Мақтааралда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 бағыты айқындалды
Биыл Мақтарал ауданында 95 мың гектарға жуық жерге ақ алтын дәні себіледі. Ол үшін ауданда 3 мың тонна тұқымдық шит дайындалып, техникалар сақадай сай тұр.
Ендігі мақсат — көктемнің әрбір сәтті күнін тиімді пайдаланып, мамырға дейін шаруалар мақта шитін толық егіп бітуі тиіс. Осы мақсатта Қазыбек би ауылдық округінде көтемгі егіс науқанына дайындықты пысықтау мақсатында семинар-кеңес жиыны өтті.
Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың бастамасымен өткен шараға 400-ге жуық шаруа қожалықтардың, мақта қабылдау зауыттарының, несиелік ұйымдардың, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Жиынды жүргізіп отырған аудан басшысы биылғы жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі 5 бағытын айқындап берді,-деп жазады Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
«Бірінші, ауданымыздағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қол жетімді несие қаржылармен қамтамамсыз ету. Екінші, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен машина-тракторлық станциялар жүйесін жетілдіру, ауданымызда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру. Үшінші, ауданымыздағы суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, су жүйелерінің су өткізгіштік қабілетін жақсарту іс-шараларын атқару. Оның ішінде даму банктерінің қаржылары мен жеке инвесторларды пайдаланып, ирригациялық жүйелерді қайта құра отырып, суармалы алқаптарды ағын сумен қамтамасыз ету көзделуде. Төртінші, ауданымызда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, модульді сүт қабылдау бекеттерін, мал бордақылау алаңдарын ашу жоспарланып отыр. Бесінші, алдағы жылдары ауданымыздан ауыл шаруашылығы тауарларын шаруалардан арзан бағада сатып алып, сақтау үшін қойма салу әрі ауыл шаруашылығы өнімдерін өзге аудандар мен облыстарға тасымалдау арқылы саудалау көзделуде. Міне, осы негізгі 5 бағытта жұмыс атқаратын боламыз!»,-деді Жамантай Қанайұлы.
Ол үшін ауданда ирригациялық жүйелерді қайта құра отырып, суармалы алқаптарды ағын сумен қамтамасыз ету, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту үшін коллектор-дренаж жүйелерін жөндеу және тік дренажды ұңғымаларды қалпына келтіру, сонымен қатар жаңа жер игеру жұмыстары жүргізу көзделуде.
Қазіргі таңда аудандағы тік дренаждардың жалпы саны 731 болса, соның 60-сы жекеменшікте. 1310 каналдың 133 данасы жекенің қолында. Сондықтан, алдағы уақытта осы су жүйелерінің бәрін мемлекет меншігіне өткізу жұмыстары атқарылады.
Бұдан бөлек, семинарда жылыжай, қарқынды бау, жеміс-жидек және жүзім дақылдарын егу жұмыстары жайы сөз болды. Жалпы ауданда тамшылатып суару әдісі кеңінен қолданылып, өнеркәсіптік жылыжайлар көлемін ұлғайту, жылыжай кластерін әрі қарай дамыту көзделіп отыр.
Айта кетейік, 2017 жылы мақтаралдық шаруалар мемлекет тарапынан 2 млрд 459 млн теңге субсидия алған. Оның 37 млн теңгесі жылыжайға, 94 млн теңгесі мал шаруашылығын асылдандыруға, 150 млн теңгесі мақта зиянкестеріне қарсы өңдеуге арналған биоагенттердің құнын арзандатуға бөлінген. Субсидияның ең көлемдісін тек таратып беруші мекемелер алып отыр. Сондықтан, алдағы уақытта ауданда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің санын арттыруға негізгі басымдық берілетін болады.
Бүгінде ауданда 107 кооператив бар. Оның ішінде 52 кооператив ағын су жеткізіп берумен айналысса, 45-і минералды тыңайтқыштар таратумен шектеледі. Осы түйткілдерді тілге тиек еткен аудан басшысы Ж.Бейсенбаев алдағы бір жылда өңірден ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі күшке айналатын кооперативтердің қатары артатынын атап өтті.