МАҚТЫМҚҰЛЫ ПЫРАҒЫНЫҢ САЗЫМЕН…

..ХАН ИЕМ!?..
(Қайда алып келдің!?…)
Үміт еттік, балдай еді ақ арман,
Азаттық кеп, заман бірде жаңарған.
Күндер өтті,түндер өтті қабарған,
Сендік сосын, сөз айтар деп адалдан.
Адалддықтан халық едік нәр алған,
Жетпейді деп түсінгенбіз саған ЖАН!..
Бізді қайда алып келдің,ХАН ИЕМ!?..
Сертің қайда, антың қайда тандың ба?!..
Қу тірліктің құрсауында қалдың ба!?..
Ұлтың үшін өртендің бе, жандың ба!?
Ғазиз басты құрбандыққа шалдың ба?!
Ұлт жылады- жасқа кірпік малдың ба!?
Жүрегіне қайғы хаттап салдың ба!?..
Бізді қайда алып келдің,ХАН ИЕМ!?..
Ел көтеріп гүлдендіме еңсесін,
Еркін жүріп баспады ма жер төсін!?
Елдің таңдап еріттің бе Серкесін!?
Серкесімен сертке берік еркесін!?
Кеттің бе сол, басқалардың қолында!?
Кеткен болсаң,-олда Менің сорым да!..
Бізді қайда алып келдің, ХАН ИЕМ!?..
Көп жылаған халық едік қасталы,
Көз жасының таусылмайтын дастаны.
Оған куә қара жермен,аспаны,-
Кім бақытқа жеткізеді қасқаны!?..
Кімнен үлгі алып өспек жастары,
Сенген ұлдар –сергелдеңге тастады!..
Бізді қайда алып келдің,ХАН ИЕМ!?..
Енді кімге үміт артып ерерміз,
Елдің еркін қайтіп сеніп берерміз!?..
Алда-жылау,артта құлау терең құз.
Қалай ғана қателестік, неден БіЗ!?..
Жапырақты күзеп жатыр шебер күз,-
Күзге қарап, Сізге қарап не дерміз!..
Бізді қайда алып келдің, ХАН ИЕМ!?..
Обалымды ,көз жасымды көтергін,-
Ер тақпайды Ер жігітке бекер мін!..
Өкінумен, өксуменен кетермін.
Қадіріне қайран ұлттың жетер кім?!..
Шаштан жұлып, бастан ұрып есер күн,-
Кеттік білем, шылауында Шет-Елдің!?..
Бізді қайда алып келдің,ХАН ИЕМ!?..
Дін бүлінді, діл бүгілді, жол-ұстын,-
Қалғып жүріп,көп адастым тоғыстым.
Отқа салды ойранындай соғыстың,-
Кетті менен бар билігі қоныстың.
Заман сенің келбетіңнен қорықтым,-
Қорықтым да жер бетінен торықтым.
Бізді қайда алып келдің,ХАН ИЕМ!?..
«Серттесу» кіт.  2011 ж.

