Мақтаралдық диқандар жиналған қауынның 70 пайызын экспорттаған
Оңтүістік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Мақтарал ауданында болып, бірқатар шаруа қожалықтар мен өндіріс ошақтарының жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, жылына үш рет егін егіп, еліміздің солтүстік аймақтарын бау-бақша өнімдерімен қамтып отырған еңбекқор шаруалармен кездесті.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндаған аудан әкімі Ғ.Исмаилов биылғы жылы 131,4 мың гектарға егін егілгенін атап өтті. Оның ішінде 94 мың гектарға мақта, 368,4 гектарына күнбағыс, 85 га картоп, 24 мың гектардан астам жерге бақша өнімдері, ал 2417,3 га көкөніс, 56 гектарға жүзім мен тағы басқа да өнімдер егілген. Мақтаралдық диқандар егілген 18,4 мың гектар қауыннан бүгінде 19 мың тоннадан астам бақша дақылын жинап, оның 70 пайызын шетелге экспорттаса, қалған 30 пайызын Қазақстан нарығына саудалаған.
Ең алдымен облыс басшысы ерте көктемнен егінін егіп, мол өнім жинап Қазақстан мен шетел нарығына шығарып жатқан Мақтарал ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер А.Боевтың бау-бақшасымен танысты. Мұндағы баудың 8 гектарына алма мен алхоры, 1 гектарына анар, 20 гектар жеріне жүзім отырғызылған.
Биыл «Хамро ата» шаруа қожалығы шағын 18 қожалықты біріктіріп, кооперация құрып отыр. Осының негізінде еңбек өнімділігін арттырып мол табыс табуды көздеп отырған шаруалар мемлекеттен бөлінетін әртүрлі жеңілдіктер мен субсидияға және лизинг арқылы жаңа техникаға қол жеткізіп отырғандарын айтады. Кооперативтің жалпы жер көлемі 339,4 гектар болса, оның 6 гектарына жылыжай, 274,4 гектар жеріне мақта, 15 гектарға қауын, 20 гектарға жоңышқа, 10 гектар жерге жүгері, 8 гектарға жеміс-жидек, 1 гектарға анар, 20 гектарға жүзім егілген. Бұдан бөлек, «Хамро ата» фермерлік қожалығында мал бордақылау алаңы да бар. Ондағы 220 бас ірі қара малдың жартысы бордақылануда.
Шаруа қожалықтың жұмысымен танысқан аймақ басшысы, мұндағы атқарылып жатқан жұмысқа оң баға беріп, өзгелерге өнеге болуы үшін аталған қожалықта семинар өткізуді сала басшыларына тапсырды.
Мұнан бөлек, әкім Ж.Ералиев ауылдық округіндегі апатты жағдайда тұрған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы канал және оның үстінен өтетін көпірдің мәселесімен танысты. Сонымен қатар, аталған ауылдық округтегі «Нұралы жол» шаруа қожалығының мақта мен бақша егіс алқабын аралап көрді. Өңір халқын жеміс-жидек, көкөністермен және бақша өнімдерімен қамту мақсатында барынша жұмыс істеу қажеттігін айтқан облыс әкімі шаруаларға берілетін мемлекеттік көмек пен қолдауды дер кезінде көрсетуді және субсидия алуда құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын үйлестіруді аудан әкімдігіне міндеттеді.
1997 жылы құрылған қожалықтың жалпы жер көлемі 497 гектарға жетсе, оның ішінде 210 гектары мақта, 213 гектары бақша. Ал, 50 гектар жеріне жоңышқа, 27 гектарға дәндік жүгері отырғызған.
Сапары барысында Ж.Түймебаев аялдаған келесі нысан «Хаят Р.У.Ж.» ЖШС-нің аяқ киім фабрикасы болды. Түркиядан алып келген жаңа жабдығын 2 ай бұрын ғана іске қосқан фабрика, өнімін 2 есе арттырып, жылына 1 млн. жұп жаздық және қыстық аяқ киімдер шығаруда. Өндіріс орны импорт орнын басып Қазақстан нарығын қамтып жатыр. Жобаның жалпы құны 675 миллион теңгені құраса, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 100 миллион теңе несие алған.
Сонымен қатар, әкім күні кеше іске қосылған «Нұрай» спорттық сауықтыру кешенін аралап көрді. Неміс технологиясы негізінде суды жылыту және тазалау жүйесімен қамтылған 25х10 метрлік бассейні бар кешен бір мезетте 100 адамды қамти алады. Сондай-ақ, фитнес залы, түрік хамамы және фин саунасы, спорттық тағамдар асханасы, теннис пен бильярд залы, караоке, 3 жұлдызды қонақ үйі бар.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі