МАҚТАУЛЫ МЕХАНИЗАТОР

Айтмахан Пернебаев 1961 жылдың қазан айында дүниеге келген. Ол жастайынан шаруаға араласып, әкесінің қолқанаты болып өсті. Орта мектепті бітіргеннен кейін өзінің алғашқы еңбек жолын ауылындағы Головановка совхозында жылқышы болып бастады. Көп ұзамай-ақ өз кәсібін терең үйреніп алған Айтмахан шаруашылықтағы мал басын аман сақтай отырып, одан төл алуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрді. Өзі жылқышы болған 5 жылда-ақ совхоз ғана емес аудан көлеміне аты танылып, озат жылқышылар қатарынан көрінді.
1983 жылы Айтмахан Тәжібайұлы өзі тұратын бүгінгі Қостөбе ауылында жылқышы құрығын трактор руліне ауыстырды. Ол озат малшы ғана емес, техника тізгіндеуде де мол хабары барын көрсете білді. Жас механизаторға бірден кім жаңа тракторды бере қойсын. Бұғанда алғашқыда совхоздың ескі, жүрмей тұрған тракторы табысталған болатын. Айтмахан бұл тракторды санаулы күндерде-ақ жөндеп, қатарға қосты. Сөйтіп, жыл бойы айналып келіп жататын шаруашылықтың науқандық жұмыстарына кірісіп кетеді. Қысқы мал қыстату, көктемгі мал төлдету, егін егу, жаздағы жемшөп дайындау, күзгі жиын-терін, қысқа дайындық міне мұның барлығы техниканың араласуынсыз бітпейтіні белгілі. Осылардың қайсыбірінде болмасын Айтмахан өз тракторымен үнемі алдыңғы саптан көрініп жүрді. Ол қай жұмыста болмасын аянбай еңбек етіп, атқарған ісінің көзін таба білетін еңбекқор азамат екенін көрсете білді. Жауапкершілік жүгін жете сезінетін, жауапты маман өзі еңбек озаты болуымен қатар ауылдағы бірнеше жастарға техниканың тілін үйретіп, шәкірт даярлады. Сөйтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің қомақты үлесін қосқан жастың көп жылғы жемісті еңбегі совхоз, аудан басшылары тарапынан бірнеше рет әртүрлі деңгейдегі мадақтамаларға қол жеткізді.
2019 жылы Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жобаға ауданымыздағы Қостөбе ауылдық округі алғашқылардың бірі болып енді. Округтегі мал, егін шаруашылығы, үй іргесіндегі жерлерді игеру үшін техникалардың көмегі ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Міне сондықтанда округте алдымен «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Кооперативке малшылармен бірге тәжірибелі механизаторлар іздестірілгенде алдымен қостөбелік Айтмахан Пернебаевтың есімі аталған. Айтмаханның бұл кезде шаруашылықтағы 17 жыл механизатор болғаны, одан кейінгі 19 жылда да өз тракторымен жеке шаруашылығын жүргізгені ескерілген болар.
Тұрғындардың тұрмысын арттыру-бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Мұны жете сезінген округ тұрғындары аталған жоба аясында бар болғаны 3 жылда-ақ өз жағдайларын анағұрлым жақсартып алды. Округтегі мал басы өсіп, одан алынатын мал өнімдері артты. Егін саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жетіп отыр. Міне бұған біз сөз етіп отырған, алдыңғы қатарлы механизатор Айтмахан Тәжібайұлының да қосып отырған үлесі мол.
Қостөбе ауылында тұратын мақтаулы механизатор Айтмахан Пернебаев-еңбек озаты болуымен қатар отбасында 4 ұл-қыздарынан бірнеше немере сүйіп отырған бақытты жан.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Қостөбе ауылы.