МАҚТЫМҚҰЛЫ
Жау болып та көрген елміз кешегі,
Қылыш сайлап қыннан жиі суырып.
Дос болып та көрген елміз деседі,
Бір қазанға арпа-бидай қуырып.
Қалмақ шауып қансырадым, бүліндім,
Қызылбастың батты саған қорлығы.
Ауған астым, жауға қаштым түңілдім,
Орыс келіп батқан сәтте зорлығы.
Өтті солай қайғы тастап сан ғасыр,
Құмға сіңді,жырға тұнды көз жасың.
Тағдыр – ортақ, біз жасырар бар ма сыр?
Ұлы жырдан ұшқын алдым өз басым.
Мақтымқұлы, саған айтар не мін бар?
Түрікпенді сүйіп өттің шерлендің!
Атаң — Бура,жүк көтерер тегің – Нар,
Адал сөздің ақ батасын берген кім?
Азадидың күн дидарын аңсадың,
Аз халықтың жыр сусарын қандырдың.
Жүріп өттің, сен де, жолын баршаның,
Өміріңді өлең қылып қалдырдың!
Сең-сең бөрік құм шағылдар, төбелер,-
Сені іздеп көктен көзін алмайды,
Ұйқысынан атыңды айтып өрер ел,
Есіміңді еске алудан талмайды.
Меңлі қызға құрбан болған мұңдығым,
Сергелдеңін, сен білесің ,азабын!
Ақ періштең асырды ма жыр құнын,
Көз жасыңды көрген жоқ па, Азадың?!
Ауған астың, Иран астың, Үндіге,
Өз-өзіңе сыймай кеттің дүлдүлім!
Қадіріңді білер-білмес, жүр, міне,
Қара тобыр ойлап жалғыз күндігін!
Ахал-теке — ат төресі, қаз мойын,
Қазығынан айырмасаң өлді де.
Бостандыққа менің құмар наз-бойым,
Қайран, ақын, көрге денең көнді ме?
Сен жырлаған, анау өлке, аймағың,-
Әр жусаннан бір-бір үміт бүрлеген.
Мақтымқұлы жыр еді ғой байрағың,
Қас шебердей қалы кілем түрлеген.
Дұға қылдым, тисін саған сауабы,
Жырларыңнан жаным нұрға бөленді.
Түскі ғұмыр енді кешке ауады,
…Бізден кейін кім жоқтайды өленді?!
(Мақтымқұлы, қош,аман бол,сен енді!..)
«Серттесу» кіт. 2011 ж.

ЕР ГӨКЛЕН
(Ер Гөкленді аңсадың)
Мақтымқұлы гөклен қайда, гөкленің?!
Қайғы айтқаның қапаланып неткенің.
Мен өзімде өкпелімін заманға,
Осы болды жеткенім.
Мақтымқұлы ер гөкленді аңсадың,
Шерттің шерді, шемен ойды тамсадың.
Тағдырыңды Түрікменіңнен бөлмедің,
Көңіліңде кетті сенің қанша мұң?!
Мақтымқұлы гөклен қайда, гөкленің!?
Онсыз сенің келмей қойды көктемің.
Менде жүрмін сайғақ санап моладан,
Ерен қылыш, ерлерімді көкседім.
Гөклен қайда таптыңыз ба бабасы,
Көңіліңнің басылды ма сабасы.
Мен де жүрмін ұран күтіп, ұл күтіп,
Ұлттың солай таусылды ма шарасы.
Мақтымқұлы гөкленіңді жырладың,
Мен де жырды үмітпенен сырладым.
Сыншыл ақын, міншіл ақын жөнелер,
Сен аман бол, туған елім, қырларым.
Тынышпын мен, тұнжыраған көлдеймін,
Күн туысым, көкке қарай өрлеймін.
Қазақпын Мен сексеуілмен тамырлас,
Өртесең де, шапсаңдағы өлмеймін.
Мақтымқұлы жан күйіңді сезіндім,
Келмес енді кемел күннен шегінгім.
Мен көтермей кім көтерер көк туын,
Қазақ деген қасиетті Елімнің!..
Мақтымқұлы сенің үнің шамшырақ,
Таңдайыңнан сүйген болар таң шылап.
Топан суға тоғытып ап жырымды,
Өзімді-өзім өрге жүздім қамшылап.
Мақтымқұлы маған жақын қайғыңыз,
Сары дала, кəрі мола, айлы күз.
Бұлт боп көшіп бара жатсың төбемнен,
Шың басына дастарханын жайды құз.
«Ұл сүйінсін, ұлтын ойлап зар болсын,
Жүрегінде Тəңір аты бар болсын»
Екі халық қазақ-түрікмен ер туған,
Ер халыққа енді құдай жар болсын!
Деп тіледің, мен де соған тілекші,
Дау тұқымын, жау тұқылын кім екті!?
Ер туған ел екі халық дос-тамыр
Бірге түріп шыға келсін білекті.

Мақтымқұлы – Әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, Түрікмен халқының ұлы перзенті.

Сабыр Адай «Алтынзер» кітабі 2016 ж.