МАҚТАРАЛДА АССАМБЛЕЯ МҮШЕЛЕРІ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Мақтарал ауданының жастармен кездесті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков, аудандық прокуратураның аға прокуроры Мақсат Ералиев, аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдіғаппар Исаев және аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары мен этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының мүшелері, аудан жастары қатысты.

Еркін фарматта өткен жиында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау және түсіндіру, сонымен бірге оны жүзеге асыру, қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында сананы жаңғырту жайы кеңінен сөз болды.

«Тұрақтылық пен даму, татулық пен достық – бәрімізге ортақ қастерлі құндылықтар. Әрі, Тәуелсіздігіміздің басты тірегі. Елімізде жүргізілген дұрыс саясаттың арқасында бірлігі жарасқан, берекелі елде ғұмыр кешіп жатырмыз. Тыныштығы бұзылған елдерде не болып жатқанын өздеріңіз біліп отырсыздар. Ғасырлар бойы қол жеткізген жетістіктері әп-сәтте күл-талқан болып, қаншама адамдар опат болуда. Сондықтан, біртұтас халық болып, берекелі ғұмыр кешудің үлкен бақыт екенін ұмытпауымыз тиіс. Жастар осы жолды табанды түрде жалғастырып, көздің қарашығындай қорғауы керек», — деді жиында сөз сөйлеген облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.

Кездесу барысында «Тұрақтылық — тұғырымыз» тақырыбында дайындалған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, жастар жұмыспен қамту, білім, кәсіпкерлік, дін мәселелеріне қатысы өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдардын қойып, сала мамандарынан тұшымды жауаптар алды.

Б. Сабыржан