Мақсатымыз – айқын, бағдарымыз – түзу
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы елдің көкейінде жүрген сауалдарды дөп басқан, мазмұны жағынан ауқымды әрі міндеті айқын болғаны рас. Жаңа Қазақстанның жаңашыл бағдарын нақтылаған құнды құжатта көзделген міндеттерді қоғам қызу талқылауда.
Жолдауда әлеуметтік-экономикалық мәселелер, соның ішінде халықтың тұрмыс сапасын арттыру, саяси жүйені реформалау сынды біршама ауқымды бастамалар баршылық. Осының барлығы біз – Жаңа Қазақстан құру бағытындағы нақты қадамдар деп түйдік. Президент ел күтіп, қоғам талап етіп отырған мәселе әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру екенін айтты. Иә, әділет қағидатына қазірден басымдық бермесек, қоғамда құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан еліміздің ілгері дамуы үшін қоғамдық келісім мен ынтымақты, ауызбіршілікті нығайтуымыз керек деп ойлаймын.
Әділетті қоғам салтанат құрған кезде ғана әділеттілік қағидаты тәуелсіздіктің темірқазығы болады. Қазір халық Үкіметтен нақты жұмыс пен нәтиже күтіп отыр. Сол үшін де Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда елдің үмітін ақтау үшін аянбай жұмыс істеп, бар тірлікті халықпен ақылдасып, уақтылы шешіп отыру керек дей келіп, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешу туралы жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді.Жолдаудағы «Жаңа экономикалық саясат», «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту» «Заң және тәртіп» сынды бес бағдарда сан саладағы өзекті мәселелер қамтылған.
Соның ішінде ең төменгі жалақы мен зейнет жасына енгізілетін реформаларды көпшілік жақсы қабылдады. – Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді.
Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Сондай-ақ әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің жаңаша дамуына жол ашып, әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға ықпал ететіні анық. Демек Жолдаудағы межелі міндеттерді орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Біздің ортақ жетістігіміз – әр азаматтың күш-жігеріне, жоғары азаматтық борышы мен жауапкершілігіне байланысты. Нақ қазір мақсатымыз айқын, межеміз белгілі. Сондықтан өңір тұрғындарын Жолдауда белгіленген міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға шақырамын.
.
Оңласын ЕСІРКЕПОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы облыстық билер кеңесінің төрағасы