Мал — баққанға бітеді
Қаратау қаласы мен Ақкөл ауылының аралығындағы асфальт жолдың бойындағы үйір-үйір жылқыны осы жолмен ары-бері өткен сайын көреміз. Бұл маңай Тамды ауылдық округіне қарайды. Осыны округ әкімі Рауан Асқаровқа айтқанымызда «Е, ол «Жайылма» шаруа қожалығының басшысы Ербол Бименовтың малы ғой. Әкесі Сарыбек кезінде кеңшардың озат жылқышысы болған. Сол кеңес заманының өзінде бақуатты тұрған деседі, ауылдықтар.
Еркін еңбекке жарқын жол ашылып жатқан тұста ауданда алғашқылардың бірі болып, осы жеке шаруашылық құрылымын ұйымдастырады. Кейіннен ол кісі өмірден өткен соң, шаруашылығына ұлы Ербол ие болып қалды. Егер барып тіршілігімен танысамыз десеңіз, алып- барып қайтайын», – деді ауыл әкімі.
Біз барғанда жылқы малына су шашып, күннің аптап ыстығы ішіне түсіп кетпесін деп, малға жанашырлық танытып жатқанынан-ақ азаматтың малсақ екенін аңғардық. 150 жылқы, 15 түйе, 500 уақ малды бағып отырған Ерболдың шаруасына кісі қызығады. Жүзін күн қаққан жігіт нағыз еңбектің адамы болып шықты. Мектеп оқушысы кезінен үш ай демалыста әкесінің бір жағында жүріп, қолғабысын тигізіпті. Атқа тым жасынан мініп, бәйгеге шауып, көкпар тартқан. Жылқыға деген құмарлық, қызығушылық бойына сол кезде қонған шығар. Шаруашылықта уақ малды қарайтын, қойшы Рыскелді Шөкебаев қана. Ал жылқыға бір өзі ие. 15 түйе де өз бетінше жайылуда. Қолда ағарған үшін тағы сауып отырған төрт сиыр бар.
– 2014 жылы әкем қайтыс болған соң, осы шаруашылыққа ие болып қалдым. Жалпы жылқы бағу ата-бабадан келе жатыр. Сол ата кәсіп үзілмесін деген ниетпен әке жолын жалғастырып жатқан жайым бар. «Мал – баққанға бітеді», сондықтан да таңның атысы, күннің батысы тынымсыз еңбек етеміз. Күні бойы көз алдыңда жүрген соң, жылқының қайсысының мінезі қандай екенін де жаттап алғанмын. Жылқы киелі мал ғой, аптап ыстықта үстіне әлгіндей салқын су шашып, мына жабық жайда тұрған асыл тұқымды жылқының алдына жем қойсаң, адам сияқты мейірлене қарайтыны бар.
Бүгінде мемлекет тарапынан мал шаруашылығына жасалып жатқан қолдау-көмектің арқасында ешнәрсеге мұқтаж емеспіз. 400 қойға бір рет жемшөбі үшін қайтарымсыз 950 мың теңге берді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан 16 пайыз үстемемен 54 бас жылқы алуға 21 миллион теңге несие алдым. Оның 10 пайызын Үкімет, 6 пайызын өзім төлеймін. Осының 10 пайызын ақыры Үкімет төлейтін болған соң, бізге 6 пайызбен-ақ берсе. Үкімет шаруалар қашан құяды деп күтіп отырады, – дейді шаруа.
Ербол қазір 20 бие байлап отыр. Қымызды негізінен той-томалақ пен асқа алатын көрінеді. Күніне бір-ақ рет сауылатын болғандықтан, қымыз сонша ағыл-тегіл емес, балалары ішеді. 100 гектар шабындығы бар. Шөп ору науқаны кезінде біршама жігітті жалдайды. Ауыл шаруашылығы техникаларының рөліне өзі отыра беретін көрінеді.
Негізінен құмды өңірді мекендейтін түйені жерсіндірген шаруаның еңбегіне таңғаласың. Түлік төресін Сарысу және Байзақ аудандарындағы жеке азаматтардан сатып алыпты. Алғашқы кезде жерсіндіру әжептеуір қиынға соқса керек. Дегенмен малдың жайын жақсы білетін шаруа түйенің де «тілін» тауыпты. Сирақты мал шаруашылық базасы маңынан ұзап шықпайтын көрінеді.
Ербол бес ағайынды, өзі үйдің кенжесі. Бауырларының өздерінің кәсіптері бар. Әкелерінің өз қолымен соққан базасындағы қара шаңыраққа жиі- жиі келіп тұрады. Гауһар келін екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Балалардың үлкені Бибарыс Астанада С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінде 4-курста грантта оқыса, Аружан да Астана медицина университетінің 3-курсын бітірді. Кейінгі балалар мектепте.
Төрт түлік мал өсіріп, шаруасын шалқытып отырған Ербол ешнәрсеге мұқтаж емес. Не ішемін, не киемін демейді. Студент ұл-қызға Астанадан үй алып берген. Аудан орталығы – Қаратау қаласында үй-жайы бар. Ағайын арасында да, ел-жұртқа да сыйлы азамат. Мұндай абырой да, бедел де адал еңбектің арқасы.
Амангелді ӘБІЛ Талас ауданы.