аударсақ, шынымен де солай екендігіне көз жеткізуге болады. Ендеше «ЕлАна» сайтының сайт құрылтайшысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР журналистер одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Сәуле Мешітбайқызының сөзіне тоқталып көрелік.
— «ЕлАна» сайтының басты ерекшелігі — елдің мұң мұқтажын, көкейкесті мәселелерді, жұрттың жанайқайын, қарашаның талап-тілектерін мейірім мен шуаққа толы аналық жүрекпен билікке жеткізу. Яғни, Ел мен Билік арасында алтын көпір болып, аталған көкейтесті мәселелердің салиқалы түрде шешілуіне мұрындық болу. Сондай-ақ, Болашақ ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде дәстүр мен қазақы қалыпқа сай тәрбиелеу, Қазақ аналарының ғасырлар бойы қалыптастырған тәрбие мектебін жаңа қырынан жаңғырту, Ел мен жердің төл тарихын жастардың бойындағы патриоттық пен өткенге құрмет сезімін оята отырып таныту, Мәдени мұралар мен ұлттық өнерді заманға бейімдеп дәріптеу, Ұлттың рухани тұғырының тұтастығын көздей отырып болашақ ұрпаққа имандылық пен ізгілікті мұрат еткен азаматтық позиция негізінде тәрбие беру, Аналар мен балаларды қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың бірегей насихатшысы болу, Үкіметтің Отбасы және демография комиссиясымен бірлесе жұмыс істеп,тұрақты байланыста болу; Әртүрлі саяси, әлеуметтік және қоғамдық құбылыстарды оқырманға сын сүзгісінен өткізе отырып ұсыну; Қоғамда аналарға, балаларға қамқорлықтың артуына игі әсер ету, Ұлттық болмысымызға жат құбылыстармен күресу, -дейді.
Міне, мұнан артық қандай мақсат болуы керек?! Сәуле Мешітбайқызының өзі де ел халқына кеңінен танымал тұлға екенін және «ЕлАнасы» екенін ескерсек, сайт атына заты сай екендігіне еш шүбә келтірмеймін. Сәуле Мешітбайқызы сізді бұл сайттың ресми тұсаукесерімен құттықтай отырып, сайтыңыздың мәртебесін биікке көтеріп, ел халқыңыздың мүддесі үшін адал әрі аянбай тер төгіп, халқыңыздың алғыс ықыласына бөленетініңізге кәмәл сенемін. Сізге және ұжымыңызға зор табыстар тілеймін.
Бағдал Ақынұлы
ҚР Журналистер одағының мүшесі.