Мақсатын жүзеге асырған Рахымбек
Мәдімар ауылының тұрғыны Рахымбек Кәрібаев еңбекке жастайынан араласты. Техника тілін ағасы Рысбектің қасында жүріп меңгерген болатын. Ол кезде Рахымбек мектептің 8-сыныбында оқитын. Сөйтіп, бала жастан трактор жүргізіп, комбайн рөліне отырып, егін орағына да араласыпты. Бүгінгі кәсіп иесінің техникаға деген қызығушылығы осылай басталған.
– Мектепті бітіргеннен кейін 5 жыл «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығында жүргізуші болып жұмыс істедім. Қызмет істеп жүргенде аңсарым ауылға ауды да тұрды. Бір жағы ауылда мал және егін шаруашылығымен айналысқым келген болатын. Бұл ұсынысымды үйдегілерге айтып көріп едім, ағам Рысбек бірден қолдады. Сөйтіп, 2005 жылы ауылда 5 гектар алқапқа арпа, 10 гектарға мақсары сеуіп, алғашқы жылдың өзінде жақсы өнім жинай алдық. Міне, осылайша басталған кәсібім уақыт өте ұлғайып келеді, – дейді ол.
2016 жылы құрылған «Рахымбек» шаруа қожалығы бүгінде мал және егін шаруашылығымен қатар айналысып келеді. Қожалықта 370 бас асыл тұқымды, 130 бас аралас қой өсірілуде. Мал қыс айларынан қысылмай шығу үшін қыстау басында 8000 тонна табиғи шөп, 5 тонна арпа-жемін дайындаған екен. Бүгінгі таңда шаруа мал төлдету науқанына кірісіп кеткен. Бұл шаруаны Жасұзақ Шатқалбаев сынды азамат қыстауда жүргізіп отыр. Оның мал бағуда мол тәжірибесі бар екен. Ол қасындағы жас малшыларға ақыл-кеңесін айтып, олардың жұмыстарын қадағалауда.
– Біз екі-үш жыл бұрын тоқтыларды бордақылап, Меркі ет комбинатына өткізетінбіз. Ал, қазір қойларымыздың басым бөлігі асыл тұқымды болғандықтан, басқа төлдерді де асылдандыруды ойластырып отырмыз. Жем-шөпті өзіміз дайындадық. Үш трактор, екі комбайн, екі дән сепкіштен бөлек, мал және егін саласына қажетті техникаларымыз бар, – дейді Р.Кәрібаев.
Қожалықтың еншісінде 2010 гектар жер бар. Оның 240 гектарын суармалы алқап құраса, 20 гектарына жоңышқа орналастырылған. 120 гектарға күздік бидай себілген. «Өткен жылы шаруа үшін жаман болған жоқ. Жоңышқалықтан өзімізге қажетті мал азық қорын жинақтай алдық. Ал 45 гектар арпа мен 300 гектар мақсарының әр гектарынан 10 центнерден өнім жинадық. Мақсарыдан алынған өнім облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіш болды. Оған жаңбырдың көп жаууы сеп болғанын айтсақ болады. Ал, егінге ағын су «Сеңкібай» каналынан келетін. Каналдың жөндеу жұмыстарының толық аяқталмауы салдарынан ағын су уақтылы берілмеді. Бұдан бөлек, ауыл маңайындағы 10 шағын көлдің де ыза суын пайдаланушы едік. Өкінішке қарай, аталған көлдер екі-үш жылдан бері табаны құрғап, суы тартылып қалды. Сол көлдерді бір толтырып алсақ, биыл өнім өткен жылғыдан да мол болар еді», – дейді Рахымбек.
Кәсіпкер соңғы жылдары ауылда механизаторлардың жетіспейтінін де айтып қалды. Бір-екі жыл бұрын техникаларын Өзбекстаннан келген жалдамалы жұмысшылар жүргізіпті. Биыл да сол азаматтарды амал жоқ жұмысқа шақырған.
Қожалықтың еңбегі аудан, облыс тарапынан уақтылы бағалануда. Атап айтсақ, өткен жылы мақсарыдан жинаған мол өнімі облыста жоғары бағаланған «Рақымбек» шаруа қожалығы егін саласы бойынша жылдың қорытындысында екінші орынды иеленіп, арнайы грамотамен және бағалы сыйлықтармен марапатталыпты.
Шаруа қожалық қойма мәселесін де өз бетінше шешіп отыр. Бұған дейін арпа-бидай дәнін өзгелердің қоймасында сақтап келген Рахымбек 1500 тонналық астық қоймасын салса, енді оның көлемін тағы 1000 тоннаға ұлғайтқан. Осылайша, ол қоймаларда өз астығы мен мақсарысын, тұқымын сақтап отырған жайы бар. Қожалық бүгінде 5 адамды тұрақты, ал науқан кездерінде 20 адамды маусымдық жұмыспен қамтиды.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист. Байзақ ауданы